Әлем • 18 Қараша, 2021

Түркияда үй сатып алушы шетелдіктер саны артты

409 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Пандемия туризм негізгі табыс көзінің бірі болған елдерге кері әсер етті десек те, статистикалық деректерге назар салсақ, Түркияға бағытталған инвестиция көлемінің артқаны байқалады. Мұндағы инвестиция нысаны – тұрғын үй. Биыл елде шетелдіктерге 50 мың үй сатылып, рекорд жаңарады деген болжам да бар.

Түркияда үй сатып алушы шетелдіктер саны артты

Түркия статистика басқармасы 2021 жылғы алғашқы 6 айда шетелдіктердің тұрғын үй сатып алу көрсеткіші былтырғы дәл осы кезеңмен салыстырғанда 44 пайызға артқанын хабарлады. Бірінші жартыжылдықта 20 488 үй шетелдіктің мүлкіне айналған. Ал биыл маусымда рекорд жаңарды. Былтырмен салыстырғанда осы жылы тұрғын үй саудасы тіпті 185 пайызға көтерілген. Түркиядан мүлік сатып алушылардың көбі – Ирак, Иран, Ресей азаматтары. Түркия Статистика басқармасының мәліметіне сүйенсек, Қазақстан бұл тізімде жетінші орында. Шетелдіктердің баспаналы болуы артқанымен, 2021 жылы түрік азаматтарының тұрғын үй сатып алуы 11,5 пайызға төмендепті.

2021 жылғы бір ғана қыркүйек айында қазақстандықтар 210 баспанаға ие болған. Бұл көрсеткіш ай сайын өсіп отырады. 2021 жылы 9 айда 1 339 келісімшарт жасалған. Ал 2020 жылғы сәйкес кезеңде 664 үй қа­зақ­­стан­дықтарға сатылыпты. Яғни биыл­ғы көрсеткіш 2 есе көп.

Шетелдіктер үйді көбіне Ыстанбұл, Анталья мен Анкарадан таңдайды екен. Биылғы алғашқы 9 айда Ыстанбұл қаласында 83 815 үй сатылып, шетелдіктердің таңдауы көп түскен қалаға айналды. Ыстанбұлда сатылған үй мемлекет бойынша сатылған тұрғын үйдің 38 пайызын құрап тұр. Статистикалық деректерге сүйенсек, ше­тел­діктердің көбінің таңдауы 2015 жылға дейін Антальяға түскен. Заң қабылданған 8 жылда Антальяда 51 845 үй сатып алынған. Бұл жалпы сатылған үйдің 23,5 пайызы. Одан басқа Бурсада 11 895, Яловада 9 354, Сакарья қаласында 6 352 үй шетелдіктерге өткен.

Tranio халықаралық жылжымайтын мүлік брокері көпшіліктің Түркияда үйлі болуға қызығушылық танытуы азаматтық немесе уақытша тұруға рұқсат алумен байланысты екенін айтады. «Түркияда қандай сомаға болсын жылжымайтын мүлік сатып алсаңыз, үкімет уақытша тұруға рұқсат береді. Қазақстандықтардың жаппай қызығушылығының тағы бір себебі – арзан баға. Мұнда шамамен 40-50 мың долларға бір бөлмелі пәтер сатып алуға болады», дейді мамандар. Еуропа елдерінде мұндай үй екі есе қымбат. Өйткені кейінгі айлардағы түрік лирасының тұрақсыздығы бағаның төмендеуіне алып келді. 2021 жылы Түркияда сатып алынған нысандардың орташа бағасы 155 мың еуро болса, былтыр 195 мың еуроны құраған.

Түркия статистика басқармасы да бұл себептерді растап отыр. Құрылымның хабарлауынша, соңғы үш жылда түрік лирасының құны айтарлықтай төмендеген. 2019 жылы 1 АҚШ доллары 8,5 түрік лирасын құраса, қазір 1 АҚШ долларын 3,5 түрік лирасына сатып алуға болады. Еуро бағамы да 10 лирадан 4 лираға жеткен. Осылайша, қала ішіндегі пәтерлер де, демалыс орындарындағы зәулім үйлер де қолжетімді болды.

Түркия Парламентінің 2013 жылы қабылдаған мүлікке қатысты заңында елде 1 миллион АҚШ долларына жылжымайтын мүлік сатып алған шетелдікке Түркия азаматтығы берілуі туралы жазылған. 2018 жылы сатып алынуы тиіс мүлік бағасы 250 мың АҚШ долларына дейін төмендетілді. Бұл өзгеріс елде шетелдік инвесторлардың артуына алып келді. Заң қабылданған 8 жылдың ішінде 220 мыңнан астам тұрғын үй шетелдіктер меншігіне айналған. 2013 жылы 12 181 баспана, 2014 жылы 18 959 үй, 2015 жылы 22 830, 2016 жылы 18 189 үй шетелдіктерге сатылған. Ал 2017 жылы 22 234, 2018 жылы 39 663, 2019 жылы 45 483 үй сатылса, пандемия жылында бұл көрсеткіш 40 мыңға сәл жетпеген. Сатылған үйдің жыл сайын қарыштап өскенін жоғары­дағы статис­тикадан байқауға болды. Сарап­шы­лар­дың биыл 50 мың тұрғын үй сатылып, рекорд жаңарады деген болжам айтуына да негіз осы.

Мақаламыздың басынан бері көптаңбалы сандар көрсетіп жатқанымызбен, шетел­дік­тер­ге сатылған үйлер Түркиядағы жалпы сауда айналымының 3,7 пайызын ғана құ­райды екен. Дегенмен сарапшылар қар­жы жағынан қарағанда, шетелдіктердің инвестициясы түркиялықтардың тұрғын үйге жұмсаған бағасынан әлдеқайда көп екенін алға тартады.

Брокерлер Түркиядан үй сатып аламын деушілер саны келер жылы да көп болады деген ойда. Шетелдіктердің көбі Орталық Азия мен Таяу Шығыс елдерінің азаматтары болғанымен, Түркия АҚШ, Канада, Еуропа мен Шығыс Азия азаматтарының назарын аударуға тырысады екен.

Статистика құрылымы 2015 жылдан 2020 жылға дейін Түркияда үйлі болған шетелдіктердің рейтингісін дайындады. Алғашқы орында – Ирак азаматтары. 6 жылда 33 544 үй Ирак азаматына, 18 464 баспана ирандықтарға, 13 540 үй Сауд Арабиясы азаматтарына сатылған. Ресейліктер болса Түркияда 12 859 баспана сатып алған.

Шетелдіктердің үй сатып алуы жылжымайтын мүліктен басқа салалардың да дамуына үлес қосады. Риэлторлар үйді жиһазбен сатып алған күннің өзінде де ұсақ-түйекке 200 мың лира, шамамен 1 млн теңгеге зат алып, керегін толтырады дейді. Одан бөлек үй сатып алған шетелдік Түркияда жоқ дегенде 3 ай тұруы керек. 3 айда шетелдік азық-түлік сатып алып, бірқатар қоғамдық орынға барады. Үй сатып алғаннан кейін төлейтін мүлік салығы да аз емес.

Бүгінде Түркияда оқып жатқан отандасымыз Сәния Болатова қазіргі кезде түрік лирасының тұрақсыздығы тұрмысқа да әсер ететінін айтады. «Әуелден сауда жасарда бағаны ойымызда теңгеге айналдырып отырамыз. Сол кезде лираның арзандап бара жатқанын түсінесің. Өйткені ертеректе Түркияға келгенімде нан біздің елмен салыстырғанда әлдеқайда қымбат көрінетін. Сол кезде елде нан 70-80 теңге болғанда, Түркияда 120-150 теңге тұратын. Ал қазір нан Қазақстаннан да арзан. Бұл – қарапайым мысал. Одан бөлек көкөніс пен жемістің сан алуан түрі бар. Қаражаты бар адам сапалы қоректене алады, таңдау көп. Бағасы да елдегіден арзан. Одан бөлек Түркия климаты жайлы. Қыс керек десеңіз, солтүстік, шығыстағы қалаларға көше аласыз. Жылы мекенде тұрамын де­се­ңіз, оңтүстік қалаларында жаз маусымы ұзағырақ. Сондықтан қаражаты бар отандастарымыздың Түркияға көшуін түсінемін. Егер тұрақты табыс көзі болып жатса, неге келмеске?» дейді отандасымыз.

Елдегі саясаткерлер бұл тенденцияны бақылауға алу керек деген ойда. Сон­дық­тан қолданыстағы заңға түзетулер енгізу мәселесін көтеріп отыр. Өйткені, олар­дың айтуынша, үй бағасын құжаттарда арты­ғы­мен жазып, азаматтық алуға жағдай жа­сайтын компаниялар да бар екен. 150 мың АҚШ доллары тұратын үйді 250 мың доллар деп көрсетіп, артылған ақшаны қайтарып беруге дайындары да бар болып шықты.