Әлем • 22 Қараша, 2021

Нидерландыда наразылыққа шыққан 100-ден аса адам ұсталды

186 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Нидерланды елінің бірнеше қаласында коронавирус дертіне байланысты енгізілген шектеулерге қарсы наразылық акциялары өтті. Полиция өткен түнде covid-19 шектеулеріне қарсы наразылық білдірген 30-ға жуық адамды құрықтады. Жалпы үш түнде ұсталғандардың саны 100-ден асты, деп хабарлайды Egemen.kz Нидерланды телерадио корпорациясына сілтеме жасап.

Нидерландыда наразылыққа шыққан 100-ден аса адам ұсталды

Үш түн бойы Нидерландыда коронавирустық шектеу шараларына қарсы наразылықтар толастаған жоқ. Тұрғындардың белсенділігі дүйсенбінің таңына дейін жалғасып жатты. Полиция қызметкерлері вандализм, өртеу және отшашу ұйымдастырғаны үшін бүкіл ел бойынша 30-ға жуық адамды ұстады. Бірқатар қалаларда төтенше жағдай режимі енгізілді.

Розендалда бұзақылар бастауыш мектепті өртеп жіберді. Сондай-ақ отшашулар ұйымдастырып, нәтижесінде автомобиль өртенді. Қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін құқық қорғау органдары 15 азаматты құрықтады.

Төтенше жағдай режимі 20:30-дан 7:00-ге дейін енгізілген Энсхедте полиция вандализм және отшашу ұйымдастырғаны үшін бес тұрғынды жазаға тартпақ.

Гронинген қаласында акция алдымен бейбіт түрде өтті. Бірақ содан кейін бірқатар оқиғалар тіркелді. Сонымен наразылық акциясының қатысушылары дүкенге басып кіріп, сол жерден велосипедтер алып, аялдамаға зақым келтірді. Тилбургте жиналған ондаған адам бірнеше қоқыс жәшігін зақымдап, отшашу ұйымдастырды.

Сенбі күні тәртіпсіздіктер бірден бірнеше қалада болды. Наразылық акциясына қатысушылар тәртіп сақшылары тарапына қарай отшашулар жасап, көшелердің ортасында от жақты. Полиция бүкіл ел бойынша 28 адамды ұстады.

Одан бұрын Роттердамдағы шектеу шараларына қарсы наразылықтарда тәртіпсіздіктер орын алып, полициямен қақтығыстар болды. Тәртіпсіздікті ұйымдастырушылардың көшбасшысы тәртіп сақшыларына тас лақтырды. Полиция жиналғандарды тарату үшін бірнеше ескерту жасады. Бірнеше адам жарақат алды, үш тұрғын ауруханада жатыр деп хабарланды. Полиция 50-ден астам белсендіні ұстады.

Өткен аптада Нидерланды премьер-Министрінің міндетін атқарушы Марк Рютте ел билігі коронавирустың таралуына қарсы бірқатар шектеу шараларын енгізу туралы шешім қабылдағанын, ол 4 желтоқсанға дейін әрекет ететінін айтқан болатын.

Елде қажетті тауарларды сататын дүкендер мен супермаркеттер, дәріханалар, мейрамханалар, кафелер мен барлар енді 20.00-де жабылады. Қалған дүкендер, шаштараздар мен сұлулық салондары 18.00-ге дейін жұмыс істейді. Спорттық іс-шаралар көрермендерсіз өткізіледі. Сонымен қатар, 1,5 метрлік әлеуметтік қашықтық ережесі, сондай-ақ мүмкіндігінше үйден жұмыс істеу туралы ұсыныс қайтадан күшіне енді.