Аймақтар • 10 Ақпан, 2022

Ерболат Досаев Алатау ауданының тұрғындарымен кездесті

428 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Алатау ауданындағы проблемалық нысандарды аралады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ерболат Досаев Алатау ауданының тұрғындарымен кездесті

Қала әкімі ең алдымен Алатау ауданына баруды жөн көрген. Себебі, аудан активінде инженерлік желілердің, жылжымайтын мүлік объектілерінің аяқталмаған құрылысына, жол жабынының болмауына және басқа да жинақталған мәселелер бар.

«14-ші аумақ» шағын ауданының тұрғындары сот жосықсыз деп таныған мердігер «Керегетас» ЖШС-нен 2017 жылдан бастап сумен жабдықтау және кәріз бойынша жұмыстардың аяқталуын күтуде. Әсіресе, жөндеу жұмыстарының аяқталмағаны салдарынан жол жабынын қалпына келтіру мүмкін еместігі ерекше айтылды.  Көшпелі кеңес барысында қала басшысы мәселені шешудің негізгі кезеңдерін анықтады. Инженерлік желілердің құрылысын аяқтау және жол жабынын қалпына келтіру биылғы жылы жоспарланып отыр.

Мегаполис басшысы «Шаңырақ-1» шағын ауданындағы сумен жабдықтау және кәріз желілерінің құрылысымен танысты. Бүгінде мұнда 2460 жеке меншік үй орналасқан, оларда 21 800 адам тұрады. Көшпелі кеңес қорытындысы бойынша осы жылы Өтемісов көшесіне орташа жөндеу жүргізу туралы шешім қабылданды. Шағын ауданды сумен жабдықтау және кәріз желілерімен толық қамту үшін қала әкімі жобалық-сметалық құжаттаманы дайындауды және инженерлік желілер құрылысын 2022 жылы аяқтауды тапсырды. Инженерлік желілерді төсегеннен кейін бүкіл шағын ауданда асфальт жабыны қалпына келтіріледі.

Іс-шара барысында әкім және тұрғындардың бастамашыл тобы «Халықтық қатысу бюджеті» бағдарламасы аясында қоғамдық көлік санын арттыру мен балалар ойын алаңдарын салу мәселелерін талқылады.