Аймақтар • 12 Мамыр, 2022

Еркіндік ертеңіне алаңдайды

492 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Шет ауданындағы Еркіндік деп аталатын аядай ауылдан «Егеменнің» Қарағандыдағы қосынына арыз келіп түсті. «Лай суды тұндырып ішіп отырмыз. Жолдан көрген азабымыз айтып жеткізгісіз», деген сыңайдағы жанайқай бар әлгі арыз-шағымның ішінде...

Еркіндік ертеңіне алаңдайды

Осы арыздың айдауымен жолға шықтық. Қарағандыдан ірі темір жол стансасы Жарық кентіне (қазір Сәкен Сейфуллин есімін иеленген – Қ.Ә.) дейінгі аралықты асфальт жол­мен жүріп, жан қинамай ең­сер­дік. Одан кейін Өспен ауылдық округінің құрамындағы Еркіндікті бетке алып, ел ішінде «грейдер жол» деп аталып кеткен кедір-бұдыр, шаңы бұрқыраған жолға түстік. Он сегіз шақырымнан кейін ауылдың шетіне іліккенімізде, тура жолдың үстінде қаңтарылып тұрған жеңіл автокөлікке келіп ат тұмсығын тіре­дік. Бір жігіт көліктің астында, екін­шісі оған құрал-сайманды беріп тұр екен. Сұрастыра келгенде, кө­лік­тің бұзылып, кардан білігінің істен шыққаны белгілі болды.

Өзін Жанболат Әбдірахманов деп таныстырған жігіт осының бәріне жол кінәлі дегенді айтты.

– Еркіндіктің тұрғынымын. Мек­теп­­те жұмыс істеймін. Жолдың жағ­­дайы – осы. Жарыққа қатынап жұ­мыс істейтін жігіттер бар. Ал бұл жолды 2025 жылға дейін «қаты­­ра­мыз», дейді әкімдер, – деді Жанболат.

Рас, жол деген аты ғана бар екен: ойқы-шойқы, қиыршық тастары сояу­дай-сояудай болып ол жатыр. Ал былайынша бетіне бір қабат асфальт жалатса, тақтайдай болатын түрі бар. Дегенмен Жанболаттар жөн­деп жат­қан «Лада» маркалы кө­лік те «жасарын жасап, асарын аса­ған» жарық­тық екен. Сау-там­ты­ғы жоқ өзінің...

Жанболат бізді ауылымыздың үлкені осында тұрады деп шеткі үйдің біріне бастады. Бұл шаңырақ жасы сексенге келген Жеңіс Қадыров есімді қариянікі екен.

– Ауыз су проблемасының бас­тал­ға­нына 10 жылдан асты. Айт­па­ған әкіміміз жоқ. Тіпті сенат депутаты Әбдікеровке де жаздық. Бірақ еш нәтиже болмай тұр, – деп бастады әңгімесін ақсақал.

Жалпы, Еркіндік ауылының ірге­сі­нен тереңдігі 40 метр ұңғыма қазыл­ған екен. Ондағы су таза кө­рі­не­ді. Бірақ жұмыс аяғына дейін бітпей қа­лыпты. Яғни ұңғы­ма­дан ауылға дейін су құбыры тар­тыл­ма­ған.

Ал ауыл тұрғындары болса, күні бүгінге дейін аулаларында қазылған құдықтан су алып ішеді екен.

– Бұл су сапасыз, – дейді Жеңіс ақсақал. – Олай болатын себебі, осы ауыл­дағы 70 үйдің жанында дәрет­ха­на, соншама монша бар. Одан қалды, жұрт мал ұстайды, бақша суарады. Міне, осы лас су, малдың нәжісі жерге сіңіп, біздің ішіп отырған суымызға барып құйы­ла­ды...

Бұл күнде жағдайы барлар суды 14 шақырым жердегі Өспеннен барып әкеледі екен. Ал қолы қысқалар амалсыз құдықтың суын ішіп отыр.

Таяуда ауылда аудан әкімінің орын­басары қатысқан жиын өтіп, осы мәселе турасында өткір әңгіме болыпты.

– Әкімдіктегілердің айтуынша, жұмыстың жылжуына бір-екі қағаз жетіспей тұр екен. Жылдағы уәде осы. Жұрт өкіметке сенбейміз, алдайды деп шу көтерді, – дейді Жеңіс ақсақал қынжылып.

Ал осы мәселеге қатысты Шет ауданының әкімі Мұхит Мұхтаровқа хабарласқанымызда, мынадай мәтін­де­гі ресми жауап алдық. Онда: «Ер­кін­дік ауылына арналған су құбыры жүйесінің құрылысы бо­йынша жобалау-сметалық құжаттарын да­­йындау ауданның құрылыс бө­лі­мі тарапынан 2019 жылдың 30 сәуірдегі №44 мемлекеттік сатып алу келісімшартына сәйкес бас­талған. «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң­ның талаптарына сәйкес, Еркіндік ауылына су құбы­ры жүйесінің құрылысына жоба­лау-сметалық құжаттарын да­йындауға аудандық бюджеттен 14 млн 946 мың теңге бөлініп, ашық конкурс өткізу қорытындысы бо­йынша Қарағанды қаласының «Гипроводхоз» ЖШС мердігер болып танылды. 2019 жылдың соңына дейін жобалау сметалық құжаттары аяқталды.

Жобалау-сметалық құжаттар негізінде, 2020 жылы жер құжаттарын рә­сімдеу жұмыстары жүргізілді. Алай­да ауыл шаруашылығы мақса­тын­дағы өтеулерді анықтау кезін­де, жер құжаттарын рәсімдеу уа­қыты мерзімінен артық созылды. Соны­мен қатар 2021 жылы жо­­­ба­лық-сметалық құжаттарды са­­рап­тамадан өткізу кезінде, сол жылы Қазақстан Республикасының эко­ло­гиялық кодексіне өзгерістер ен­гізілуіне байланысты, тиісті сараптама қорытындысын алуға кері әсе­рін тигізді. Бүгінде жобаны арнайы сараптамадан өткізу үшін жаңа эко­ло­­гия­лық заңдылықтарға сәйкес, тиісті жұмыстары істелінуде», деген жолдар бар...

Осы судың кесірінен бір бүйре­гі­мнен айырылдым деген Жеңіс ақ­са­қалдың ауласындағы құдықтан шық­қан «лай суды» да көрудің мүм­кін­дігі туды. Бірақ электр сорғының күшімен жердің бетіне шыққан су бізге мөп-мөлдір болып көрінді. Есесіне, ақсақалдың: «Бұл судың құрамын арнайы тексерттік. Ішуге жарамайды деген қағаз бар», дегені күдігімізді жуып-шайып кеткендей әсер қалдырды...

Ал Еркіндік тұрғындарын тол­ғант­­қан жол мәселесіне келсек, Ақадыр – Өспен – Жарық аралы­ғын­да­ғы 86 ша­қы­­­рымдық автомобиль жолы об­лыс­тық маңызға ие екен.

– Қаржыландыру, жөндеу және күтіп ұстау жұмыстары облыстық жолаушыларды тасымалдау және автомобиль жолдары басқармасы арқылы жүзеге асырылады. Жал­пы, Ақадыр – Өспен – Жарық авто­мобиль жолын 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен жөндеуден өткізу жоспарланған. Жол жөндеу жұмыс­та­рының қыруар қаржыны талап етуіне байланысты 86 шақырымды бір мезетте жөндеуге мүмкіндік жоқ, – дейді аудан әкімі М.Мұхтаров.

Жалпы, 2021-2022 жылдары аудан­ аумағында облыстық маңызға ие 85 шақырым жолды жөндеуден өткізу жоспарға енгізіліпті. Оның ішінде Ақадыр – Өспен – Жарық автомобиль жолының 30 шақырымы 2021-2022 жылдар аралығында орташа жөндеуден өткізіліп, асфальт жабыны төселетін көрінеді. Ал аудан­ әкімінің мәліметіне сай, биыл Жа­рық кенті мен Еркіндік ауылы арасындағы 18 шақырым жолға мамыр айының басынан қосымша материал төгіліп, тегістеу жұмыстары жүргізіледі екен.

Еркіндік ауылының халқы көтер­ген мәселенің бірі – мал қорымы­ның құры­лысы. Ауыл тұрғыны Амангелді Мәскенұлы мал қорымы жақын жерде ашық-шашық жат­қа­нын, онда санитарлық норма дегеннің атымен жоқ екенін айтады. Қорымдағы малдың өлексесі өртенбейді, тіпті көмілмейді екен. «Кейде ауыл иттері сондағы өлген малдың еті мен сүйек-саяғын үй жақ­қа әкеліп жейді. Ауру тарай ма деп зәреміз зәр түбіне кетеді», дейді ол.

Ал аудан әкімінің сөзіне сенсек, Өспен ауылдық округіндегі мал қорымын Өспен және Еркіндік елді мекендер арасындағы Утас деген жерге орналастыру жоспарланыпты. «Сараптама қорытындысы шыққан соң, құжаттар облыстық құрылыс басқармасына тапсырыла­ды. Облыстық басқармаға тиісті қар­жы бөлінген жағдайда, құ­ры­лыс жұмыстары жүргізіледі», дейді М.Мұхтаров.

Қалай дегенмен де, ауыл тұрғын­да­рының билік өкілдеріне деген өкпесі қара қазандай. «Біз уәдеге тойып болған адамдармыз. Осының бәрін балаларымыздың болашағы үшін айтып жатырмыз. Ауылдағы ауыз су, жол мәселесі шешілмесе, жастар да бұл жерге тұрақтамайды», деп уайым жейді ауыл ақсақалдары.

Жоғарыда біз айтып өткен проб­ле­малардан бөлек 450-ге жуық тұр­ғыны бар бұл ауылдың басқа да ұсақ-түйек мәселесі жетерлік екен. Мәселен, ауылдағы интернеттің күші әлсіз, байланыс нашар. Сондай-ақ Еркіндікте медициналық бекет бар екен де, медбике Өспеннен қатынап жұмыс істейтін көрінеді. Жастар қол боста немен айналысарын білмей дал болады дегенді айтады ауыл азаматтары. Өйтпегенде қайтсін: ауылда мәдениет үйі, спорт залы жоқ...

Еркіндіктің ақсақалдары ауыл­дың тарихи атауы Қаражартас екенін айтады. Бұған бұл топырақ­қа Қазақ радиосының сандуғашы атанған Сауық Жақанованың кіндік қаны там­ғанын қосты. «Ауылы­мыз­дың атауын «Қаражартас» деп қал­пы­на келтіру ойда бар. Мүм­­кін, сонан кейін жағдайымыз жақсаратын шығар...», дейді бұл күнде жо­ға­ры­ның жәрде­мі­нен күде­рін әбден үзген, ауыл өзін «Жебе» атап кеткен Жеңіс Қадыров ақсақал.

Еркіндік ауылының іргесінен «Жақсы Сарысу», деп аталатын өзен ағып өтеді екен. Кезінде арнасы толы болған бұл өзен бүгінде жылап ағатын жылғаға айналған. «Еркіндіктің ертеңі жарқын болғай, Сарысудың суы сарқылмаса екен», деген тілекпен біз де мекенімізге қайттық...

 

Қарағанды облысы,

Шет ауданы,

Еркіндік ауылы