Бизнес • 25 Наурыз, 2022

Зардап шеккен кәсіпкерлерге қолдау көрсетіледі

192 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әділет министрі Қанат Мусин Алматы қаласының кәсіпкерлерімен кездесу өткізді. Күн тәртібінде қаңтар оқиғасы кезінде кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген залалға қатысты мәселе, сондай-ақ кәсіпкерлерді қолдаудың заңнамалық шаралары талқыланды.

Зардап шеккен кәсіпкерлерге қолдау көрсетіледі

«Қазір қаланы қалпына келтіру және зардап шеккен кәсіпкерлерге келтірілген шығынды өтеу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда», деді министр. Кәсіпкерлік залалдарды анықтау бо­йынша 128 сараптама тағайындалды. Оның 49-ы аяқталды, сараптама жасауға 12 жергілікті сарапшы және орталықтың аумақтық бөлімшелерінен 22 адам тартылды.

Қаңтар оқиғасы барысында зардап шеккен бизнес өкілдері министрге өздерін толғандырған сұрақтарды қойды. Жекелей алсақ, оларды сот тауарлық, құрылыс экономикалық, өрт техникалық, құрылыс техникалық сараптамалардың жүргізілу мерзімі, ережесі толғандырды.

Қанат Мусин министрліктің өз құзыреті шегінде кәсіпкерлікті қолдау бойынша атқарып жатқан шараларына тоқталды. «Атап айтқанда, 2021 жылдан бастап жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу мерзімін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік алынып тасталды. Электронды техникалық төлқұжат және сәйкестендіру және техникалық ақпараттағы сәйкессіздіктерді анықтау бойынша қорытынды беру іске қосылды. 2021 жылдың қаңтарынан бастап 9 мыңға жуық электронды төлқұжат берілді. Blockchain технологиясын пайдалана отырып, банк кепілі шарттарын тіркеу қызметі автоматтандырылды. 2021 жылдың 1 маусымынан бастап 1500-ге жуық кепіл шарты тіркелді. 2 сағат ішінде нотариаттық емес мәмілелерге құқықтарды электронды тіркеу, сондай-ақ нотариаттық мәмілелер негізінде жеделдетілген электронды тіркеу сәтті жүзеге асырылды», деді министр.

Естеріңізге салайық, 2021 жылғы 1 шілдеден бастап жылжымайтын мүлікпен мәмілелерді ресімдеу кезінде эксаумақтылық енгізілді. Егер бұрын мәмілелерді жылжымайтын мүлік орналасқан жердегі нотариус куәлан­дырса, енді тараптар оның орналасқан жері­не қарамастан кез келген нотариусқа жүгіне алады. Сәулет және қала құрылысы орган­дарының жылжымайтын мүлік объектісін бұзғанын растайтын құжат беру жөніндегі функциялары заңды түр­де бекітілді. Бұл олқылықты жою жыл­жымайтын мүлік дерекқорындағы объектілер туралы ақпаратты уақтылы жаңартуға және тиімді салық салуға ықпал етеді.

Қанат Мусиннің айтуынша, кәсіп­кер­лер үшін тіркеу іс-әрекеттерін оңай­лату бойынша шаралар қабылданды. Осылайша, «Басшыны өзгерту (басшыны тағайындау, басшының міндетін атқару­шыны тағайындау, заңды тұлғаның мүлкі мен қызметін басқарушыны тағай­ын­дау, басшыны лауазымынан шеттету)» қызметі автоматтандырылды. Қызмет 2021 жылдың қазан айынан басталды. Заң­ды тұлғаларды, оның ішінде коммер­циялық емес ұйымдарды тіркеу саласында мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру бойынша жол картасы бекітілді.

 

Алматы