Қазақстан • 01 Қазан, 2021

Сингапур елімізде жаңа қала салуға қатысады

295 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Астана» халықаралық қаржы орталығында Премьер-Министр Асқар Мамин Алматы облысындағы G4 City – жаңа қаласын дамытудың жаңартылған шеберлік-жоспарымен танысты, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

Сингапур елімізде жаңа қала салуға қатысады

Мегаполис Алматы – Қапшағай трассасының бойында орналасатын болады және төрт ауданнан тұрады: Gate District – іскерлік және қаржы орталығы, Golden District – білім беру және медициналық хаб, Growing District – өнеркәсіптік және логистикалық хаб, Green District – туризм және ойын-сауық.
G4 City-ге арнайы экономикалық аймақ мәртебесі беріледі. Халықара­лық әуежай салып, Сингапурмен тіке­лей әуе қатынасын ашу жоспарда бар.
G4 City Орталық Азияның жаңа эко­но­микалық хабына айналып, Қазақ­стан экономикасына түсетін шетел­­дік инвестициялардың одан әрі өсуі­не елеулі серпін береді деп күті­луде. 2050 жылға қарай мегаполис аума­­ғын­да 2,2 млн адам тұрып, 1 млн-нан астам жұмыс орны қамтамасыз етіледі.
Қазіргі уақытта Gate District-те магистралдық инженерлік желілер жүргізілген, «Қоянқұс» тұрғын ауданы салынып жатыр. 3,5 жыл ішінде кемінде 300 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр.
G4 City-ді дамытумен сингапур­лық «Surbana Jurong Group» мем­лекеттік компаниясы айналысады. Бұл – қалалар мен инфрақұрылымды дамы­ту мәселелері бойынша Азия­дағы ең ірі корпорациялардың бірі. Ол Сингапурдың Temasek Holdings тәуелсіз қорына тиесілі, оның 16 мың қызметкері бар, әлемнің 40 елінде қызмет көрсетеді. Компания Сингапурда 1 млн-нан астам үйді дамытумен айналысты, 30 ел үшін бас жоспар әзірледі, 100-ден астам индустриялық парктерді жобалады.
Таныстырылым қорытындысы бойынша қазақстандық «Caspian Group» АҚ компаниясы мен «Surbana Jurong Group» арасында G4 City жобасын іске асыруда ынты­мақтас­тықты одан әрі жалғастыру туралы келісімге қол қойылды.