Спорт • 26 Қараша, 2021

Бақытжанның бағы жанды

340 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы қалалық Дін істері жө­нін­дегі басқармасының мұрын­дық болуымен үстел теннисінен жа­мағат арасында дүбірлі дода өтіп, финалдық кезеңде 24 спортшы бақ сынады.

Бақытжанның бағы жанды

Ақтық сынға жолдама алу үшін әуелі Алматы қаласының әр ауданында іріктеу сайыстары ұйымдастырылды. Оған 300-ге тарта үміткер қатысып, солардың арасынан үздік шыққандары финалда күш сынасу құрметіне ие болды. Олардың барлығы да әуесқой деңгейдегі ойыншылар. Десек те, жарыс барысында кәнігі кәсіпқой теннисшілердей өз шеберліктерін көрсетті. Әрбір кездесу тартысқа толы болды. Нәтижесінде, Алатау ауданында орналасқан «Бекет ата» мешітінің намысын қорғаған Бақытжан Тұрғын мен Медеу ауданындағы «Көктөбе» мешітінің атынан сынға түскен Кенжебек Камал суырылып шығып, бас жүлдені өзара сарапқа салды. Әрбір соққысында теннис шарын діттеген жеріне дөп түсіріп, қорғаныста да көп қателесе қоймаған Бақытжан Тұрғын жарыстың биылғы жеңімпазы атанды. Кенжебек Камал екінші орынды иеленсе, Әуезов ауданы «Таугүл-3» мешітінің атынан өнер көрсеткен Диас Алмабеков үшінш сатыға табан тіреді.

– Турнир жоғары деңгейде өтті. Қатысушылардың бәрі де жақсы дайындалып келген екен. Қарсыластарымның барлығы да мықты болды. Әсіресе финалдық кездесуде көп тер төгуіме тура келді. Бәсекенің соңына дейін жеңімпаз боламын-ау деген ой болған жоқ. Бірақ бүгін сәттілік маған көмектесті, – дейді жарыс жеңімпазы.

Алып шаһар – Алматы мешіттерінің жамағаты осылайша биылғы маусымды үстел теннисі жарысымен түйіндеді. Естеріңізге сала кетсек, жыл басынан бері мерекелі даталарға орай бірнеше рет спартакиада ұйымдастырылып, қаламыздың мыңдаған тұрғыны қатысты. Одан өзге қазақ күресі, волейбол, футбол сынды бұқаралық сипаттағы спорт түрлерінен де тартысты бәсекелер өтті.