Қазақстан • 23 Желтоқсан, 2021

Тағылым тәрбиесі

304 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласын оқып отырып ерекше сезімге бөлендім. Жүрегім өзгеше бір әсердің құшағына еніп кете бар-ды. Бұған дейінгі өз хал-қадерімше оқып-тоқығаным, көргенім мен білгенімнің есігі кеңінен айқара ашылғандай күй кештім.

Тағылым тәрбиесі

Мақаладағы: «Біздің жұрт – тамырын жеті қат жер астына жіберген алып бәйтеректей өзінің күш-қуатын ғасырлар бойы Ұлы дала төсінен алған байырғы халық. Бабаларымыз бізге мұра қылып ұлан-ғайыр жер қалдырды» деген жолдарды оқығанда санама Елбасының: «Ұлы даланың жеті қыры» деген тұжы­рым­дамасы сап ете қалды.

Жалпы, Нұрсұлтан Назарбаев қа­зақ­тың киелі жеті санын қас­тер­лей білетін жан. Осы жуырда ғана Nur Otan партиясы Cаяси Кеңесінің алқалы жиынында да: «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиын­ты­ғын ұсы­нып тұрып ол: «Бұл Елбасы ре­тін­дегі менің жас ұр­пақ­қа жолдар үндеуім», деген сөзді айтып еді. Бұл Жеті тұғырда да Елбасының көп нәрсені ұғын­дырғанын халық жоғары ба­ға­ла­ға­нын біз жақсы білеміз.

Мен «Тәуелсіздік тағылымы» мақала­сын оқып отырып Елбасының бұған дейін толғана айтқан «Ұлы даланың жеті қыры» мен «Елдіктің жеті тұғыры» – тура­лы тұжырымдамаларының бір арнада тоғысып жатқанын сезіндім. Сондағы айтылған мәсе­ле­лерді жеке-жеке жіліктеп келіп жіберсеңіз, әрқайысысының өзі бір-бір әлем болып шыға келері сөзсіз.

Иә, айтылған әрбір сөздің астарына жете үңіліп, жеке ой өре білу керек дегеннен шығады, мақалада айтылған: «Біздің еншімізге тарихымызда өз ауқымдылығы мен қиындығы жөнінен бұрын-соңды болып көрмеген жобаны жүзеге асыру – Сарыарқаның төріне, ерке Есілдің бойына ел қондырып, жаңа да әсем елорда салу мәртебесі бұйырды» деген сөзінен соң, иә, Нұр-Сұлтан қаласын көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Рас, осы астананы сонда көшірудің өзі оңайшылықпен келе қойған жоқ. Біз оны жақсы білеміз. Арада қанша сөз, қанша әңгіме кетті. Олай айтылды, бұлай айтылды. Бірақ нәтижесінде бо­ла­шақты алдын ала ойлай біл­ген Нұрсұлтан Назарбаев ха­лық­ты жете иландыра отырып, өзінің түпкі мақсатына жетті. Осы тұста мен Елбасының із­де­нім­паздығына байланыс­ты бұл елорданың қатарына Түркістан облысының орталығы етіп құ­рыл­ған Түркістан қала­сы­ның бүгінгі керемет келбетін ерекше атап өткен болар едім.

Мен Н.Назарбаев жазбаларын оқып отырып «Мәңгілік ел» идеясының жасампаздығына үлкен сенім артамын. Біздің бұл өмірдегі басты құндылығымыз ол бірінші Алла тағаланың қалауы, екінші Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше белсенділігі мен ойшыл іс-әрекет, ұйымдастыру қабілетінің ар­қасында қол жеткізген тәуел­сіз­дігіміз. Тәуелсіздікті мәң­­гі­лікке сақтап қалу біздің және бізден кейінгі ұрпақтың да бас­ты борышы екенін естен шы­ғармауымыз керек.

Біз бақытты елміз. Айна­ла­мыз­ға барлай қарап, шүкір­ші­лікте болуымыз керек. Ел аман, жұрт тыныш. Елбасы толғана жазған бейбітшіліктің туын біз барынша биікке көтере түсуіміз керек.

Қысқасы, біз ынтымағы жа­рас­қан, тәуелсіздігіміз кемелді, береке мен бақ қонған елміз. Ендігі жерде осы берік ынтымағымыз бен тәуелсіздігімізді ғұмырлы етіп сақтап қалу жолында кү­ре­се білуіміз керек. Ал ел үлкен сенім артып отырған бүгінгі күннің жас­тары еліміздің өркендеп өсіп, қанатын кеңге жайып, даму жолында еселі еңбек етіп, өзінен кейінгі ұрпақты да соңынан сенімді түрде ерте білуге тиіс.

Ал біз – ардагерлер, ізімізден ерген сол өскелең ұрпаққа өз білгеніміз бен өмірден көріп, түйген ақыл-кеңесімізді, тәуел­сіз­дік тағылымын үнемі үзбей айтып жеткізіп, түсіндіріп отыруға тиіспіз.

 

Серікбай ТҰРЖАН,

еңбек ардагері

 

Түркістан облысы,

Бәйдібек ауданы