Қазақстан • 05 Мамыр, 2022

Қаһарман Қайраттың ерлігі

614 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Полковник  Қайрат Үмбетов – Халық Қаһарманы, «Отан» орденінің кавалері, «Қазақстанның жүз есімі» тізіміне енген тұлға. Осыдан алты жыл бұрын ержүрек офицер қатерлі сағатта басын бәйгеге тігіп, жас сарбаздың өмірін қорғап қалды.

Қаһарман Қайраттың ерлігі

2016 жылы 7 сәуірде Қарағанды облысындағы Қарабас елдімекенінде 6505 әскери бөлімінің кезекті оқу-жаттығуы өтіп жатты. Бұған әскерге он ай бұрын шақырылған жауынгерлер қатысты. Жас сарбаздар оған дейін автомат пен тапаншадан оқ атып, жауынгерге керекті машықтарды меңгерген болатын. Енді олар жарылғыш граната лақтырып үйренуге келген еді. Құраманың штаб бастығы полковник Қайрат Үмбетовке сол кезде оқу-дайындыққа жауапты маман ретінде қауіпсіздікті қадағалау міндеттелді. Алғашқы болып Тараздан келген қатардағы жауынгер Абзал Сұлтанқұлов РГД-5 гранатасын қолға алды. Пәрмен берілген соң ол гранатасын құлаштап лақтырды. Алайда гранатаны лақтыруға лайық күштің жеткіліксіз болғаны ма, ол алысқа ұшпай, қарсы соққан желдің екпінімен окоптың жиегіне, үйілген топыраққа түсті. Содан ол домалап, сарбаз бен офицер тұрған тұсқа жетті. Тәртіп бойынша граната лақтырғаннан кейін сарбаз тұрған жерінде отыра қалу керек. Абзал да қаруын ұстап, отыра қалды. Жауынгер өзі лақтырған гранатаның табанының астына түскенін білмеген еді. Енді шалт қимылдаса, ол 3-4 секунд ішінде жарылады. Сол сәтте бойындағы бар жігерін жинап,  қас-қағым сәтте сардар сарбазды итере салып, оны кеудесімен жауып үлгереді. Нәтижесінде жарылыс салдарынан полковник Үмбетов ауыр жарақат, денесіне отыздан аса жарқыншақ алды. Ал сарбаз аман қалды.

Осы асқан ерлігі үшін ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының Жарлығымен 2016 жылдың 3 мамырында Қайрат Үмбетовке Алтын жұлдыз және «Отан» орденімен бірге, «Халық қаһарманы» атағы берілді.

Анықтама: Үмбетов Қайрат Жарылқасынұлы  1977 жылы  10 қыркүйекте Өзбек КСР Ташкент облысы Шыршық қаласында дүниеге келген. Ленин орденінің Шыршық жоғары танкілі командалық-инженерлік училищесін аяқтаған.

2001 жылы аға лейтенант шенінде алғашқы қызмет жолын 6506 әскери бөлімінде рота командирі болып бастайды.  

2007-2016 жылдар аралығында  Павлодар, Өскемен, Қарағанды қалаларында рота, батальон командирі, әскери бөлім командирінің орынбасары іспетті қызметтерді сәтті жалғастырады. 

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық Қорғаныс университетін тәмамдаған соң өзі қызметің бастаған 6506 әскери бөлімінің командирі болып тағайындалады.

2020 жылдың 17 қыркүйегінен бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы лауазымын атқарады.