Спорт • 26 Қараша, 2021

Ахметов айқасқа шығады

264 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Аралас жекпе-жектен One Cham­pionship ұйымында күш сынасып жүр­ген Қайрат Ахметов өзінің келесі кездесуін 4 желтоқсанда Сингапурде Дэнни Кингадемен өткізеді.

Ахметов айқасқа шығады

Әр жеңісінен кейін «Қара жорға» биін билеп, қалың көрерменнің ықыласына бөленіп жүрген қандасымыз соңғы рет 2019 жылдың наурыз айында октагонға шықты. Шыны керек, жанкүйерлер Қайратты қатты сағынып қалды. Жалпы, 34 жастағы Алматы облысы Сарқан ауданының тумасы осы спорт түрін серік еткелі бері 25 жекпе-жек өткізіп, соның 23-інде басымдық танытты. 15 бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады. Кезінде ол аса жеңіл салмақта One Championship промоу­шенінің чемпиондық белбеуін де иеленді. Ахметов тек бразилиялық Андриано Мораес пен филиппиндік Джехе Эустакиодан ұпай санымен ұтылды. Соңғы үш кездесуінде қазақ спортшысы Ма Хао Бин, Рис Макларен және Дэ Хван Кимді сан соқтырды.

25 жастағы Филиппин елінің өкілі Дэнни Кингаде октагонға 16 мәрте шығып, 14 рет жеңіс тойын тойлады. Ол соның тек үшеуінде ғана оқарсыластарын ойсырата ұтты. Кезінде UFC-де өнер көрсетіп, сан мәрте чемпиондық атақты иеленген Деметриус Джонсонмен күш сынасып, даңқы алысқа жайылған АҚШ спортшысына ұпай санымен ғана есе жіберген еді.