Референдум-2022 • 18 Мамыр, 2022

Өрлеуге бастайтын өзгеріс

788 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Маусымның бесінші жұлдызындағы маңызды күн елдің болашағына елеулі өзгерістер әкелетін саяси салмақты сәт деп бұқара халықтың үміті үдей түскені белгілі. Бас қаладан бастау алып ауыл, аудан көлемінде азаматтарды ақпараттандыру жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Аталған конституциялық реформаларды түсіндіру мақсатында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі мен Республикалық қоғамдық қолдау штабының мүшелері бірлесіп, елордалық зиялы қауым өкілдері және мәдениет ұйымдарының қызметкерлерімен кездесу өткізді.

Өрлеуге бастайтын өзгеріс

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» атты ХХХІ сессиясында Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ата Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгі­зу жөніндегі республикалық референ­дум өткізуді ұсынған болатын. Осыған орай Қазақстан мәслихат­тары депутаттарының респуб­ли­калық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеу­бек Мұқашевтың бастамасымен Рес­пуб­ликалық қоғамдық қолдау штабы құ­рылған болатын. Мақсаты –
5 мау­сымға белгіленген республикалық референдумды халық арасында түсіндіріп, насихат жұмыстарын белсенді жүргізу. Ұлттық академиялық кітапханада өткен басқосу тарихи, саяси қадамның шеңберінде ұйымдастырылды.

«Конституциялық референдум өткі­зуге екі аптадай уақыт қалды. Ел тарихындағы елеулі оқиғаға бей-жай қа­рамай, белсенді қатысу – әрбір азамат­тың басты борышы. Себебі бұл күн – бүгінгі Қазақстанның ғана емес, келешек ұрпақтың да тағдырына тікелей әсер ететін маңызды сәт. Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы мә­селеге қатысты бүкілхалықтық референ­дум өткізу жөніндегі бастамасын қолдау жөніндегі еліміз мәслихат­тары бірлестігінің ұсынысымен рес­публикалық қоғамдық штаб құрылды. Қазір осы референдум өткізуді барлық өңірде республикалық штабтың өкілдері түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Біздің бүгінгі мақсатымыз – референдумның мәні мен маңызын бүкіл халыққа барынша сауатты түрде жеткізу, халықты кеңінен ақпараттандыру. Қасым-Жомарт Кемелұлы Президент болып сайланғанда өзінің бағдарламасының негізгі өзегі етіп үш мәселені көтерді. Бірінші – халықтың әл-ауқатын көтеру, екінші – әділет, үшінші – даму. Қазіргі болып жатқан реформалардың бәрін Президентіміздің сайлауалды бағдарламаларының логикалық жалғасы деп қарастыру керек. Мемлекет басшысы ұсынған конституциялық реформа еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуының жаңа сатысына, жаңа кезеңіне аяқ басқалы тұрғанын көрсетеді. Қазір әлемдегі дамыған озық мемлекеттердің барлығының саяси жүйесі – демократиялық жүйе. Себебі демократиялық жүйе экономикалық бостандыққа жол ашады. Бұл – әлемдік тәжірибе, әлемдік үрдіс. Егер біз әлемдік бәсекеге қабілетті дамыған елдерден артта қалғымыз келмесе, шын мәнінде демократиялық жүйеге көшуіміз керек. Алдағы конституциялық реформа туралы бүкілхалықтық референдум мемлекеттің болашағына әсер ететін бұдан да жарқын келешектің іргетасын қалайтын аса маңызды күн деп ойлаймын. Бүгінгі жиынға елімізге танымал зиялы азаматтар мен қайраткерлер қатысып отыр. Сіздердің референдумға қатысты ой-пікірлеріңізді ашық айту мен қоғамға үн қосуларыңыз еліміздің жарқын болашағына, жаңа өміріне қадам жасауына бастама болары анық. Бәріміз бір кісідей жұмылсақ қана өзіміз қалағандай Қазақстанды құра аламыз. Оның жарқын болашағы үшін жұдырықтай жұмылып еңбек ету – әрбіріміздің перзенттік борышымыз. Баршамыз 5 маусым күні келіп, болашағымызға дауыс берейік», деді Т.Мұқашев.

Заң ғылымдарының докторы, қоғам қайраткері Алаухан Есбергенов Консти­туциялық сотты қалпына келтіру өзгерістердің ішіндегі өзектілерінің бірі екенін атап өтті.

«Түсіндіру, ақпараттандыру жұмыстары шет ауылдағы тұрғындарға да жетеді деп ойлаймын. Қазіргі дамыған заманда әлеуметтік желілер үлкен үлес қосып отыр. Халық арасында Конституцияны неге өзгертеміз деген сұрақтар туындауда. Кешегі қаңтар оқиғасынан кейін заман өзгеріп жатыр, заманмен бірге заң да өзгеруде. Жиырма жеті жылдан бері референдум болмаған. Соңғы Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу Парламент арқылы өткені белгілі. Осы және өзге де маңызды мәліметтерді халыққа тереңірек жеткізу керек. Мемлекет басшысының халыққа берген уәделері іске асып жатыр. Соның бірі – осы Конституцияға енетін өзгерістер. Осы жерде неге Конституцияны жаңаламаймыз деген сұрақ туады. Оны жаңалау үшін қоғамда қыруар жұмыс атқарылуы керек. Конституция жылдар бойы талқылауды талап етеді. Бұл екі-үш айдың жұмысы емес. Ал қазір шұғыл түрде халықтың мұң-мұқтажын шешу үшін, қоғамдағы ағымдарды дер кезінде ретке келтіру үшін өзгерту мен толықтыруларды бүкілхалықтық дауыс беру арқылы, яғни референдум арқылы өткізген өте дұрыс деп ойлаймын. Осы толықтырулар мен өзгертулердегі ең бір халықтың көкейіне қонып, қуанып жатқан жаңалық – Конституциялық сотты қалпына келтіру. Бұл әлемдік тәжірибеде бар. Өйткені халықтың көңіліндегі мақсат пен мүдде ешуақытта Конституциялық кеңеске жетпейтін. Бұрынғы заң шектеп тастаған. Ал қазір Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша заң жобасына енген өзгеріс өте маңызды. Бұл ретте республиканың Бас прокуроры арқылы немесе Адам құқықтары жөніндегі уәкіл арқылы азаматтар кез келген арызын Конституциялық сотқа жеткізе алады. Конституциялық соттың дәрежесі біздің Конституциямызда ерекше. Аталған 33 бапқа енгізілген 56 өзгерістің бәрі халықтың көкейіндегі сұрақтар», деді заң ғылымдарының докторы.

Қоғам қайраткері Сәдібек Түгел Конституция белгілі бір топтың мүддесі үшін ғана қызмет ететін қағаз емес, мемлекеттік маңызы бар құнды құжат екенін айтып, оңтайлы өзгерістер Отанымыздың дамуына даңғыл жол саларына сенім білдірді.

«Біз бүгінгі маңызды мәжіліске Республикалық қоғамдық штабтың атынан келіп тұрмыз. Референдум тәуелсіз Қазақстанның өсіп-өркендеуіне оңды жол ашатын серпілістер мен сілкіністер әкелетін үлкен саяси реформа болайын деп тұр. Мемлекет басшысының Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуден бас­тауы құптарлық іс. Енді осыған жүрегі елім, жерім, туған Отаным, халқым деп соғатын әрбір азамат белсенді түрде қатысып, өзінің ой-пікірімен бөлісу керек. Қазақстанның болашағы зор. Себебі, Жаратқан еліміздің астын да, үстін де байлыққа толтырып қойған. Осы ұлан-ғайыр даланы аталарымыз аттың жалында жүріп қорғап, бізге аманаттап кетті. Енді сол байлық пен мол мұраны жалпы халықтың игілігіне жаратуымыз керек. Ол ат төбеліндей бай-манаптарға тиесілі болмауы қажет. Сол үшін күресу керек. Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар сол күрестің басы деуге болады. Отыз үш бапқа өзгерістер енгізіледі. Әрқайсысын қарап шықтым. Соның барлығы жүйелі түрде жүзеге асатын болса, еліміз әлем елдерінің ішінен орнын ойып тұрып алады. Конституция – мемлекет үшін ең маңызды құжат. Одан ауытқымау керек. Мен болашақ ұрпағымыздың әділетті мемлекетте өмір сүргенін қалаймын», деді ол.