Тарих • 30 Қыркүйек, 2021

Алғаш өткен баспасөз мәслихаты

756 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

...Алатаудың етегінен қар тез көшіп, Алматыда көктем де ерте шыққан 1992 жыл еді. «Арал-Азия-Қазақстан» Халықаралық қоғамының төрағасы, ақын Мұхтар Шаханов бір күні өзі басқарып отырған «Жалын» журналының редак­циясына алматылық тілшілерді шұғыл шақырсын...

Алғаш өткен баспасөз мәслихаты

Халық үшін әрдайым айтары бар айбарлы ақынның тектен-тек дабыл қақ­пағанын ұғынып, межелі жерге құс­тай ұштық... Ол кезде бүгінгідей алдын ала хабар тарата қоятын бас­пасөз хатшысы немесе мекемелерде бұқарамен байланыс жасайтын PR бөлімдері жоқ. «Баспасөз мәслихаты» деген атаудың өзі таңсық.

Өте көңілді екенінің өзі түр-кел­бе­тінен оп-оңай байқала қоймайтын ақын ағамыз тілшілер үшін шын мәнінде тосынсый жасайды деп кім ойлаған?!

– «Лениншіл жас», Қазақ радиосы, «Қазақ әдбиеті», «Жетісу»... «Ха­лық ке­ңесі», «Алматы ақшамы»... деп әр­қай­сымыздың айтқанымызды қайталай, қолымызды қысып амандасқан Мұхтар Шаханов «Редакторларыңа жеке өзім телефон шалып, сендерді шұғыл ша­қыр­туымның себебі, санаулы минуттардан соң осында қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров келеді», – деп сыр ашты.

Төбеміз көкке жеткендей қуандық. Өйт­кені ол кезде ғарыштан оралған Тоқ­тар Әубәкіровпен жүздесу әрбір тіл­ші­нің арманы болатын, амал қанша, Ке­ңес Одағының ең соңғы №72 ға­рыш­кері, Кеңес Одағының Батыры, КСРО-ның еңбек сіңірген сынақшы-ұш­­қышы алыс та ауыр сапардан кейінгі өте­тін оңалту ем-домына сәйкес Мәс­кеу­­­де жүрген. Бір сөзбен айтқанда, күл­­­­лі өмірі онсыз да «құпиялықтан» құ­­рал­­­ған Батырдың жолы Алматыға қа­­­шан түсетіні туралы ақпарат жоқтың қасы-тын...

Ақын бәрімізге «Қош келдіңдер-ді...» айтып үлгергенше, ішкі есікті айқара ашып, Батырдың өзі де кіріп келді. Бүгінгі пікірлер мен талаптар өлшемімен безбендесек, бұл шын мәнінде «Жалын» альманағында тұңғыш ғарышкермен өткен Қазақстандағы тұңғыш баспасөз мәслихаты дер едім. Кинодағылардай көзіміз үйрене бастаған кәдімгі нағыз «Голливудтың жұлдызындай» жайдары Әубәкіров тілшілердің әр сауалына асықпай, талмай әрі қазақ тілінде тамаша жауап берді-ай. Мектепті орыс­ша бітіргеннен күллі оқу-қызметі туған жерден тыс өткен жас жігіттің қо­йылған сұрақтарға ана тілінде ойланып, асықпай, ұғынықты сөйлеп, жауап беруі баршамызды таңғалдырды.

Содан... Аралдан ұшқан тұз боран­ның төңіректі тұмшалап қана қоймай, Памир тауының ұшар басына қарай жөң­­кіліп жатқаны, Екібастұз ГРЭС-інің тү­тіні шудаланып түу Новосібір ас­қа­ны... Жер­дің ғарыштан домалақ «тірі» ор­­ганизм секілді «тыныстауы», суы­ның қай жылы таусылғаны бей­мәлім Әмударияның географияда көр­сетіл­ген­дей Аралға келіп құймайтыны... Кас­­пий мен Арал теңіздерінің жерасты бай­ланысы туралы ғалымдар бол­жамы... ғарыш кеңістігіне енгенде және шық­қанда адам денесінің қан­дай күй кеше­тіні сияқты... басқа да қы­зық­ты әңгі­мелер шектеусіз шертілді. Ға­рышкер қан­дай сауал қойылса да, тосылмай жауап берді.

Қазақстан Республикасы Жастар істері жөніндегі комитеттің төрағасы Иман­ғали Тасмағамбетовтің: «Жігіттер, Тоқтар Оңғарбайұлымен маңызды мекемеде өтетін маңызды кездесуге бара жатырмыз», деген ишарасынан кейін ғана тұңғыш қазақ ғарышкермен Шаханов офисіндегі өткен журналистердің маз­мұнды мәслихаты мәресіне жетті.

Түрегеп тұрып, тізерлеп отырып, жүрелей жүгіріп, байыз таппай, әрбір қас-қағым сәтті таспаға мүлт жібермей түсірген атақты фотожурналист Нұр­манбет Қизатұлы ағамыздың бұл суре­тінің осындай бір тарихы бар!

Содан бері де отыз жылға таяу уақыт зырғып өтіпті...