Қазақстан • 01 Қазан, 2021

«Атамекен» экспедициясы Жамбыл облысында жалғасуда

539 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай республикалық «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттерінің бастамасымен өңірлерде «Атамекен» ақпараттық-танымдық экспедициясы бастау алған болатын.

«Атамекен» экспедициясы Жамбыл облысында жалғасуда

Аталған экспедиция қазір Жамбыл облысында жалғасуда. Бүгін, Жамбыл сапарының алғашқы күні экспедиция мүшелері Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылында орналасқан Айша бибі кесенесі мен Бабаджа хатун кесенесіне барды.

Жалпы, Айша бибі аңызы, Қарахан екеуінің мәңгілік махаббаты жөнінде жұртшылық жақсы біледі. Бұл ретте Айша бибі кесенесі еліміздегі теңдессіз сәулет өнерінің көрінісі, ортағасырлық мәдениеттің айғағы, ұлтымыздың ұлылығын бейнелейтін тарихи негізі ретінде белгілі.

кес

Экспедиция мүшелерін Жамбыл аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Бауыржан Төлендиев пен аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Асқар Сырлыбаев қарсы алып, жергілікті тарихи орындарға байланысты мағлұматтарымен бөлісті. Ал, облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының» қызметкері Ақжан Орозбакова Айша бибі тарихы жөнінде әңгімеледі. Облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт «Атамекен» экспедициясының маңыздылығына тоқталды.

Жалпы, екі күндік экспедиция барысында өңірдің бірқатар аудандарымен қатар, Тараз қаласындағы тарихи-мәдени орындарды аралап шығу жоспарланған. Ел газеті өңірлердегі тарихи орындарды аралау арқылы еліміздегі киелі құндылықтарды елге танытып, насихаттауды мақсат етуде.

Экспедиция мүшелері Жуалы ауданын да аралады. Делегацияны Жуалы ауданы әкімінің аппарат басшысы Серік Қойбақов, «Нұр Отан» партиясы Жуалы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Марат Нарымбеков, аудандық ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айгүл Жарқымбаева, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы Фариза Оразымбетова күтіп алып, аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылында орналасқан батырдың мемориалды музейіне алып барды.

б

Аталған музей 1995 жылы құрылған. Музей меңгерушісі Сағадат Шілдебайұлының айтуынша, мұнда 2382 экспонат бар. Сондай-ақ, даңқты батырға қатысты жәдігерлер де жетерлік. Мәселен, Бауыржан Момышұлының өзі пайдаланған фотоаппараты, майдан даласында киген шинелі, қалам салғышы, папкасы, жазу мәшіңкесі сияқты көптеген құнды заттар бар мұнда. Сонымен қатар, ақын Әбділда Тәжібаевтің Египеттен әкеліп, сыйға тартқан күлсалғышы, шай ішкен ыдыстары да баға жетпес жәдігерлердің қатарында. Ал, жазушы Шерхан Мұртазаның 60 жылдығына орай Жуалы өңіріне келген композитор Нұрғиса Тілендиев батыр Бауыржан музейіне арнайы барып, өзінің шығармалары топтастырылған күйтабақтарды сыйға тартқан екен. Бұл жәдігерлер де музейдің құндылығын арттырып тұр деуге болады. Бауыржан Момышұлының өзі Германия мемлекетінен алып келген жазу мәшіңкесі, Чехия мемлекетінен алып келген шаңсорғышы және Франция жерінен алып келген аспалы шамы да осында тұр.

б

а

Бұдан кейін экспедиция мүшелері Талапты ауылындағы Шерхан Мұртаза тұрған үйге барды. Бұл үйді 2000 жылдары жазушының 70 жылдығына орай, сол кездегі аудан әкімі Ермек Үсенбаев салып берген. Жазушы жазғы демалысын ауылындағы осы үйде өткізетін болған. Қаламгердің «Ай мен Айша» романының соңғы тараулары мен «Бір кем дүние» шығармасы түгелдей осы үйде жазылған.

Жазушының немере інісі Әлижан Мұртаза экспедиция мүшелерін жазушы тұрған үйдегі құнды мұраларымен таныстырды. Шерхан ағамыздың жинаған кітаптары, тұтынған заттары, әр жылдары алған марапаттары да сақталған екен. Ал, Ш.Мұртаза атындағы облыстық «Руханият және тарихтану» орталығының директоры Сауран Қалиев бұл жер болашақта музейге айналатынын, сол мақсатта жұмыстар атқарылып жатқанын айтты.

Экспедиция барысында Бауыржан Момышұлының туған жеріне бару да бұйырды. Кезінде Орақ-Балға аталатын ауылдың жұртында Момыш бұлағы бар. Батырдың әкесі Момыш бабамыз осы жерді мекен етіпті. Бұл жер бүгінде Көлбастау ауылдық округінің құрамына кіреді. Момыш бұлағының басына белгі орнатылған. Ескерткіш тақта қойылған.

ю

к

«Атамекен» экспедициясының бұл сапары Жуалы ауданындағы ортағасырлық «Баркуаб» қалашығын көрумен тәмамдалды. Мұнда келушілерге археолог Ескендір Төребеков көне қалашық туралы мәліметтер берді. Бүгінде бұл жерде қазба жұмыстары жүргізілуде.