Қоғам • 21 Наурыз, 2022

«Харекет» мың теңгеден бастау алды

323 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қолда барды бөлісу, жоқ-жітікке қарайласу халқымыздың салт-санасына сіңген асыл қасиет. Даласынан дархандық дарып, өмір өнегесін ізгілікпен өрнектеген бабаларымыз қайсыбір қилы кезеңдерде де Аллаға жағар амалдан алшақ кете алмаған. Тұрмыс тіршілігі шалқып жатпаса да жақынын жарға тастамай, қайырымдылықтың қақпасы ашылған жерден қалыс қалмайтын, қамқорлыққа бейіл жандар сол сара жолдың жалғасы.

«Харекет» мың теңгеден бастау алды

«Көп түкірсе көл» дегендей, әлеу­меттік желінің әлеуетін тиімді пай­да­лан­ған азаматтар мұң-мұқтажы көп талай тағдырға араша болып жүр. Жеке қорлардың көмегімен қаншама жанның баспана жыры байыпты шешімін таба бастады. Бұл ізгілікте шекара болмай­­­ты­­нының дәлелі. Бүгінгі әңгіме өзегі – халық ішінде кең танылып, мың­даған жанды қуантқан «Харекет» қайы­рым­ды­лық қоры.

«Мың теңгеге – баспана» деген атаумен бастау алған жоба аз уа­қыт­та қоғам қолдауына ие болды. Аталған ұжым­ның бастамашы болуы­мен төрт жыл ішінде мұқтаж жан­дар­ға 600-ден астам баспана кілті табыс­тал­ған. Бұл шынында да көңіл қуан­тарлық көрсеткіш. Сонымен «Ха­рекет» қайырымдылық қоры қа­лай құрылды?

Қор 2017 жылдың қыркүйек айын­да ресми тіркелген. Жоба авто­­ры Гүлмира Мұқанқызы сол жылы өзінің әлеуметтік желідегі па­рақ­­шасына былай деп жазып еді: «Мұ­сыл­ман бауырлар, осы фейсбукте бір жазбаны көзім шалып қалды. Онда: «Менің 3000 досым бар екен. 1000 теңгеден жинап «черный касса» ойнасақ қалай болады?» деп жазыпты. Сол жазба маған ой салды. Әрдайым жетім-жесірлер жайлы жазып жүрміз. Сол жетімдердің басынан сипай алдық па? Жесірлерге қолұшын бере алдық па? Аш отырған көр­шіңізді тамақтандырдыңыз ба? Біз қандай жақсылық жасадық? Алла тағала Құранда: шаңның тозаңындай жақсылық жасасаң оны көресің демеп пе еді... Ол жайлы уағыз-өсиет қаншама. Қадірлі бауырлар, менің ойым мынадай: әр айда 1000 теңгеден ортаға салып, 5 мың адам 5 миллион жинасақ, бір мұқтаж жанға үй салып берер едік. Мүмкін қайырымды жандар одан көп болып жатса, екі адамға қолұшын созармыз. Ол кісі­лердің қуаныш көз жасын көру қан­дай бақыт десеңізші. Жақсылық жа­сап жарыссақ. Сіздер қалай ойлайсыздар?.. Ол кісілерді табуға мешіттер кө­мектесер. Жер-жерден ерік­тілер та­была жатар. Жылына 15-20 адам­ның арманына жол ашсақ зор қуа­ныш емес пе...».

Жақсылыққа бағытталған са­пар­дың түбі сара. Осы бір көңіл тер­бетер қарапайым жазба бірнеше мың адам­ның тағдырын жақсы арнаға бұрды. Гүлмира ханымның жүректен шыққан сөзі жүректерге жетті. Сол тұста игі ұсы­ныс­ты желі қол­да­нушылары бірауыз­дан қолдап, ал­ғашқы жиналған 1 млн 600  мың теңгеге Сәтбаев қаласында 8 бала­сы­­мен жертөледе тұрып жатқан отба­сыға баспана кілті берілді. Осы­лайша халықтың демеуімен, мұқ­таж жандарға, жетім-жесірлерге, мүм­­кіндігі шектеулі кісілерге, жал­ғыз­­басты аналарға, т.с.с. жандарға үй немесе жер телімін алып беру, үй салуына көмектесу ісі үздіксіз жалға­сып келеді.

Дүниені дүрліктірген пандемия кезінде қарым-қатынас тоқтады. Бірақ «Харекет» қорының жұмысы тоқ­таған жоқ. Еріктілер күн-түнге қарамай қи­нал­ған жандарға қолұшын созды. Ше­телден тыныс алу құ­рылғыларын әке­ліп дерт дендеген талай жанға дем бер­геніне ел куә.

Қоғамдағы түйткілді мәселелерді астарлы әзілмен түйреп, қазақы қалыпқа сай шарапат жолын насихаттап жүрген «Өнер қырандары» театрының есімі «Харекет» қорымен қатар аталады. Қоғам қабылдауында бұл екеуі егіз ұғымға айналған. Себебі қор алғаш жұмысын бастағаннан оның жарнамасын жұртшылыққа жеткізіп келе жатқан өнер ұжымының өкілдері әр баспана кілті табысталған сайын көңілдерін керемет сезім кернейтінін айтады.

 – Жаратылыстың ішінде адам ғана ертеңіне алаңдап өмір сүреді. Кейде бойымыздан торғайлардың тәуекеліндей тәуекел табылмай қалып жатады. «Харекет» қайырымдылық қорында қызмет ете жүріп сондай жандарды көрдік. Шынымен де дәл сол торғай секілді жаратқанға тәуекел етіп өмір сүретін жандарды көрдік. Жүрегі тыныш. «Қалай өмір сүріп жатырсыздар, бала-шағаларыңыздың ертеңі қалай болар екен?» деген сауалымызға: «Жалғыз сенеріміз – Құдай. Адамдар бізге қайтара алмайды деп қарыз бермейді, көршіге барсаң, сұрай береді деп көргісі келмейді, тұрмыстың тапшылығынан ағайын да алыстап кететін жағдайлар болады. Мұндайда тағы да бір Құдайға жалбарынып, келер күннен үміт күтеміз. Тірнектеп тапқанымызды жалдама­лы пәтер иесінің қалтасына құйып отырмыз, қор жинап жеке баспанаға қол жеткізудің ауылы алыс» деп үн қатады. Солардың үміті ақталсын деген аппақ ниетпен «Харекет» қайырымдылық қоры ашылған болатын. Төрт жылда мыңдаған жанның арманы орындалды. Бәрі де ізгілікке іңкәр ағайынның ықыласы, халықтың қолдауы. Баспана кілтін табыстаған сәтте кішкентай жәу­­дір­­­көздер жанарына жас алып, біз­ді құ­шақ­тап, алғысын айтады, – дейді «Өнер қырандары» театрының жетекшісі әрі «Харекет» қайырымдылық қоры  құ­рыл­тайшыларының бірі Мадияр Серікбаев.

Әрбір келіп түскен өтінімді қордың комиссия құрамы саралай отырып нағыз көмекке зәру жандарды таңдап алады. Қордың құрылтайшылары қатысқан жалпы жиында келесі көмек кімге бері­ле­тіні анықталады. Сатып алынған үй немесе жер телімі әлеуметтік желіде жария түрде көрсетіліп отырады. Бұл қайырымдылыққа үн қосқан халықтың сенімі үшін қажет. Сауаптан үміт еткен әрбір азамат қордың шотына 1000 теңгеден салып отырады. Мүмкіндігіне сай ауқымды көмек көрсетіп жүрген атымтай жандар да баршылық.

Халқымыз асыға күтетін Наурыз мере­­ке­сінің түпкі мәнінде мейірбандық, жы­лы­­лық, бауырмалдық жатыр. Сол сезім қайта келген көктеммен бірге бүр жарып жүректерге сәуле құйды. Сол сәуледен нәр алған ізгі шуақ жандар үн қосқан «Харекет» қоры тара­­пынан қайырым көрген қаншама ананың жүзіне шаттық ұялады, олардың жүректері жылы төсек, жылы үйде тыныштық тапты. Мыңдаған жеткіншек мәре-сәре болып шын қуанды. Олар бүгін өз үйінде алаңсыз өсіп жатыр. Та­лайлардың алыстағы арманын жа­қын­датқан жақсылық жасағына жаңа жыл­да жаратқан жар болғай!

 

АЛМАТЫ