Қазақстан • 06 Ақпан, 2022

Бақұл болыңыз, алыптардың соңғы тұяғы

1155 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мың айдың жүзін көрген, ғасыр жасаған, кешегі Мұхтар Әуезов бастаған алыптар шоғырының ізін басқан алаштың абызы, қаймана қазағының тауқыметті талайлы тағдырын қалам құдіретімен әлемге әйгілеген суреткер жазушы, Қазақстанның Еңбек Ері Әбдіжәміл Нұрпейісовтің қазасымен бірге бір дәуірдің тоғанақты керуені келмеске көшкендей. Телегей теңізді жырлаған тарланның өзі де бақиға аттанып, теңізге айналды.

Бақұл болыңыз, алыптардың соңғы тұяғы

Кеңестік зұлматты, алапат аштық пен қанды соғысты көрген, Арал қасіретін көкірегіне түйіп, оны адам экологиясымен шендестіре жазған классик жазушы талапшыл да талғампаз қалпымен артына өшпес мұра, өлмейтін туын­дыларын қалдырды. Сырты ызбарлы қатал көрінгенімен іші мейірімге толы патриархтың кірпияз болмыс-мінезі мен шығармашылық күрделі әлемі өзгеге ұқсамайтын. Қолына алған жақұтты жарқырататын қас зергердей, мінсіз мүсіншідей ол әрбір шығармасын күні кешеге дейін қайта-қайта қашаудан, түзеп-күзеуден, ширатып шыңдаудан әсте жалықпайтын. Әрдайым ағысқа қарсы жүзетін, сертіне берік, діні қатты, ділі құнарлы, діңі сексеуілдей шымыр дарабоз құбылыс, тарлан тұлға осы дегдар болмысынан, тарпаң мінезінен бір сәт танған емес. Бар ғұмырын жазуға арнаған, сөйтіп шынайы шығармашылыққа адал болған оның мұраты ғажап кейіпкерлер галереясымен ажырағысыз ұштасып, Әбең мен әдебиет деген біртұтас қастерлі ұғымға айналып кеткендей. Оның біреуді көлгірсіп мақтамайтын, өзі де мақтанбайтын, сабыры сарқылмайтын, төзімі түгесілмейтін шыңырау мінезі даладан дарыған нәр еді. Басқа қаламгерлер мерейлі белеске шыққан сайын дабыралап мадақ жаздырып, дақпыртпен той жасап жатқанда абыз Әбең бір де бір атаулы тойын атап өтпегені бүгінгі біздерге өнеге. Ол тұтас шығармасына ғана емес, әрбір сөйлеміне, әрбір жазған сөзіне ықтиятпен мән беріп, қайта-қайта өңдеуден-жөндеуден әсте қажымайтын. Суреткердің көркем сөз сиқырына іңкәр періште көңілі, эстетикалық тұнық талап-талғамы оны үнемі мазасыз еткеніне көзіміз талай мәрте жеткен.

Әбенің қазасы әдебиетіміз үшін ғана емес, ел газеті үшін де ауыр қайғы. Абыз ақырғы мақалаларының бірін «Егемен Қазақстанға» берді. Бас басылымның ғасырлық тойына арнайы келіп, ізгі тілегін арнап «сауатымды ашқан осы газет, сондықтан ол Құраннан кейінгі рухани ұстазым» деген еді жарықтық тебіреніп тұрып. Оқырманымыз ретінде газет редакциясына да талай келді, сонда Әбіш, Шерхан інілерінің алдында тағзым еткендей үнсіз ұзақ тұратын. Біз де Әбеңнің жанында біраз жүрдік, сарқылмайтын әңгімесін тыңдап, өнегесін көрдік. Ұстаздарына деген шексіз құрметі, замандастарына деген ерекше ілтипаты, інілері мен жастарға деген қамқорлығы әр сөзінен аңғарылып тұратын. Жасандылықты, жағымпаздықты, жарымжан дүниені жаны сүймейтін. Арғы ғасырлардан алтын арқауы үзілмей жеткен әдебиет пен өнерге, қазақтың қасиетті қара сөзіне адалдықтың ғажайып эталоны болған арқалы абыз жадырап риясыз қуана да білетін, кейде қырсығып, қатайып қалатын. Соның бәрі өзіне жарасып тұратын.

Әлемге әйгілі классик жазушыдан айырылып қалғанымыз арқамызды аяздай қариды. Көңілімізге демеу – артында қалған көл-көсір әдеби мұрасы мен желкілдеп өсіп келе жатқан жас оқырмандары.

«Егемен Қазақстан» газетінің атынан барша оқырмандарымызға көңіл айтамыз. Бақұл болыңыз, Алаштың абызы! Жаныңыз жәннатта болсын!