Қоғам • 12 Қараша, 2021

Ресейден әкелінген көліктерді кімдер мемлекеттік тіркеусіз жүргізе алады

235 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің саудалық емес айналымдар басқармасының бас сарапшысы Нұрлан Намысов Ресейден әкелінген көліктерді пайдалану жөніндегі кедендік талаптар туралы мәлімет берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ресейден әкелінген көліктерді кімдер мемлекеттік тіркеусіз жүргізе алады

«Еуразиялық экономикалық кодекстің 264-бабының 1-тармағы бойынша, шетелден жеке пайдалану үшін әкленген көлік құралдарын Еуразиялық экономикалық одақ аумағында бір жыл көлемінде ғана жүруге рұқсат берілген. Мысалы, шетел азаматтары біздің елге өз көлігімен жұмыс бабы бойынша немесе басқа себептермен келсе, осы бапқа сүйеніп, Қазақстан аумағында бір жыл жүре алады. Осы баптың 6-тармағы бойныша шетел азаматтары бұл көлікпен өздері ғана жүре алады. Яғни, декларанттың өзіне ғана жүруге рұқсат берілген. Қазақстан азамттарына сенімхатпен немесе басқа жолмен беруге болмайды», деді ол бейнеконференция форматында өткен онлайн брифингте.

Комитет сарапшысының түсіндіруі бойынша, қазақстандықтар мұндай көліктерді пайдалану үшін бүкіл кедендік алым-cалықтарды төлеп, мемлекеттік тіркеуге қойғаннан кейін ғана тізгіндей алады.

«Мұндай көлік құралдарын Қазақстан азаматтары сатып алған жағдайда көлікке қатысты кедендік баждар мен салықтардың бәрін төлеп, тиісті декларациясын тапсырып қана мемлекеттік тіркеуге қоя алады», деді Нұрлан Намысов.