Қазақстан • 29 Желтоқсан, 2021

Өзгеріске бастаған құжат: Жолдау жүктеген міндеттер қалай орындалуда?

736 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақ­стан халқына арнаған жолдау­ларында атап көрсетілген міндеттер жүйелі түрде орындалуда. Бұл қадамдар ел Тәуел­сіз­дігінің 30 жылды­ғы­ның өз деңгейінде атап өтілуі­не, сондай-ақ ке­лесі онжыл­дықтың табал­дырығын сеніммен аттауымыз­ға жол ашты. Осы орайда 2020 жылғы Жолдаудың көптеген тармағының орындалуы 2021 жылдың үлесіне тигендіктен, жыл аяқталар тұста соларды бір шолып өтуді жөн көрдік.

Өзгеріске бастаған құжат: Жолдау жүктеген міндеттер қалай орындалуда?

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Қоғамда Президенттің 2020 жылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақ­стан: іс-қимыл кезеңі» атты Жол­дауында айқындалған мақсат-міндет­тердің орындалуына қатыс­ты оң көзқарас қалыптасып отыр.

Пандемия көп мәселенің басын ашқанын, түйткілді мәсе­лелерді «су бетіне» шығар­ғаны рас. Осы ретте Мемлекет басшы­сының 2020 жылғы Жол­дауын­да қашықтан оқыту ісін ұйым­дас­тыруда Үкіметтің жібер­ген қателіктерін жақсы біле­тінін ескерт­кенін айта кете­йік. «Ашы­ғын айтқанда, әлі күн­ге дейін нақты бір онлайн-плат­форма жоқ. Мұғалімдер, оқу­шылар және ата-аналар күндіз-түні WhatsApp-тан бас көтермейтін болды. Толық­қанды оқу үдерісі үшін қажетті барлық функция­сы бар бірыңғай онлайн білім беру платформасын шұғыл әзір­леу қажет», деген еді Президент.

Аталған ведомство кешен­ді жұмыс нәтижесінде 1-11 сыныптар­ға арналған барлық элект­ронды оқулықтар жа­рия­ланды. Оған қоса отандық баспалармен оқулықтардың электронды нұсқаларын ақысыз пайдалану келісілді. 21 мыңнан ас­там цифрлы ресурстарды қам­ти­тын каталог құрылды. 12 368 бей­несабақ, 3 848 электронды оқу­лық, 5 771 қосымша материал бү­гінде электрон­ды нұсқаға көшірі­ліп, көпшілікке қол­жетімді болды.

«2021 жылдың өзінде Бірың­ғай жинақтаушы зейнетақы қоры­ның 700 мың салымшысы өз жи­нағының бір бөлігін тұрғын үй алуға, емделуге жұмсай алады немесе басқарушы компаниялардың иелі­гіне береді. Үкіметке Ұлт­тық банкпен бірлесіп, осы жыл­дың соңына дейін барлық қажет­ті нормативтік-құқықтық акті­лерді қабылдап, дайындық жұмыс­тарын жүргізуді тапсырамын», делінген 2020 жылғы Жолдауда.

2021 жылғы 6 желтоқсандағы Бірыңғай жинақтаушы зейнет­ақы қоры ұсынған ақпаратқа назар аударсақ, 527 236 азамат тұрғын үй жайын жақсарту мақсатында зей­нет­ақы қорынан 2, 06 трлн тең­ге көлемінде жинағын мерзі­мі­нен бұрын шешіп алған. 75 691 салымшы емделуге 68,1 млрд теңге көле­мінде қаражат алып­ты. Бас­қарушы компаниялар иелігіне берген салымшылар қатары салыстырмалы түрде аз. 3 230 адам зейнетақы қорынан 5,9 млрд теңге салымын алған.

Мемлекет басшысы 2020 жыл­ғы Жолдауында «көлеңкелі эко­номика» мәселесіне де назар аударды. «Салық және кеден саласын цифрландыру «көлең­келі экономиканың» кез келген көріністерімен күресуге ай­тар­лықтай көмектеседі. Тіпті «көлеңкелі экономика» сыбай­лас жемқорлыққа жол ашып отырғаны жасырын емес. Сон­дықтан Қаржы министрлігіне қарас­ты Экономикалық тергеу қыз­метінің жұмысы негізінен «кө­леңкелі экономикамен» күре­суге бейімдеуді тапсырамын», деді Мемлекет басшысы.

Қаржылық мониторинг агент­тігінің төрағасы Жанат Элиманов биылғы қыркүйекте өткен Пре­зи­дентпен кез­десуін­де жыл басынан бері 1 508 эконо­микалық құқық бұзу­шылық анықталғаны, оның 803-і ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жататыны жөнінде баян­дады. Алкоголь өнімдерін шы­ғаратын 26 жасырын цех пен 224 заңсыз ойынхана жабылған, 36 ұйым­дасқан қылмыстық топ­тың әрекеттеріне тосқауыл қойылған.

Агенттік төрағасының айтуынша, әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша да бірқатар жұмыс жүргізілді. Атап айтқанда, азық-түлік баға­­ларының көтеріл­меуін қамта­масыз етуге тиіс тұрақтан­дыру қорларын құру үшін бөлін­ген бюджет қаража­тын жым­қырудың 5 дерегі анық­талған. Тараз қаласында жылу беру, Қызылорда қаласында газ тасымалы тарифтерінің негіз­сіз көтерілуіне жол беріл­меді. Ба­лаларға арналған маман­дан­дырылған және медициналық-әлеуметтік мекемелердің лауа­зымды тұлғаларына қатысты 36 сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісі басталды. Олар 376 миллион теңге көлемінде залал келтірген.

Одан бөлек, 2021 жылғы қазанда Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов қаржы пирамидаларын анықтау және жолын кесу, материалдарын құқық қорғау органдарына беру үшін Бас прокуратураның бастамасымен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жанынан (Ұлттық банк, АФМ, Қар­жы ми­нистрлігі, АҚДМ, ІІМ-мен бір­лесіп) ведомствоаралық жұмыс тобы құрылғанын хабарлады.

Елдегі цифрландыру мәселе­сіне баса назар аударған Пре­зи­дент «Халыққа электронды сервистерді қолдануды ыңғайлы ету үшін мемлекеттік қызмет көр­сету ісінде де, бизнесте де биометрияны кеңінен пайда­ланған жөн» деген болатын.

Осы ретте адамның бет-әлпетін биометриялық сәй­кестендіру арқылы қашықтан ЭЦҚ алудың пилоттық жобасы әзір­леніп, іске қосылды. Қызмет­тің бұл түрі іске қосылғалы бері жеке және заңды тұлғалар үшін 2,3 миллионнан астам ЭЦҚ қашықтан жасалып шығарылды.

Осы саладағы бірқатар ен­гізу­лерден кейін қазіргі таңда біржолғы хабарлама түріндегі құпия сөз арқылы қол қойып, 120-дан астам мемлекеттік қызмет түрі мен сервис алуға болады. Сонымен қатар eGov порталында QR-код арқылы мемлекеттік қызметтерге қол қою қызметі іске қосылды.

Мекемеаралық байланыста да, азаматтармен қарым-қатынас кезінде де қағазбастылықтан барынша бас тартқан жөн екеніне тоқталған Президент «Жыл соңына дейін ең қажетті анықтамалардың қағаз түрінде талап етілуін тоқтатып (47-ден 30-ы), мәліметті цифрлы түрде растау тәсілін қамтамасыз етуді тапсырамын. Бізде мекенжай, мүліктік және өзге де анықтамалар бойынша оң тәжірибе бар. Мемлекеттік органдар жеке куәлікті, дип­ломды, жүргізуші куәлігін электронды түрде қабылдауға тиіс», деді.

Енді eGov mobile қосым­шасында жеке, туу туралы, неке қию туралы, аты-жөнін, әкесінің атын өзгерту, неке бұзу туралы, жүргізуші куәліктерімен қатар электронды техникалық төлқұжат, ПТР талдамасының нәтижелері, студент билеті, білім алғаны туралы диплом сияқты құжаттардың цифрлы нұсқасы қолжетімді.

Бұдан басқа да бірқатар жағымды өзгерістер қолға алын­ды. «Экономика халықтың әл-ауқатын арттыруға бағыт­талуы керек» деген Президент сөзінен кейін ұлттық табыстың өсімінен түсетін игіліктерді әділ бөлу, тиімді әлеуметтік «лифтілерді» орнықтыру сынды жұмыстар қолға алынды. Білім беру, денсаулық сақтау жүйелерін ілгерілету де басты мақсаттардың біріне айналды. Алдағы уақытта өзгеріске бастаған құжаттың жағымды нәтижелері халықтың көңілінен шығады деп үміттенеміз.

Биылғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» Жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азиядағы экономикасы ең ауқымды ел саналатын Қазақстан да қазір пандемияның зардабын тартып жатқанын сөз етті. Осы ретте «Біз орта мерзімді эконо­ми­калық саясатымызды ай­қын­дап, мемлекеттік бастама­лар­ды реттеу үшін 2025 жылға де­йін­гі дамудың Ұлттық жос­парын және Мемлекеттік жос­­пар­лаудың жаңа жүйесін қа­был­дадық. Ұлттық жобалар бекі­тілетін болады» деген болатын.

Президент Жарлығымен бекітілген 10 ұлттық жобаның әрқайсының қоғамымыз үшін маңызды екенін баса айтқымыз келеді. Олар: «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақ­тау», «Білімді ұлт» сапалы білім беру», «Ұлттық рухани жаң­ғыру», «Цифрландыру, ғы­лым және инновациялар есебінен технологиялық сер­пі­ліс», «Кәсіп­керлікті дамыту», «Қуатты өңірлер – ел да­муы­­ның драйвері», «Қазақ­стан­дықтардың әл-ауқатын арт­тыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу», «Жасыл Қазақстан», «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту», «Қауіпсіз ел» ұлттық жобалары. Бұл жобаларға жауапты ведомстволар тапсырмаларды орындау бойынша іс-қимыл жоспары дайын екенін, жұмыстар басталып кеткенін хабарлады.

Жалпы, 2021 жылғы Жол­дауда айтылған міндеттердің және Ұлттық жобалардың қан­дай деңгейде іске асырылатынын уақыт көрсетеді. Десек те, биылғы Жолдау бойын­ша қыркүйек, қазан, қара­ша, жел­тоқсан айларында ат­қарыл­ған шаралардың ауқымы мен сапасы көңілге сенім ұялатады.