Аймақтар • 02 Маусым, 2022

Жақсы кітап – жан азығы

564 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялап, балаларға ерекше назар аудару қажеттігін атап өткен болатын. Осыған орай Тараз қаласындағы «Анаға тағзым» орталығында «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасының аясында балаларға арналған отбасылық «Анаммен бірге кітап оқимын» атты шығармашылық байқауы өтті.

Жақсы кітап – жан азығы

Орталық директоры Эльмира Мырза-Ғалидің айтуынша, байқаудың негізгі мақсаты – жастардың шығармашылық қабілетін шыңдап, ана мен баланың арасындағы қарым-қатынастың ны­ғаюы­на үлес қосу арқылы қазақ әде­биетіндегі шығармаларды насихаттау болып отыр. Байқаудың шарты бойынша Тараз қаласында тұратын 12 жастан 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер анасымен бірге қазылар алқасы бекіткен 9 әдеби кітапты оқып, өз ойларын бейне­жазбаға түсіріп, әлеуметтік желіге жа­рия­лауға тиіс. Ал екінші кезеңге өткен қа­тысушылар үш ай бойы оқыған әдеби шығармаларын қорытып, ана мен бала бұл кітаптардан алған әсерін қағаз бетіне түсіріп, бір-біріне сырласу хатын жазуы керек. Байқауға қатысушылар хат жазу арқылы өздері оқыған әдеби шығармаларды талдап, оқырман назарына ұсынды.

Кездесуде Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы-драматург Елен Әлімжан ана мен бала, жалпы болашақ ұрпақ үшін бұл байқаудың маңыздылығын атап өтіп, балаларға өзінің «Анажар» кітабын сыйға тартты. Ал қазылар алқасының мүшесі, филология ғылымдарының кан­дидаты Сейсекүл Исматова әрбір бейнежазба мен хаттардан өзгеше әсер алғанын, қазақ әдебиетін, қазақтың сөз өнерін құрметтейтін буынның өсіп келе жатқанын жеткізді. Байқау қоры­тындысы бойынша бірінші орынды оқушы Бекасыл Есіркеп пен анасы Эльмира Есіркепова жеңіп алды. Сондай-ақ екінші орынды Аружан Байрақы мен анасы Сәуле Мұхамедрахымқызы және Кәусар Қайыр мен анасы Гүлмира Ахма­ғанбетова иеленді. Жүлделі үшінші орын Мерей Тұрсынбек пен анасы Айзат Көш­кінбаева және Дина Маербек пен анасы Жанар Түменоваға бұйырды. Сонымен қатар 5 оқушы «Зерделі» номинациясымен марапатталса, қазылар алқасының шешіміне сәйкес Айханым Қайрат пен анасы Үміт Анарбаеваға да арнайы жүлде тапсырылды. Байқау же­ңімпаздары мен жүлдегерлеріне қаржылай сыйлық берілді.

Жиын соңында келушілер «Ана­ға тағзым» орталығының фойе­сінде ор­наласқан Тараз қалалық орталық­тандырылған кітапханалар жүйесінің «Кітаптар қалашығына саяхат» көрме-инсталляциясын аралап көрді. Сонымен қатар көпшілік «Мирас» ата дәстүр залында ұлттық киім үлгілерін насихаттау мақсатында ұйымдастырылған «Киелі кимешек» көрмесін де тамашалады.

 

Жамбыл облысы