Медицина • 06 Сәуір, 2022

Қазақстанға Украинадан дәрі-дәрмек жеткізілмейтін болды

528 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мәжілісте ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Украинадан дәрі-дәрмек жеткізудің қиындығы туралы сөз қозғады. Енді Денсаулық сақтау министрлігі бұрын жасалған шарттарды біржақты тәртіппен бұзып, қалған көлемдерге қосымша конкурстар өткізеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанға Украинадан дәрі-дәрмек жеткізілмейтін болды

Мәселені ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зарина Камасова көтерді. Ол денсаулық сақтау министрлігі пациенттерді дәрі-дәрмекпен үздіксіз қамтамасыз етуді қалай жоспарлап отырғанын сұрады.

«Геосаяси жағдай өте күрделі, бірақ дәрі-дәрмектердің 94%-ы сатып алынды. Бүгінгі күні дәрілік препараттардың барлық көлемінің 50%-ы «СК-Фармация» қоймалары мен хабтарына жеткізілді, маусым айының соңына дейін пациенттерді емдеуге арналған дәрілік препараттар жеткілікті. Украина жайлы айтатын болсақ, дәрілік препараттардың 1,6%-ы Украинадан жеткізілген. Жыл басында Украинадан келген жеткізушілер бізге осы көлемнің 40%-дан 70%-на дейін дәрі-дәрмек берді. Бүгінгі таңда зауыттар жабылды, біз қазір біржақты тәртіпте келісімшарттарды бұзып, қалған көлемде конкурстар өткіземіз», деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.

Сондай-ақ, ДСМ басшысы ведомство қазір дәрілік препараттардың шекті бағаларын индекстеуді қайта қарап жатқанын хабарлады.