Туризм • 27 Қаңтар, 2022

Маржан мекендер

1540 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қас-қағым сәтті мәңгілік ескерткішке айналдыру әрбір фотосуретшінің арманы. Алыс бір қиырдағы адам аяғы баспаған тылсым көріністерді автормен бірге саяхаттай отырып, табиғат ананың шексіз сұлулығына таңғалмасқа шараңыз жоқ. Бәзбір кенепке салғандай тіл жетпес көркем әлем өз иіріміне тартып әкетеді. Көңілімізді кезекті рет осындай әсерге бөлеген отандық фотогер Деонисий Миттің терең ізденістері.

Маржан мекендер

Пабло Пикассо: «Суретші – әр жерден: аспаннан, жерден, қа­ғаздың сыбдырынан, өткінші формалардан, тордан, таулардан, даладан, табиғаттың әртүр­лі көріністерінен келетін эмо­циялардың ортасы» деп қалай дәл айтқан. Сіз бен біз сырына үңіле бермейтін әр сәттің қоз­ға­лы­сынан уақытты ұстап алу осы бір жандарға жүктелген миссия іспетті. Нағыз шебердің нысанасына ілінген маржан мекендер сізге де қол бұлғап, алдыңыздан жаңа бір әлем ашылғандай күй кешесіз. Ә.Қастеев музейінде салтанат құрған «Қазақстан – таулар мен дала мекені» көрмесіне көз тас­тап, автордың ширек ғасырлық шы­ғар­машылығына шолу жасайсыз.

Табиғат тынысын зерделеген туындылар бірден баурайды. Каспий маңы ойпаты, Маңғыстау  үстірті,  «Сібір Швейцариясы» атан­­ған Бурабай, жер жәннаты Жетісу көз алдыңызда өзгеше өр­нек салады. Іле Алатауына үңі­ліп отырып, ақ мақтадай ақша бұлт­тың тасасынан Тянь-Шанның қар басқан жоталары шыға келеді. Деонисийдің шығармалары – адам­ға бағынбайтын – су, жер, ауа стихиялары туралы баяндайтын фото-әңгіме тәрізді. Оның кейіпкерлері мейлі адам, мейлі жануар болсын бірден көзге түспейді. Панорамалардың қуысында жасырынып көзге көрінер-көрінбес даққа айналады.

– Деонисий Мить түзу және қи­ғаш сызықтарды, тегіс және сынған контурларды, суық және жылы реңктерді біріктіретін күрделі, көп қабатты композициялық ше­шім­дерді тәуір көреді, кадрмен ой­найды. Алдыңғы пландардың анық талдануымен және кейінгі пландардың реңктік ұласуларын жұмсақ модельдейтін купедегі фо­тографиялық «полиритмия» кеңіс­тіктің үш өлшемділігінің тия­нақты елесін жасайды. Кес­кін­демеде жарық және қараңғы ай­мақтар арасындағы күшті және батыл қарама-қарсылықтарды қолданудың бұл әдісі «сфумато», ал фотография өнерінде мұндай түстік пен реңктік параметр «чиа­роскуро» деп аталады. Сонымен қатар Деонисий кейде кадрды ортаға қойып, кейде фотосуреттің басты объектісін негізгі сызық­тар­дың тоғысу нүктесіне орналас­тырып, ал кейде оны айқын контраспен немесе түспен ерекшелеп, басымдықтарды өте дәл және өте дұрыс жүйелейді, – дейді көрме жетекшісі, өнертанушы Оксана Танская.

пв

Суретке түсіргенде Деони­сий бүкіл кеңістігі ақ-қар­лы мұздықтармен бірге қыз­ғылт, қызғылт сары, кәріптас реңк­те­рімен жарқыраған дала мен тау­лардың күн батқан кездегі, таңер­теңгі немесе найзағай алдын­дағы шектес жағдайларын ба­қы­лап-байқағанды жөн көреді. Бір ғажабы  мүлт кетпейді, қас-қағым сәттерді тоқтатып, оны одан да жұмбақ, одан да ке­ремет пішінде бейнелейді. Део­нисий Мить үшін бейнеленген объектілердің құрылымы мен қасиеттерін жеткізудегі ньюанс­тардың жиынтығының мәні зор, бұлар – сапалы сызыл­ған фак­тура, толық бітім әрі нақты да айқын бітім: жердің, тастың немесе жартасты жоталардың бедерлі беті, аспанның, тұманның, қардың тығыз немесе керісінше, борпылдақ бітімі, сонымен қатар ақылға сыйымсыз терең аспан бейнеленген су бетінің айна-қатесіз бітімі.  

Оксана Танскаяның пайымынша, Деонисий Мить – мазмұнның да, форманың да шебері. Оны жай ғана фотограф емес, жарық ар­қылы сурет салатын, жарық ар­қылы өзінің туындысына «жан бітіретін», сөйтіп әдеттегі әуен­дерді өзгертіп, ерекше көңіл күй қалыптастыратын фотограф деп таныған жөн.

Даланы әсем әрге бөлеген қызғалдақтар, жанға жылу сый­лаған жазира жоталар, аспан мен жер арасын жалғаған  ақша бұлттар, жұмбағы қалың үңгірлер бәрі-бәрі талант иесінің  нысанасынан тыс қалмаған.

Көз алдымызда тағы да сол көңіл баураған  маржан мекендер...

ва

 

АЛМАТЫ