Руханият • 17 Наурыз, 2022

Біз тербеткен бір бесік

1267 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әр халықтың өз бесік жыры болады. Сол бесік жыры – ұлттық болмыс­ты қалыптастырудың алғашқы факторы. Баланың болмысы, табиғаты, таным-түсінігі, дүниені қабылдауы мен сезім-түйсігі бесік жырынан бас­тау алатынын аңғару қиын емес. Бе­сік жырында сол халықтың салт-са­на­сы, тарихы мен тағдыры, арманы мен үміті тұрады. Дүниеде барлық ұлы музыкалық шығармалар, халық ком­позиторларының туындылары, тіпті танымал әндер де бар адамзат ба­ласына ортақ дүниеге айналып жатады. Қазақтың әнін біздің Димаш Құдайберген арқылы қырық халықтың ыңылдайтыны секілді, біз де дүние халықтарының әндерін айтып, тыңдап, көңіл бағында көктем құстарын сайратып жүреміз. Тек, бесік жыры ғана ортақ болмайды екен. Әр халықтың өзіне ғана тән бесік жыры бар, ол – сонікі, жалғыз сонікі.

Біз тербеткен бір бесік

Кейде біздің келіншек бөпемізді әлдилеп отырғанда, көзімнен жас еркімнен тыс ыршып шығып кетеді. Жас шығатыны – балалық шағымдағы анамның айтқан бесік жыры құлағыма келеді, жұмсақ, мейірімді, мейірбан ана дауысы, қазақ анасының ыңылымен айтылатын әуен, мені ғана емес, бүкіл дүниені тербетіп тұрғандай, сүйегіңді балқытып, сезіміңді егілтер бір сиқырдың баурайтыны. Мыңжылдар бойы үзілмеген бір нәзік далалық сезім, сана, рухтың бо­йымызды билейтіні.

Біздің ұлы эпосторға деген махаббатымыз бес шумақ бесік жырынан басталған. Бесік жыры арқылы халқымызды, хал­қымыздың жан-дүниесін сезіндік, та­ныдық. Ана тілімізді алғаш бесік жырынан естідік. Қара суда қасиеттісі ана сүті болса, қара өлеңде қасиеттісі бесік жыры екен.

Жалпы, дүние халықтарының бесік жырлары жайлы алдағы мақаламызда кеңінен тоқталамыз деп ойлаймын. Бүгінгі жазбаға себеп болған – бір ананың жан ауыр­тар әлдиі еді. Құрама штаттарда бесік жырының бірнеше нұсқасы бар екен, соның бірі – All the Pretty Horses (Барлық сүйрік аттар), күңдікте жүрген ананың әлдиі. Жалпы, еркінен тыс еңбекке жегу, өз атымен атағанда – құлдық, екі жүз елу жылға жуық АҚШ-та әлеуметтік институт ретінде өмір сүрді. Ана-құрлықтан аттанғандар, азап пен мехнат кешіп, арбаға жегілген аттай қызмет етті.

Бұл бесік жырының шығу тарихы төбе құйқаңды шымырлатады. Ана жүрегін сезіну, ана зарын, ана арманын, шарасыздығы мен қорғансыздығын сезіну ауыр. Африкадан келген ана көп плантациялардың бірінде, қожайынының үйінде күңдікте жүреді. Өзі жаңа босанған, аяқ-қолын бауырына алып үлгермеген жас ана қайта жұмысқа жегіледі. Оны өмірге келген нәрестесінен айырып алады, өйткені жұмыс істеуі керек. Жұмысы – қожайынының баласына қарау. Сонда әлгі жас ана қожайынының баласын тербетіп отырып, осы бесік жырын айтады екен.

Әлди, әлди, ақ бөбек,

Тәтті ұйқыға бат, бөбек,

Оянасыз, ойнайсыз,

Қара тұлпар, дүр ат та,

Шұбарала, сұр ат та,

Бәрі, бәрі, сіздікі,

Алты ақ ат байлайсыз.

Күңдіктегі жас ана осы бесік жырын ыңылдап айтқан сайын омырауын жас жуып отыратыны да анық-ау. Өз баласын емес, кісінің баласын әлдилеп отырғанда құлағына шырылдап жатқан шаранасының да үні келетін болар. Ана жүрегі үшін баланың бөтені болмас, бірақ өз баласын ешкім тербетіп отырмағанын ойлаудың өзі жас өмірін қажытар.

Кейде жас мемлекетіміз, жаңа әрі жас қоғамымыз, енді ғана қанаты қатая бастаған рух, сана, мақсат, мұраттарымыз жайлы ойлағанда, неге екені, осы бір бесік жыры да ойға оралады. Біз Қазақстанның – жалғыз Отанымыздың арманы мен мұратын, мүддесі мен ұмтылысын, өткені мен болашағын, келер жаңа ұрпағын әлдилей алып отырмыз ба? Жат ағымдар мен ұғымдарды, ойласпас ойды, ұстаспас қолды, өзге сырт пиғылды топтардың мүдделерін тербетіп келеміз бе? Жастық қуатын жаңа мемлекет құруға жұмсай аламыз ба? Кейде біздің қоғамдағы құлақ тұндырар айғайдан баланың үні естілмей қалатын секілді. Ал ол бала – қасиетті даланың өзі. Дала деген – біз.