Қоғам • 24 Наурыз, 2022

Наурыз ізгі амалымен құтты

180 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тобыл-Торғай өңірінде Наурыз мерекесіне орай жасалып жатқан қайырымдылық шаралары аясында 317 отбасы азық-түлік себетін алды. Олардың ішінде мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алып отырған тұрмысы төмен отбасылармен қатар, көпбалалы ата-аналар, мүмкіндігі шектеулі сәби бағып отырған үйлер де бар.

Наурыз ізгі амалымен құтты

Қайырымдылық акциясына аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов те атсалысып, «Алтын алқа» иегері Жанат Шәкірова мен көпбалалы ана Анна Пинежскаяның үйіне кіріп шықты. Әкім көпбалалы аналарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, ұн, қант, күнбағыс майы, шай, жарма, макарон сияқты әлеу­меттік маңызы бар азық-түлік түр­лері мен балаларға таңсық тәтті өнім толы Наурыз қоржынын табыс етті.

– Жалғыз өзім бес бала тәрбиелеп отыр­мын. Ортаншы ұлымның мүге­дектігі бар. Жағдайымыз жаман емес, бала­лардың тұрақты әлеуметтік жәр­демақысы бар. Оның сыртында, ай са­йын тегін азық-түлік себеттерін алып отырамыз. Шынымды айтсам, мемлекет балаларыма әке орнына әке болып отыр. Әйтеуір, қамқорлығын аямайды. Міне, бүгін үйімізге аймақ басшысының өзі келіп, балаларым тәттіге қарық болып, қуанып мәре-сәре болып қалды. Былтыр қала әкімі келіп еді, биыл облыс әкімі келді. Балаларым Наурыз жақындағанда әкем қашан келеді деп емес, әкім қашан келеді деп сұрайды. Оған да шүкір. Бәрі­ңізді Наурыз мерекесімен құттық­тай­мын!, – деді Анна Пинежская.

Қайырымдылық шарасына Amanat партиясының өкілдері де қатысуда. Партияның «Бақытты отбасы» жобасы аясында жергілікті кәсіпкерлер өңірдегі мұқтаж отбасылардың үй-жайын жөндеп беру, көмір және ағаш отынмен қамтамасыз ету, коммуналдық қызмет ақысын төлей алмай отырған борышкерлердің қарызын өтеу, газ құбырына қауіпсіздік құрылғысын орнату сияқты игі амалдарды қолға алып жатыр.

 

Қостанай облысы