Аймақтар • 25 Қаңтар, 2022

KEGOC неге жарық өшіп қалғанын түсіндірді

3586 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Еліміздің бірнеше өңірінде жарық өшті. «KEGOC» компаниясының өкілдері мәселенің мәнісін түсіндірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

KEGOC неге жарық өшіп қалғанын түсіндірді

«25 қаңтарында сағат 11.59-да (Нұр-Сұлтан уақытымен) Орталық Азия (Өзбекстан, Қырғызстан) энергия жүйесінде туындаған апаттық жағдайдан соң «Солтүстік-Шығыс-Қазақстанның оңтүстігі» 500 кВ электр энергиясы транзитіне арналған қуаттың төмендеуі байқалды. Салдарынан «Солтүстік-Шығыс-Қазақстанның оңтүстігі» транзитінің апатты бөлінуі орын алып, Қазақстанның оңтүстік аймағындағы тұтынушылардың басым бөлігі жарықсыз қалды. Шектелу көлемі шамамен 1 500 мегаватты құрайды. Қазіргі уақытта жүйе операторы «KEGOC» АҚ апатты жою іс-шараларын қабылдап жатыр», делінген компания келтірген ақпаратта.

Біршама уақыт бұрын «Самұрық-Энерго» АҚ Алматыда электр энергиясының өшуіне байланысты пікір білдірген болатын.

«Өңірді энергожүйенің солтүстік және оңтүстік бөліктерімен байланыстыратын жоғары вольтты электр желілерінің апатты түрде тоқтауына байланысты Алматы қаласы мен Алматы энергетика орталығы оқшауландырылған жұмысқа ауыстырылды», деді компания өкілдері.

Сонымен қатар әлеуметтік желілерде Жамбыл және Түркістан облыстарында жарық сөнгені туралы хабар тарады.