Бизнес • 13 Желтоқсан, 2021

Іскер әйелдер бас қосты

299 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанайда «Тәуелсіздік жылдары кәсіпкер әйелдердің өңір экономикасына қосқан үлесі» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шара барысында кезінде тәуекелге барып бизнесін бастап, бүгінде көпшілікке табысты кәсіпкер ретінде танылған іскер әйелдердің тәуелсіздікпен тамырласа өрілген тағдыры туралы әңгіме айтылып, әйелдер бизнесінің бүгіні мен ертеңі қалай болады деген мәселелер төңірегінде сөз өрбіді.

Іскер әйелдер бас қосты

Облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Гүлсара Жаманқұлованың айтуынша, Тәуелсіздік жылдары Қостанай өңірінде бизнес саласында ірі табысқа жеткен немесе ірі компанияларға бас­шылық етіп жүрген, сондай-ақ мемлекеттік құрылымдардағы жауапты орындарда басшылық қызмет атқарып жүрген іскер әйелдердің бірнеше буын шо­ғыры қалыптасқан.

– Тәуелсіз Қазақстанның әйелдері деген ұғымға бүгінде асыл жар, ардақты ана, табыс­ты кәсіпкер, қоғам белсендісі, бір сөзбен айтқанда, сыртта еңбек пен жетістіктің, үйде жылу мен сүйіспеншіліктің, тәрбиенің ұйытқысы болып жүрген арулардың бәрі кіреді. Еліміз тәуелсіздік ал­­ғаннан кейін әйелдердің қо­ғамдағы орны өсіп, барлық салада жоғары табыстарға қол жеткізіп жатқанын көріп отырмыз. Мәселен, облы­сы­мыздағы іскер әйелдер қа­уым­дастығында 68 әйел бар. Олардың бәрі де жаны нәзік болғанымен, өздерін әр салада мойындатқан мықты әйелдер, – деді Г.Жаманқұлова.

Басқосу мінберіне шық­қандар агроөнеркәсіп кешені, цифрландыру, шағын бизнес са­ласындағы бүгінде толғауы жеткен өзекті мәселелерді кө­­­терді. Мәселен, Қостанай қа­лалық көшбасшы әйелдер клубының төрайымы Гүлвира Құдайқұлова бизнестің бір­қатар саласы, соның ішінде әсі­ресе қоғамдық тамақ­тан­ды­ру орындары бүгінде кадр тап­шылығын қатты сезініп отыр­­ғанын және пандемия бұл мәсе­лені одан сайын ушық­тырып жібергенін айт­ты. Ал «Сарыбай» компа­ниялар тобының басшысы Светлана Михайленко өңір­дің агроөнеркәсіп кешенін дамытуға елеулі үлес қосып жүрген әйел­дерді үлгі ете сөй­леді.

Дөңгелек үстел отырысына қатысушылар жиын аяқ­талған соң, облыстық филар­монияның залында ашылған «Әйелдер. Бизнес. Тағдырлар» атты фотокөрмені тамашалады.

 

Қостанай облысы