Спорт • 03 Ақпан, 2022

BEIJING 2022: Спорт па, әлде саяси ойын ба?

441 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүкіл әлем назары қайта Қытайға ауды. Бүгін Beijing 2022 қысқы Олимпия ойындарының ашылу салтанаты өтеді.  Дүние жүзі жіті бақылап отырған ойындардың zero COVID ұранымен өтіп жатқаны баршаға мәлім. Ұйымдастыру комитеті сақтық шараларының өте қатаң болатынын әу бастан ескерткен-ді.

BEIJING 2022: Спорт па, әлде саяси ойын ба?

Олимпиада қалашығына орналасқан спортшылар, жаттықтырушылар, делегация мүшелері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері жергілікті халықпен жүздесу тұрмақ, белгіленген аймақтан сыртқа аттап баса алмайды. Спорт жарысы Қытайда өтіп жатыр демесеңіз, оның қытай көрермені мен жанкүйерлеріне тікелей қатысы жоқ көрінеді. Мұны Бейжіңге барып орналасқан қонақтың барлығы бірдей айтып жатыр. Қонақ үй мен спорт нысандары қоршаулы және күні-түні күзетіледі. Ұйымдастырушылар індеттің таралуын болдырмау үшін осындай шаралар қолға алынғанын айтады.

Шетелдік медиа басылымдар бұл көріністі Қытайдың «Қысқы Олим­пиада шары» деп атап кетті. Бұл – сырт­тан не іштен ешкімге кіруге рұқсат жоқ қолдан жасалған шар дегендері. Бей­жіңдегі 2022 жылғы ойындар халық­аралық спорт іс-шараларының ішіндегі бақылау деңгейі ең жоғары жарыс болып есте қалатын секілді. Жалпы, коронавирус пандемиясында Олим­пиада өткізуге болатынына былтыр Жапонияда көз жеткіздік. Қытай өзіне жүктелген міндетке аса тыңғы­лықты дайындықпен келгенге ұқсайды.

Ойынға қатысы бар спортшылар, командалардың ресми тұлғалары, БАҚ, еріктілер мен басқаларды қоса алғанда барлығы 60 мыңға жуық адам жұмылдырылған. Бұл жандардың алдағы апталардағы күнделікті әрекеті коронавирусқа тексерілумен басталады. Өткен айдан бастап елге келе бастағандардың арасынан 300-ге жуық адамнан вирус анықталған. Олар­­­дың келесі тест нәтижелері те­ріс болмай, ойынға қосыла алмайды. Ны­сан­дардағы жиі дезинфекция секіл­ді сақтық шаралары да мұндай да­йын­дыққа қаншалықты маңыз берілге­нін көрсететіндей. Асхана­дағы тағам таси­тын, еден жуатын роботтар да жұмы­сына адал. Олимпиадаға жеткен жур­налистер мен қонақтардың алғаш­қы әсері осындай.

Қытайдағы Олимпия ойындарының саяси сипатына келер болсақ, әлемдегі алпауыт елдердің соңғы жылдардағы қарым-қатынасы күрделі екендігі бел­гілі. АҚШ пен Қытай, АҚШ пен Ресей текетіресін бүкіл әлем бақылап отыр. Олимпиаданың саясиланбауы туралы қанша айтылғанымен, бұл мүмкін болмай тұр. Мәселен, АҚШ Қытайға дипло­матиялық байкот жариялап, ойынға өз өкілін жібермейтінін мәлімдеді.

Жақында Қытайдың сыртқы істер министрі ойынның ашылу салтанатына келетін тұлғалардың тізімін жариялады. Хабарламада Бейжіңдегі қысқы Олимпия ойындарының ашылуына 30-дан астам мемлекет, үкімет және халықаралық ұйым басшыларының қатысатыны айтылған. Шақырылған жоғары лауазымды тұлғалар тізімінде Ресей президенті Владимир Путин, Мысыр президенті Әбдел Фаттах Әс-Сиси, Сауд Арабиясы корольдігінің тақ мұрагері ханзада Мұхаммед бен Салман, Қатар әмірі шейх Тамим бен Хамад Әл Тани, Абу-Дабидің тақ мұрагері шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян және Пәкістан премьер-министрі Имран Хан бар.

Сондай-ақ Орталық Азия елдері – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан мен Өзбекстан басшылары да Олимпиада қонақтары болады. Ақорда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХР Төрағасы Си Цзинь­пиннің шақыруымен XXIV Қыс­қы Олимпия ойындарының ашылу сал­танатына қатысу үшін Бейжің қаласына жұмыс сапарымен баратынын хабарлады.

Одан бөлек Польша, Сербия, Сингапур, Аргентина, Эквадор және Моңғолия президенттері де Бейжіңде болады. Халықаралық ұйымдардан қонақтар қатарында БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриш, БҰҰ Бас Ассамблеясының төрағасы Абдулла Шахид және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус бар.

АҚШ-пен қоса Аустралия, Бельгия, Канада, Дания, Эстония, Германия, Жапония, Литва мен Ұлыбритания басшылары да Қытайда адам құқығы шектелді делінген айыпқа байланыс­ты өз өкілдерін жібермейтінін мәлім­деген. Осылайша, әлем елдерінің көш­басшылары ойынды саясиландырған­ға ұқсайды. Жақын күндері Си Цзинь­пин мен Владимир Путин кездесуінің маңызы спорт жарыстарынан кем түспейін деп тұр.

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024