Таным • 19 Желтоқсан, 2021

Зауытбек Тұрысбеков туралы бірер сөз

509 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі дипломат Зауытбек Тұрысбеков туралы бірер сөз

Зауытбек Тұрысбеков туралы бірер сөз

...Қым-қуыт тірліктің әр сағатында, әр минутында біз байқай бермейтін сәулелі сәттер болады. Сол сәттер жанымызға шуақ құяды. Жуырда сондай бір оқиғаның куәсі болдым. Сенатор Ерік Сұлтанов жетекшілік ететін «Өңір» депутаттық тобының аясында еліміздің солтүстік облыстарын аралауға іссапарға шыққанбыз. Жолдағы серігіміздің бірі – Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы төрағасының орынбасары Зауытбек Қауысбекұлы Тұрысбеков ағамыз. Кенет бас қаладан шыға бергенімізде Зауытбек аға бір адамға қоңырау шалып: «Әлеу, анашым! Амансыз ба? Міне, біз елордадан жолға шықтық. Хәліміз жақсы» деп анасымен сөйлесіп, тұтқаны қойды. Солтүстіктегі бір қалаға кіре бергенімізде тағы анасына телефон шалып, аман-есен жеткенімізді айтты. Арғы жақтан анасының дауысы саңқылдап шығып жатты:

– Балам-ау, тоңып қалған жоқсың ба? Аяғыңа жылы шұлығыңды кидің бе? – деді ана баласына жүрегінің мейірімін төгіп. Біз жақында 70 жасқа толатын ел ағасы, мемлекет және қоғам қайраткері Зауытбек Қауысбекұлының анасына деген балалық махаббатына дән ризашылықпен қарап, мәз болыстық. Ана мен бала арасындағы жылы, шынайы қарым-қатынас жанымызды жадыратты. Осы сәтте әлемге әйгілі бір данышпанның: «Бәрімізді таңдандыратын бір нәрсе: тарих білетін ұлы адамдардың көбісінің тамаша аналары болған» деген аталы сөзі есіме түсті. Жасы 90-нан асқан Жұпар апаны жақсы білуші едім. Ақылы асқан кейуана қазақтың төбелі үш биінің бірі – Төле Әлібекұлының 7-ші ұрпағы.

 

Іскер басшы

«Адамның ісі қандай болса, өзі де сондай» депті неміс философы Георг Гегель. Мен мұндай даналық сөзді белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, іскер ұйымдастырушы және білікті дипломат, мемлекетшіл тұлға Зауытбек Қауысбекұлы Тұрысбековке қаратып айтқан болар едім. Ел тәуелсіздігінің баянды болуына және нығаюына өлшеусіз үлесін қосып жүрген тұлға жуырда мерейлі 70 жасқа толады. Көп жылдар бойы Зауытбек ағамен бірге жұмыс істеп, оның әр істі басынан аяғына дейін тындыруға деген қабілеті мен табандылығына, жаңашылдығы мен парасаттылығына тәнті болғаным рас.

Тәуелсіздіктің таңында, дәлірек айт­сақ, 1993-1997 жылдары Зауытбек Қауыс­бекұлы Оңтүстік Қазақстан облы­сының әкімі болды. Ол кезде мен Арыс ауданының әкімі қызметін атқарып жүріп, ел азаматының қиын-қыстау кезеңде тәуе­келге бел буып, ел мен ұлт мүддесі талай ізгілікті істерді тындырғанын өз көзім­мен көрдім. Өзімнің ұстазым, ақылшым, Оңтүстік Қазақстан облысының алғашқы әкімі Марс Фазылұлы Үркімбаев 1993 жылы өз еркімен қызметінен кетіп, өңірді басқаруға Зауытбек Тұрысбеков келді. Ол әр істі шынайы сүйіспеншілікпен, құштарлықпен бастайтын басшы екенін бірден көрсетті. 1994 жылдың желтоқсан айында Арысқа әкімнің өзі келіп, сол кезеңдегі халық үшін ең өзекті мәселе – ауыз су тартудың 1-ші кезеңін аяқтадық. Салтанатты рәсімнің лентасын Зауытбек Қауысбекұлы өз қолымен қиды. Сол жылы Ергөбек ақынның 140 жылдығын, Арысқа темір жол тартудың 90 жылдығын атап өттік. Тәуелсіздіктің қиындыққа толы алғашқы жылдары елдегі осындай игі қадамдардан басталды.

Облыс әкімі З. Тұрысбеков өнетін істің ретін білетін ұйымдастырушы бола білді. «Аларды біліп бермегеннен без, Ел-жұрты соңына ермегеннен без» деген Төле би бабамыздың аталы сөзін жүрегіне тоқып, елді бірлікке, ұлттық мұрамызды, ұлттық мәдениетімізді сақтау мен насихаттауға жол ашатын іргелі істерге білегін сыбанып кірісті. «Өлі разы болмай, тірі байы­майды» деген  ұлағатты сөзді ұстаным етті. Сөйтіп қабірлері қараусыз қалған Бәйдібек баба, Домалақ ана, Бес ана мавзолейін салдырып, Баба түкті Шашты Әзиз кесенесін жаңғыртты. Ордабасыда «Үш жүздің бірлігінің символы» атты монумент тұрғызды.

Зауытбек Тұрысбеков 1997-1999 жылдар аралығында Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен елімізде тұңғыш Көші-қон және демография агенттігінің негізін қалап, жаңа мекемеге басшылық етті. 1997 жылы 12 желтоқсанда Елбасы елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіріп, ертеңіне, 13 желтоқсанда қазақ тілінде жазылған тұңғыш заңымыз – «Көші-қон туралы» заңға қол қойғанын білеміз. Сол күні Көші-қон және демография агенттігі құрылып, оның басшысы болып тағайындалған Зауытбек Тұрысбеков Елбасының өзі көрсетіп берген көші-қон саясатын іске асыру жүйесін жасады. Бұл жұмысқа қажетті заңдарға өзгерістер енгізіп, нормативтік-құқықтық актілерді әзірледі. Онымен шектелмей, Өзбекстан, Моңғолия, Қытайдағы қазақтар тұратын елді мекендерді аралап, Елбасының қан­да­с­­тарды атамекенге шақыруын жеткіз­ді. Сөйтіп іркіліп қалған көшке қайта жан бітті. Зауытбек Қауысбекұлы сол кезде арада көп жылдар өткен соң өзі жасаған көші-қон жүйесінің көмегімен 1 млн-нан астам қандасымыз елге оралатынына шүбәсіз сенген еді. Бұған қоса, халықшыл азамат Әкім Ысқақ жазған, ел зиялылары, Парламент депутаттары қолдаған заңның көмегімен 1994 жылы тоқтап қалған қандастардың көшуі қарқын алды. Көшті қолдауға қажетті қаражат, мыңдаған квота бөлінді. Кейінірек, бұл қызметке келген қазақтың ардақты қызы Алтыншаш Жағанова ізгілікті істі әрі қарай жалғастырды. 2003 жылы мен құзырлы агенттіктің облыстық басқармасының бастығы болып жұмыс істеп, жылдың соңында Алтыншаш Қайыржанқызының ұсынысымен агенттік төрайымының орынбасары қызметіне жоғарылап, Астанаға қоныс аудардым. Сол жылдардағы қызық пен қиындыққа толы күндеріміз, айларымыз бөлек әңгіменің тақырыбы.

Зауытбек Қауысбекұлы одан әрі Президент Әкімшілігі жетекшісінің орынбасары, Ішкі істер министрі, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы қызметтерін абыроймен атқарды. Мәселен, Мемлекеттік қызмет істері агенттігін 6 жылға жуық басқарып, осы саладағы реформаны сәтті бастап жүргізіп, әлемдегі озық тәжірибені, өміршең әдістемені енгізуге күш-жігерін аямай жұмсады. Тұңғыш рет мемлекеттік қызметке алуда меритократия қағидаты, мемлекеттік аппаратты қысқарту, мемлекеттік қызметшілердің Ар-намыс кодексін енгізу сияқты өзгерістер енгізілді. Ішкі істер министрлігін З.Тұрысбеков басқарған жылдар да ішкі істер органдарындағы түбегейлі реформалармен ел-жұрт­тың есінде қалды. Полиция қоғамға ашық болып, учаскелік инспекторлардың өзі халыққа есеп берді.

 

Кәнігі дипломат

Одан кейінгі жылдары Зауытбек Қауысбекұлының мықты мәмілегерлік, кәнігі дипломаттық қабілеті көпке аян болған қызметі басталды. 2007 жылы 13 қарашада Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Зауытбек Тұрысбеков Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалды. «Пайдаңды жақсы болсаң көпке тигіз» деген бабалар сөзін шырақ еткен мемлекетшіл қайраткер екі елді елдестіруге, бауырлас екі халықты жақын­дас­ты­руға зор үлес қосып, өз халқының тарихы мен мәдениеті үшін зор маңызы бар істерді қолға алды. Соның біріншісі – Науаи облысындағы Нұрата қаласына жақын жерде жатқан әйгілі Әйтеке бидің басына мавзолей тұрғызды. Бұрын қабыр­ғалары жарылып, құлауға шақ қалған мазар­дың орнында жұрт зиярат етуге ағылып жатқан үлкен еңселі мавзолей тұрға­нын көресің. Зәулім кесененің жанынан мешіт бой көтерді, аумағы абаттандырылды.

Әлбетте, мұндай нысанды салуға өзбек бауырлар бірден келіспегені анық. Зауытбек Қауысбекұлы Әмір Темірдің бас кеңесшісі болған Ораз қажыдан бастап, күллі парсы, өзбек, қырғыз жұртында әулие атанған қазақ перзенті, Нұратада хан болған Сейітқұл әулиенің, күллі Азияға есімі мәшһүр Жалаңтөс Баһадүрдің, Қоқанда хан болған Ақша бабамыздың, тұтас түркі жұртының дамуы үшін қайраткерлік танытқан даңқты тұлға – Әйтеке бидің ұлылығын бұлтартпайтын деректермен түсіндіріп, көрші елдің билігіне сөзін өткізді. Білікті дипломат Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық деңгейдегі беделін және екі ел басшыларының арасындағы достық қарым-қатынастарды мәмілегерлікпен шебер пайдаланды.

Сондай-ақ ол Өзбекстан билігінің ресми рұқсатынан кейін, Ташкенттегі Төле би бабамыздың мавзолейін қайта жаңғыртуға құлшына кірісті. Бастаған ісінің берекесін көрсететін факті, елші әуелі Ираннан 7 тонна құнды оникс тасын әкелдіреді. Сөйтіп бағалы тасқа бұрынғы «Қарлығаш би» деген жазудың орнына «Төле би» деген жазу жаздырды. Мавзолейдің ішін алтынмен аптап, күміспен көмкеруге Самарқан мен Бұқарадан ең тәжірибелі шеберлерді шақырды. Бұл екі нысан қазіргі кезде зиярат ететін адамдардың рухани туризмдегі қажеттіліктерін өтеу­ге қызмет етуде. Екеуі де Өзбекстан мемлекетінің қорғауына алынған құнды дүниелер тізіміне енгізілді. «Адамға ең қымбат нәрсе – жұрттың қамы, жұрттың ісі» деп ұлт ұстазы Ахаң айтқандай, жұрттың қамын ойлап, мүддесіне сай келетін іс тындыру кез келген адамның қолынан келмейтіні анық. Мұндай жерде өзағамыздың мінезін, тілін, тұрмысын жетік білетін, сол арқылы бауырлас халықпен тіл табыса алатын адам ғана мұратына жетеді. Айтпағымыз, көрші елде қазақтың екі бірдей төбелі биіне кесене тұрғызып, зиярат ететін тұтас кешен салдырып, оларды мемлекет қорғауына алынған нысандар тізіміне қосу – майталман мәмілегер, нағыз іскер Зауытбек Тұрысбековтің ел алдындағы ерек еңбегі деуге болады. Әйтеке би кесенесін толыққанды аяқтаған соң, Зауытбек Қауысбекұлы Ташкенттің төрінен 2 гектар жерде ешбір елдің нысанына ұқсамайтын ерекше формадағы Қазақстан елшілігінің ғимаратын тұрғызды.

Айрықша іскерлік және ұйымдасты­рушылық қабілеті зор  Зауытбек Тұрысбе­ков 2009 жылы Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалды. Үш жыл елшілік қызметінде де ол елдігіміздің еңсесін тіктеп, тәуелсіздігіміздің ны­ғаюы­на ықпал еткен игілікті істерін жалғастырды. Әуелі хан Жәңгірдің анасына арналған 10 метрлік монумент соқтырды. Елші ретінде елді аралап жүріп, Астрахань облысының Краснояр ауданындағы Кіші Арал ауылында қазақтың Бөкей ханның жерленген жерін көріп: «Өз заманында әділдігімен ел билеген, жоғары дипломатиялық қабілеті болған, қазақтарды бір оқ шығындамай-ақ Еуропаға жеткізген Бөкей ханның бұлайша қараусыз қалғаны несі?» деп ханның бүлінген құлпытасына аянышпен қарайды. Ресейлік дипломаттардың көзін тарихи шындыққа әбден жеткізіп, Астрахань облысының билік орындарымен табысты келіссөздер жүргізіп, ақырында ханның қабірінің басынан 21 метрлік үлкен мавзолей салуға рұқсат алады. Төле би бабаның мавзолейіндегі сияқты, осынау игілікті іске де қазақстандық кәсіпкерлердің қаражаты жұмсалады.

Зауытбек Қауысбекұлы тәуелсіздігіміз­дің бастауында тұрған Алаш арыстарының, соның ішінде «Алаш» қозғалысы жетекші­лерінің өшпес ерлігін тарихта қалдыруға және жас ұрпақтың санасына сіңіруге де елеулі еңбек етті. Соның бір дәлелі, елшіліктің мұрындық болуымен 2010 жылы 24 қарашада Орынборда 1917-1920 жылдары Алаш Орда үкіметінің мәжі­лісі өткен және 1913-1918 жылдары «Қа­зақ» газетінің редакциясы қоныс­тан­ған, басылымның бас редакторы Ахмет Байтұрсынұлы тұрған үйлерде мемориалдық тақта ашылды. 2011 жылы Мәскеу үкіметінің қолдауымен Зауытбек Тұрысбековтің тікелей қатысуымен 1931-1934 жылдары көрнекті мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұлов тұрған Покров бульварындағы №14 үйде мемориалдық тақта ашылды.

Елшілік қызметін атқара жүріп, мемле­кетшіл қайраткер басқа да өнегелі істердің шебер ұйымдастырушысы бола білді. Ұлы Жеңістің 65 жылдығында Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен Ржев жерінде опат болған қазақстандықтардың ерлігін ұлықтау мақсатында ескерткіш орнатылды. Гранит тақтада  100 және 101 дивизия құрамында соғысқан 10 мың қазақстандықтың есімі алтын әріппен қашап жазылды. Қазақстандық дипломаттар жауынгерлер туралы мәліметтерді Подольскідегі Ресей Қорғаныс министрлігінің орталық архивінен тапқан. Зауытбек Қауысбекұлы бұл тізімнің жасалуына тікелей араласып, екі елдің құзырлы органдарынан келген ақпараттарды асқан ыждағаттылықпен тексерді. Осылайша, 70 жыл бойы архивтің шаң басқан сөрелерінде жатқан нағыз қаһармандардың ерлігі жария етіліп, зор құрметпен рухани құндылықтар қатарына қосылды. Бұл тарихи әділеттілікті қалпына келтіру, қаһармандар рухының алдындағы борышымызды өтеу ғана емес, көп жылдар бойы соғыста хабар-ошарсыз кеткен ата-әкелерін, туған-туыстарын іздеп жүрген жандарға қуаныш сыйлаудың керемет көрінісі еді!

Қазақтың біртуар перзенті Бауыржан Момышұлының 100 жылдығында Мәскеудегі Крюков стансасының мектебіне батырдың есімі берілді. Ресейдің астанасында қазақтың батыр қызы – Әлия Молдағұлова оқыған мектеп даңқты жерлесіміздің есімімен аталады. Екі мектеп соңғы заманауи үлгідегі оқу-техникалық жабдықтармен жарақтандырылған. Екеуінде де батырлардың мүсіні, музейі бар. Қазақстандық кәсіпкерлердің бұл оқу ордаларын дамытуға 1 млн. долларын жұмсағаны – елші Зауытбек Тұрысбе­ков­тің жобаларды қолдауы мен тікелей бақылауының нәтижесі десек артық айтпаспыз. Тұрысбековтей тұлғаның тағы бір айтулы табысы – Ұлы Жеңіске сүбелі үлес қосқан панфиловшылардың ұлы ерлігін мәңгі есте қалдыру мақсатымен Мәскеу метросындағы стансалардың біріне «Алматы» атауын бергізуі. 2011 жылы Мәскеу Үкіметі Братеев ауданын салынып жатқан стансаға «Алматы» атауын беру туралы шешім шығарды. Елшінің келіссөз жүргізудегі таланты мен машығының арқасында 2013 жылы метро стансасы ашылып, Алматыдағы метрода «Мәскеу» стансасы іске қосылды.

2012-2015 жылдар аралығында Зауыт­бек Тұрысбеков еліміздің Украина­дағы елшісі қызметін атқарды. Онда да өскелең ұрпақ үшін үлгі боларлықтай істердің бел ортасында жүрді. Ұлы Отан соғысының тарихына үңілсек, Қа­зақ­­станнан майданға шақырыл­ған 1 млн 200 мыңнан астам жауынгерлер­дің 600 мыңы Украинаны неміс-фашист басқыншыларынан азат етуге қатысқанын көреміз. Бауырлас Украинаны қорғау жолында ерлігі аңызға айналған батырлар­дың қатарында Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдинов, Кеңес Одағының Батыры Сағадат Нұрмағам­бетов, аты аңызға айналған барлаушы-партизан Қасым Қайсенов және басқалары бар. Шымкентте жасақталған 102 атқыштар дивизиясының және Ақмолада құрылған 106 кавалериялық дивизияның жауынгерлері түгелдей «Харьков қоршауында» жер жастанған. Украина жерін жаудан азат етуде ержүрек­тік пен қаһармандық көрсеткені үшін 156 қазақстандық Кеңес Одағының Баты­ры жоғары атағына ие болды. Соғыс жылдарында украин топырағында 300 мыңнан астам қазақстандықтар көз жұм­ды. Міне, осы тарихи шындықты екі елдің бауырластық, достық қарым-қатынастарын тереңдетуге пайдалана отырып, Зауытбек Қауысбекұлы «В огонь за Родину» атты телефильмнің жарыққа шығуына бастама көтерді. Елші тарихи фактілер мен архив материалдары негізінде фильмнің сценарийін өзі жазып шықты. Кейінірек, екі халықтың достығына рухани көпірдің рөлін атқарған осы туынды Севастополь қаласында өткен халықаралық кинофестивальда 24 мемлекеттің 150 фильмінің арасынан Гран-приді жеңіп алды. Ал украин халқы мен билігі Ұлы Отан соғысының тарихына құрметпен қарап, өнер туындысы арқылы халықтарды жақындастыруға өлшеусіз үлес қосқан елші Зауытбек Тұрысбековке айрықша алғыс білдірді. 2014 жылы 8 мамырда Харьков облысының Красноград қаласында 106 Ақмола кавалериялық дивизиясының жауынгерлерінің құрметі­не ескерткіш стелла ашылды. Бұл ескерт­кішті тұрғызуға З.Тұрысбековтің жеке қаражаты жұмсалды. Стелланың бетінде: «Қазақтың 106 кавалериялық дивизиясының жауынгерлерінің ерлігіне қазақстандықтардың атынан зор алғыс!» деген жазу қашап жазылған. Мұндайда қазақ халқы: «Сүйер ұлың болса, сен сүй!» демей ме!..

 

Қажырлы қайраткер

Орыс жазушысы Максим Горькийдің: «Дүниедегі барлық кереметтерді адамның табанды, сүйікті еңбегі жаратқан» деген сөзі бар. Зауытбек ағаның еңбекқорлығы мен өз ісіне адалдығы, елге қызмет етудегі қайраткерлігі өз алдына бөлек әңгіменің өзегі. Соңғы жылдары Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарып, елдік және мемлекеттік мәселелердің оң шешілуіне атсалысып жүргені бәрімізге мәлім. Солардың бір парасына тоқталайын. Елбасының тапсырмасымен Зауытбек Қауысбекұлының тікелей қатысуымен ұйымның қалыптасқан дәстүрлерін сақтай отырып, Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығының орталық кеңсесі Алматыдан Нұр-Сұлтанға көшірілді. Елордадағы кеңседе жаңа, өміршең бас­тамалар іске асырылып жатыр. ДҚҚ мен шетелдегі этностық қазақтарды қолдау мақсатында «Отандастар қоры» құрылды. Жатжұрттағы қазақ диаспорасының үздік, маңдайалды өкілдерін таныстыратын «Алыстағы ағайын» атты фильмдер циклі, қазақтардың тарихы, мәдениеті және дәстүрі туралы роликтер циклі пайда болды. Зауытбек Қауысбекұлының идеясымен түсірілген қазақ халқының біртуар қайраткер ұлдары – Әлімхан Ермеков, Нұртас Оңдасынов, Жұмабек Тәшенов туралы бірқатар фильм қоғамда үлкен резонанс туғызды.

Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы соңғы жылдары «Асар» және «Баспана және жұмыс» атты екі үлкен жобаны іске асыруды қолға алды. Мәселен, елордадан Қарағандыға шығатын тас жолдың бойынан қандастарға арналып салынған 1282 коттедж бой көтерді. Парламент Сенатында «Өңір» депутаттық тобы бар. Жуырда осы топтың мүшелері Дүние­жүзілік қазақтар қауымдастығы төр­ағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбековпен бірге сол­түстіктегі Пав­ло­дар, Қостанай және Сол­түс­тік Қазақстан облыстарына жұмыс сапа­рымен барып, оңтүстіктен қоныс аударған азаматтардың хал-жағдайымен танысып, өзекті мәселелеріне құлақ түріп, олардың шешу жолдарын қарастырдық. Соңғы 5 жылда жұмыс күші артық оңтүстік өңірден жұмыс күші тапшы солтүстік өңірге 31 мыңнан астам адам көшірілді. Алайда осы көшке қатысты әлі түйіні шешілмеген мәселелер өте көп. Соның бірі – баспана алу. Халықты көшіру, шеттегі қандастарды елге әкелу сияқты мәселені Зауытбек Қауысбекұлы өте терең біледі. Нақты шешу жолдарын да көрсете алады. Өңірдегі кездесулерде осыған куә болдық. Қажырлы қайраткер өзекті мәселенің заң негізінде жылдам шешілу жолдарын түсіндіріп берді. Сондай-ақ Зауытбек Қауысбекұлының кез келген аудиторияда емін-еркін сөйлей алатынын бұрын да білетінбіз, осы жолы да көзімізді жеткіздік. Сапарлас болған жанға алғыс, ризашылық сезіміміз ерекше болғанын жасыра алмадық.

Біз жоғарыда өз көзімізбен көріп, құлағымызбен естіген жайттарды ғана газет оқырмандының назарына ұсынып, тәуелсіз Қазақстанның дамуы мен өркендеуіне бір кісідей үлес қосып жүрген азаматтың болмысы мен бітімін өзімізше сомдауға тырыстық. Тұрысбековтей тау тұлғалы азаматтың барлық қырын, еліне сіңірген еңбегін бір мақалада тізбектеп шығу мүмкін емес. Сөз орайы келгенде, Зауытбек Қауысбекұлын мерейлі жасқа толуымен шын жүректен құттықтап, деніне саулық, отбасына құт-береке тілеп, ел үшін еткен еңбегіңіздің бірнеше еселеп рахатын көріңіз деген ізгі ниетімізді жеткізгіміз келеді.

 

Әлімжан ҚҰРТАЕВ,

Қазақстан Республикасы

Парламенті Сенатының депутаты,

«Өңір» депутаттық тобының мүшесі