Қазақстан • 06 Мамыр, 2022

Тәуелсіздіктің сенімді тірегі

206 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Биыл Қазақстан Қарулы Күштеріне 30 жыл толып отыр. Осы уақыт аралы­ғын­да төл әскеріміздің жаңа келбеті қалыптасты. Егемен елмен бірге еңсерген ордалы отыз жыл жетістіксіз емес. Отан қорғаушылары тәуелсіздіктің сенімді тіре­гіне айналды.

Тәуелсіздіктің сенімді тірегі

Құрлықта – құрыштай, аспанда – айбарлы, теңізде – тегеурінді

Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс әлеуетін нығайту, әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне қол­дау көрсету мемлекеттің бас­ты мін­деті екенін ұдайы айтып келе­ді. Жоғарғы Бас қолбасшының Қару­лы Күштерді дамыту жөнін­дегі тапсырмаларын іске асыру мақ­сатында бөлімшелерді қайта ұйым­дастыру мен жарақтандыру жұ­мыс­тары жалғасуда, әскерлерді қол­данудың жаңа әдістері енгізіліп жатыр.

Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери бөлімдері мен құрамалары бастауын еліміздің аумағында орналасқан әртүрлі кеңестік топтардан алады. Бүгінде бұл барлық маңызды бағытта шоғырланған ұтқыр да, ықшам, жан-жақты жақсы жабдықталған әскерлер деп айта аламыз.

Десанттық-шабуылдау әскер­лері­нің элиталық бөлімшелері сын­дарлы сәтте жалпы жауын­гер­лік тәртіпте де, басты күштер­ден оқшау да әрекет етіп, еліміз­дің еге­мендігін қорғауға дайын. Мем­лекеттің әскери қауіпсіз­дігін қам­тамасыз етудегі күрделі мін­деттер дайындығы мықты әскери қыз­метшілермен жасақталған Арнайы операциялық күштерге жүктел­ді. Ал Әскери-теңіз күштерін теңіз шебіндегі тегеурінді тұтқа деп айта аламыз.

Отыз жыл ішінде елімізде әс­кери кадрларды даярлаудың лей­те­нанттан генералға дейінгі көпдеңгейлі жүйесі құрылды. Әске­ри мамандар Құрлық әскерлері­нің әскери институтында, Радиоэлек­троника және байланыс әскери-инженерлік институтында, Әуе қор­ғанысы күштерінің әскери инс­титутында дайындалады. Қару­лы Күштерде сарбаздардың жауын­гер­лік машығы, бөлімшелердің әскери тәртібі мен моральдық-жа­уынгерлік жағдайы көбіне бай­ла­нысты болатын кәсіби сержант­тар институты енгізілді. Респуб­ли­калық әскери мектептер желісі құрылды.

Қазақстан әскерінің бітімгерлік қызметі де халықаралық аренада үлкен беделге ие болды. Біз бұл ба­ғыт­тағы алғашқы тәжірибеден өт­кен ғасырдың 90-шы жылдары өт­кенбіз. Қазақстандық біріккен ба­тальонн­ың бірнеше ауысымы Тә­жік­станда болып, ТМД-ның оңтүс­тік шекарасын қорғағаны белгілі. Бұдан кейін Қазбаттың арнайы бөлімшесі Ирактағы көпұлтты коалициялық күштер құрамындағы бітімгерлік миссиясына қатысты.

Қазақстандық әскери қызмет­шілер Біріккен Ұлттар Ұйымының Непалдағы, Батыс Сахарадағы, Кот-д’Ивуардағы және ЕҚЫҰ-ның Грузиядағы миссияларында бақылаушы ретінде қызмет ат­қарды. Қазіргі уақытта біздің офи­церлер Ливан мен Батыс Саха­ра­да бітімгершілік миссияларына қатысып жүр. Бұл бағыттағы жұмыстардың маңыздылығын ескере отырып, Алматы облысы­ның Тілендиев кентінде бітімгер­шілік дайындық орталығы ашылды. Ол жерде саперлер мен әскери дәрігерлерді, полицейлер мен барлаушыларды оқытады.

Қазақстан посткеңестік кеңіс­тікте алғашқы болып Қарулы Күш­т­ерде әскери полиция органдарын құрды. Бүгінде бұл құрылым ал­дыңғы қатарлы қару-жарақ түр­лері­мен, арнайы техникалық құ­рал­­дармен және ақпараттық жү­йе­лермен толықтай қамтамасыз етілген.

Армияны тұрақты түрде қар­жы­ландыруды қамтамасыз ете­тін экономикалық ахуалдың жақ­са­руына байланысты оқу-жауынгерлік қызметтің қар­қын­­дылығы артып, әскери қыз­мет­­шілердің тұрмысы да жақ­сар­ды. Сәуір айының ортасында Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Респуб­ли­касы­ның кейбір заңнамалық акті­­леріне әскери қызмет және арнау­лы мемлекеттік органдар қыз­мет­керлері мен әскери қызметші­лер­дің тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Бұл құжат Отан қорғаушыларды әлеуметтік қамтамасыз етуді жақсартуға, әскери қызмет өткеру мәселелерін реттеуге арналған. Атап айтқанда, заң­да қызметтік тұрғын үйді же­ке­шелендіру, ақшалай өтемақы алу, тұрғын үйді жекешелендіру құқығының қайтыс болған (қаза тапқан) әскери қызметшінің отбасы мүшелеріне ауысуы, қызметтік тұрғын үйді қалдық құны бойынша немесе өтеусіз жекешелендіру, әскери қызметшілердің құқықтары мен міндеттерін кеңейту көзделген.

Мемлекет басшысы армия­ны қару-жарақ пен әскери техни­каның заманауи және жоғары техноло­гиялық үлгілерімен жабдықтау қажеттігіне баса назар аударып келеді. Осыған сәйкес, әскерлердің сапалық параметрін арттыру мен оларды кезең-кезеңмен қайта қаруландыру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп жатыр.

Қазіргі қолданыстағы сауытты техникалардың дені кеңестік және ресейлік өнімдер. Десек те, Қазақ­станда заманауи сауытты дөң­ге­лекті машиналар шығару оң жол­ға қойылған. Бұдан өзге, зы­мы­ран­дық-артиллериялық және ауыр от шашатын жүйелер, радио­элек­трондық барлау және күрес кешендері сатып алынып жатыр.

Әуе қорғанысы күштерінің де жай-күйі ел басшылығының жіті назарында. Қазіргі заманғы сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерді ескере отырып, еліміздің әуе ше­бін күзетуде жауынгерлік кезек­ші­лікте тұрған бөлімшелер қару-жарақтың озық түрлерімен жа­рақ­тандырылуға тиіс. Қайта қару­ландыру бағдарламасына сәйкес, Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері жаңа және жаңғыртылған зымырандық кешендер мен радио­ло­кациялық стансалармен қам­тама­с­ыз етілді. Қару-жарақтың же­ке­леген түрлерін жаңғыртуды «Қауіп­сіз ел» ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде қазақстандық кәсіпорындар жүзеге асырып келе­ді. Әуе қорғанысы күштерінің авиа­циялық паркі қазіргі заманғы жой­ғыш ұшақтармен, әскери-көлік ұшақ­т­арымен, соққы беруші және көліктік-жауынгерлік тікұшақ­тармен толықтырылды. Сонымен қатар барлау тапсырмаларын орын­дау, кедергі қою және жерүсті ны­сан­дарына дәл соққы беруге ар­нал­ған екпінді-барлау, барлау және тактикалық ұшқышсыз бас­қарылатын ұшу құрылғылары сатып алынды.

Жаңа Қазақстан – жаңа армия

Халықаралық жағдайдың шие­ленісуінен, жаңа сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлердің сипатынан сабақ ала отырып, бөлімшелердің жауын­герлік әзірлігі мен жауын­герлік қабілеті ерекше өзектілікке ие болды. Гибридтік соғыстар жа­уын­гер­лік дайындықта түбегей­лі өзгерістерді қажет етеді. Бүгінде Қазақстан әскері қорғаныс пен шабуылдағы классикалық ұрыс түрлерін қолданудан қазіргі қарулы қақтығыстар тәжірибесіне сәйкес ұрыс дағдыларын игеруге көшті. Бұл қалалық, таулы жерлерде ай­тар­лықтай ұтқыр қимылдайтын, техникалық жағынан жақсы жарақталған, шағын топтардан тұратын заңсыз қарулы топтарға қарсы ұрыс түрі.

Арнайы операцияларды жүр­гізу мәселелерін пысықтау кезін­де басқа да әскерлер мен әске­ри құрылымдардың бөлімше­лері­мен өзара іс-қимылдар мен прак­тикалық тәжірибе алмасу ұйым­дастырылды. Бұл тәжірибе рота­ның елді мекендерде заңсыз қару­лы құрылымдарға қарсы жауын­гер­лік іс-қимылдар жүргізу кезінде негіз­гі буын болып қала беретінін көр­сетті. Сол себепті жеке құрамның да, командирлердің де жылдам өз­гермелі жағдайларда сенімді бағдар алып, қолда бар күштер мен құралдарды тиімді пайдалануы өте маңызды болып отыр.

Қарулы Күштердің Бас штабы Мемлекет басшысының тап­сыр­маларын іске асыру шең­берін­де жауынгерлік дайындық бағ­дар­ламасын қайта қарауды, әскер­лерді қолданудың жаңа тәсілдерін ен­гізуді қолға алды. Қазіргі уа­қытта жұмыс тобы басшылық құжат­тар­ды өңдеумен айналысып жатыр.

Қазіргі заманғы қарулы қақ­ты­ғыс­тардың тәжірибесі мен әс­кери қауіпсіздікке төнетін қа­тер­­­лерді қаперге ала отырып, әс­кер­лерді оқыту бағдарламасына жеке құрамның жауынгерлік дағдыларын жетілдіруге бағыт­тал­ған өзгерістер енгізілді. Бөлім­ше­лерді даярлау практикасына қала­да ұрыс жүргізу кезінде қажетті әскери тактикалық атыс енгізілді.

Бөлімше командирлеріне төтен­ше жағдай режімін қолдау мә­се­лелері бойынша тактикалық сабақтар өткізіліп тұрады. Ұш­қыш­сыз ұшу аппараттарымен күрес тәсілдері әзірленіп, ол жалпы әскери бөлімшелерді даярлау бағдарламасына енгізілді.

Бұдан өзге, жауынгерлік са­бақтар барысында басқа да әс­керлер мен әскери құралым­дардың бөлімшелерімен өзара іс-қимылды үйлестіру мақсатында практикалық тәжірибе алмасу жүргізіледі. Бұл өзгерістердің бәрі Қарулы Күштер бөлімшелерінің жеке құрамын оқыту мен олардың жауынгерлік қабілетінің деңгейін арттыруға, қолда бар күштер мен құралдарды тиімді пайдалануға мол мүмкіндік береді.

Президент Жарлығымен Қорға­ныс министрлігінің құрылымында Арнайы операциялар күштерінің қолбасшылығы құрылды. Біз олар­ды бейбіт уақытта да, соғыс уақы­тында да қолдана аламыз.

Осы жерде Арнайы операция­лар күштерінің компоненттері бұған дейін, яғни 2013 жылдан бері Қарулы Күштердің үш түрін­де болғанын нақтылап кетсек, ар­тық болмайды. Бірыңғай қол­бас­шылықты құру Арнайы операциялар күштерінің күрделі және жа­уапты міндеттерді орындау кезіндегі іс-қимылдарының жеделдігі мен тиімділігін арттыруға бағытталып отыр. Әдетте, өзге әскер түрлері мен тектерін қолдануға қажеттілік не­ғұр­л­ым тым қымбат саналған жағ­дайда ұтқыр әрі оқытылған, жарақ­талуы мен жабдықталуы жағынан жақсы бөлімшелер талап етіледі.

Арнайы операциялар күштері­не қорғаныс және әскери қауіп­сіз­дік жөніндегі тапсырмаларды орындау, терроризмге қарсы опе­ра­цияларға қатысу және заңсыз қару­лы құралымдарға қарсы іс-қимыл жүргізу жүктелген.

Қорғаныс министрлігі бөлімше­лердің күштері мен құралдарының құрамын, қолбасшылықтың функ­циялары мен міндеттерін бел­гіледі. Қазіргі уақытта тікелей бағы­нысты бөлімдерді жасақтау жұ­мыстары жүріп жатыр. Іріктеу Қару­лы Күштер қатарында қызмет ететін әскерилер арасында ғана жүргізілетінін айта кету керек.

Сонымен бірге басқа күштік құрылымдарымен бірлесіп, арнайы операцияларды орындауға дайындықты күшейту үшін шұғыл ұйымдастыру шаралары қабыл­данды. Бұл жерде бағыныс тәрті­бін өзгерту, Арнайы операция­лар күштері қолбасшысының бас­қар­масын құру жеке құрамның жауын­герлік даярлық деңгейін, олар­дың дәлдігі жоғары қарумен, барлау, байланыс құралдарымен жарақтандырылуын арттыруға мүмкіндік береді.

Әлемде қарқынды дамып келе жатқан геосаяси шиеленістер мем­лекеттің қауіпсіздігін қамтама­сыз ететін басымдықтарға әсер етті. Жоғарғы Бас қолбасшы алдымызға ұлт­тық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесін түбегейлі қайта ұйым­дастыру міндетін қойды. Қарулы Күштер оның маңызды құрамдас бөлігі екенін біз жақсы түсінеміз.

Ұйымдастырушылық, техни­калық және технологиялық дең­гейлерде де оң өзгерістер бар. Ерек­ше тапсырмаларды орындауға, жедел шешімдер қабылдауға және ведомствоаралық үйлестіруге баса назар аударылатын әскерлердің жауынгерлік даярлық жоспарларына түзетулер енгізілуде. Бұл жерде әскерлерді басқару жүйесінің тиім­ділігі көбінесе жағдайды объек­тивті талдауға, сандық тәсілдерді енгізуге де байланысты.

Мұндай жағдайда байланыс, радиоэлектронды күрес және барлау құралдары ерекше мәнге ие болмақ. Біз 2022 жылғы қару-жарақ пен әскери техника сатып алу жос­парын қайта қарадық. Сақтау объектілерінің құрылысы мен пай­даланылмайтын оқ-дәрілерді кәдеге жаратуда көлемді жұмыстар атқарылды.

Бұл тапсырмаларды орындау Қарулы Күштердің кадрлық әлеуеті мен әскери білім сапасына да қатысты. Бұл мәселелер Қорғаныс министрлігі басшылығының жіті назарында.

Қысқаша қайырсақ, біздің алдымызда осындай тапсырмалар тұр. Бұл міндеттерді шешу басшылық құрамнан күш-жігерді, дәйекті әрі үйлесімді іс-әрекеттерді талап етеді.

Арыс пен Сарыкемердегі жарылыстардан туындаған төтенше жағдайларды қазақстандықтардың қорғаныс ведомствосымен тығыз байланыстыратыны баршаға мәлім. Алайда пайдаланылмаған оқ-дәрілердің мәселесі кеше ғана туындаған жоқ. Халықтың тығыз орналаспағанын ескерген Кеңес Одағы стратегиялық оқ-дәрілер қорын өткен ғасырдың 30-жылдарынан бастап Қазақстан аумағына әкеле бастады.

Қорғаныс министрлігі құрыл­ған сәттен бастап осы оқ-дәрі­лер­ді түгендеумен, олардың жарам­дылығын тексерумен, сондай-ақ сұрыптаумен және орналастырумен айналысып келеді. Сонымен бірге оқ-дәрілердің бір бөлігі әскери-техникалық көмек ретінде көрші мемлекеттерге берілді. Қал­ған бөлігі жойылады немесе одан әрі сақтауға жатады.

Соңғы уақытқа дейін оқ-дәрі­лерді кәдеге жаратумен Индус­трия және инфрақұры­лымдық даму министрлігіне бағынысты ұйымдар айналысты. Арыс оқиғаларынан кейін Қарулы күштерде қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сақтау объектілерін жетілдіру жөніндегі кешенді жоспар қабылданды.

Дегенмен пайдаланылмай­тын оқ-дәрілерді кәдеге жарату қар­қынына қарап, Индустрия ми­нистр­­лігіне қарасты кәсіпорын­дар­дың шектеулі технологиялық және өндірістік мүмкіндіктерінен көп нәрсені аңғардық. Сол себепті Қорғаныс министрлігіне Индустрия министрлігі кәсіпорындарымен бірлесіп, пайдалануға жарамсыз және одан әрі сақтау үшін қауіпті оқ-дәрілерді кәдеге жарату жө­ніндегі шараларды орындауға мүм­кіндік беретін заңнамалық өзгерістер қабылдауға тура келді.

Көктем басталысымен жұмыс­тар қайта жанданды. Бұл техни­ка­лық аумақты тазарту мен арнайы ұйымдастырылған полигондарда жарылыс қаупі бар заттарды жою жүріп жатқан Арыс пен Сарыкемерге де қатыс­ты. Олардың орналасқан жері жер­гілікті атқарушы билік­пен алдын ала келісілген. Жұмыс­тар­ды білік­тілігі жоғары және прак­ти­ка­лық тәжірибесі бар, оның ішін­де шетелдік нұсқау­шы­лар­дың басшылығымен тәжі­ри­бе­ден өткен инженерлік-сапер­­лік бөлім­шелердің әскери қызмет­шілері жүргізеді.

«Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы шеңберінде елді мекендерден қауіпсіз қашықтықта орналасқан оқ-дәрілерді сақтаудың заманауи базалары салынады. Бұл алды­мен оқ-дәрілерді сақтауға және азаматтардың қауіпсіздігі мәселелерін оңтайлы шешуге көмектеседі.

Оқ-дәрілерді сақтау орындарында өрт қауіпсіздігі шаралары күшейтілді. Модульдік өрт сөндіру деполары салынды, жайтарт­қыштар орнатылды. Өрт сөндіруге қажетті су айдындары салынды. Оқ-дәрілері бар қоймаларға автоматты өрт сөндіру жүйелері орнатылды.

Отанды сүю – міндет, қорғау – парыз

Болашақ жауынгерлерді Отанын сүйетін өз елінің нағыз пат­риоты болуға тәрбиелеу отбасынан, мектеп қабырғасынан баста­лады. Бұл барлық мемлекеттік орган­дардың, оның ішінде білім беру, мәдениет және спорт мекеме­лері­нің, бұқаралық ақпарат құрал­дарының, ардагерлер ұйым­дары­ның жүйелі жұмысын талап етсе керек. Бұл бағыттағы жұмыс­тар­дың бәрі өткен тарихымызды зерделеуге, аталарымыздың Ұлы Отан соғысындағы ерлігін насихаттауға және Жеңістің құндылықтарын бағалауға арналуы керек.

Елімізде мемлекеттік мереке­лер­дің қарсаңында оқушылар мен әскерге шақырылушылардың қоғам қайраткерлерімен, әскери қызметшілермен және Қарулы Күш­тердің ардагерлерімен кездесу­лері дәстүрлі түрде ұйымдастыры­лып тұрады. Олардың қатарын­да Ауған соғысына қатысқан, БҰҰ бітімгершілік миссияларының құ­рамында отты нүктелерде қыз­мет еткен адамдар да бар.

Республикалық «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері аға буынның дәстүрін құрметтеп өсіп келеді. Бүгінде бұл ұйымның қатарында 200 мыңнан астам ұл-қыз бар. Жыл сайын солар үшін «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жиыны өткізіліп тұрады. Онда ба­лалар өздерінің зияткерлік, шы­ғар­машылық қабілеттерін, дене дайындықтарын көрсете ала­ды. Патриоттық тәрбие беру бағы­тындағы бұл жұмыстар тоқтаусыз жүргізілгені абзал.

«Қасіретті қаңтар» оқиғалары елдегі патриоттық тәрбие саласын­дағы үлкен олқылықтарды көрсетіп берді. Парламент Мәжілі­сінің отырысында Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көптеген жас аза­мат­тың Қарулы Күштер қата­рында әскери борышын өтеу­ден қашатынын атап өтті. Соны­мен бірге біздің алдымызға «Жас­тары­мызды әскери борышын өтеуге қалай ынталандыруға болатынын біз бүкіл қоғам болып ойластыруымыз керек» деген тапсырма қойды.

Осыған сәйкес, Қорғаныс ми­нистр­лігі бірқатар ұсыныс әзірле­генін айта кеткен жөн. Атап айт­қанда, қолданыстағы заңнамаға өзге­рістер енгізу мүмкіндігін қа­рас­­тырдық. Оның ішінде комму­нал­дық қызметтерге ақы төлеу ке­зінде мерзімді қызметтегі әс­кери қызметшілердің отбасы мү­шелеріне (мерзімді әскери қызмет­ті өткеру кезеңіне) қосымша жеңілдіктер беру, мерзімді әскери қызмет өткеру кезеңіне кредиттер («кредиттік демалыс») бойынша төлемдерді кейінге қалдыру, сондай-ақ білім беру секторында да жеңілдіктер беру көзделген.

Қорғаныс министрлігінде жауынгер елдің ұландарын әскер қатарында шын ниетпен қызмет етуге дайындау жұмыстары алдағы уақытта да жалғаса бермек.

 

Руслан ЖАҚСЫЛЫҚОВ,

Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі,

генерал-лейтенант