Аймақтар • 20 Желтоқсан, 2021

Жұртқа жақын полиция

721 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «Барлық озық елдерде полиция институты сервистік модель негізінде дамып келе жатқанын» айта келіп, жергілікті мемлекеттік басқару органдарын қатыстыра отырып, «Жұртқа жақын полиция» қағидаты бойынша жергілікті полиция қызметінің мейлінше тұтас реформасын жасауды тапсырған болатын.

Жұртқа жақын полиция

Nur Otan партиясының 2021-2025 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі республикалық Жол картасы бойынша Қостанай облысында 13 учаскелік және 5 модульдік полиция бекетін ашу жоспарланған. Биыл Қарасу және Меңдіқара аудандарында екі учаскелік полиция пункті ашылған болатын. Таяуда Қостанай ауданының орталығы – Тобыл қаласындағы «Жаңару» саябағында тағы бір модуль­дік полиция бекеті жұмыс істей бастады. Шағын бекет интернет желісімен, байланыс құрылғыларымен, жұмысқа қажетті жиһаз, компьютерлік техникамен, сондай-ақ коммуникация және қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталған.

Жаңа бекеттің ашылу рәсімінде облыстық Полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Қайрат Дүйсембеков «жұртқа жақын полиция» қағидатының мән-маңызын тарқата келіп, мұндай заманауи бекеттер бүгінде еліміздің басқа өңірлеріне де орнатылып, тиімді жұмыс істеп жатқанын, модульдік полиция бекеттері жұмыс істейтін аудандарда қылмыс деңгейі төмендеп, адам құқығын бұзу деректерінің айтарлықтай азайғанын айтты.

Қостанай ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Қасқабаевтың айтуынша, Тобыл қаласындағы модульдік полиция бекетінің құрылысына қажет 10 млн теңге қаржы аудандық бюджеттен бөлінген.

– Өз басым жұртқа жақын полиция дегенді оқыс жағдайға тап болған тұрғындарға кез келген уақытта, кез келген жерде дер кезінде көмекке келе алатын полиция деп түсінемін. Халық көп жиналатын орталық саябақта жұмыс істей бастаған модульдік полиция бекеті қандай да бір жағдайда азаматтарға жедел көмек көрсетіп, халық қолдауына ие болады ғой деп ойлаймын. Президент полициядан халықпен етене жақын болуды талап етіп отыр. Полицияның сервистік жұмыс үлгісіне көшуі осы мақсатта жүзеге асырылып жатыр. Бұл қала тұрғындарының қауіпсіздігін арттыра түседі, – деді әкім орынбасары.

Жергілікті полиция басқармасының басшысы Құрмет Мәжікеновтің айтуынша, модульдік полиция бекеті жылжымалы түрде жұмыс істейтіндіктен, алдағы уақытта коммуналдық жүйеден ажыратылып, қылмыс деңгейі өсіп бара жатқан өзге де аудандарға көшірілуі мүмкін. Бекетте тәулік бойы учаскелік полиция инспекторлары мен патрульдік полиция қызметкерлері қызмет атқарып, тұрғындардың жеке арыз-шағымдарын қабылдайтын болады.

 

Қостанай облысы,

Тобыл қаласы