Қазақстан • 06 Маусым, 2022

Қарқаралыда өткен Ғұламалар кеңесінде пәтуалар бекітілді

360 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарқаралы қаласында өткен Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы Ғұламалар кеңесінің XXXIV мәжілісінде бірқатар маңызды пәтуалардың мазмұны талқыланып, мәтіні бекітілді, деп жазады Egemen.kz.

Қарқаралыда өткен Ғұламалар кеңесінде пәтуалар бекітілді

Атап айтқанда, еліміздің Бас муфтиі Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалық етуімен өткен мәжілісте монополия үкімі, мұсылман емес кісіге тұрмысқа шығудың үкімі, биржада акцияны сатып алу және сату үкімі, құнды қағаздан зекет беру үкімі, АХАТ арқылы неке қиюдың шариғи үкімі тақырыбында әзірленген пәтуалар кеңес мүшелерінің ортақ шешімімен қабылданды. Ал олардың толық мәтіні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми ақпарат құралдарында жарияланатын болады.

Еске салсақ, Ғұламалар кеңесі шариғат, салт-дәстүр негіздеріне сүйеніп, мұсылман қауымын алаңдатқан көкейкесті, түйткілді мәселелерді талқылап, пәтуалар мен тұжырымдама құжаттар қабылдайды.

Кеңес жұмысының аясында Бас муфти Наурызбай қажы Тағанұлы Қарқаралы ауданының әкімі Ерлан Құсайынмен кездесіп, алдағы уақытта Қарқаралыға қатысты мәселелерге де үн қатып, қолдау білдіретінін жеткізді. Аудан әкімі Бас муфтимен арада болған шарапатты әңгіменің көптеген маңызды мәселелердің басын шалғанын атап өтті.

п

– Бір сағатқа созылған әңгіме барысында дәстүрлі ислам дінінің құндылықтары, дін мен ата дәстүр арасындағы байланыстың үзілмеуі және жастардың бүлдіргі діндер жетегінде кетпеуінің алдын алу сияқты өзекті мәселелер бойынша пікір алмастық. Алдағы уақытта да ынтымақтастық байланыста болу турасында уағдаластық, – дейді Е.Құсайын.

Ғұламалар кеңесінің жұмысына қатысқан дін өкілдері мен теолог мамандар жиын соңында Қарқаралы қаласының тарихи орындарын аралап, Құнанбай қажы мешітіне тәу етті.

Айта кететін бір жайт, мұндай деңгейдегі жиынның Қарағанды облысының аумағында тұңғыш өтуі және оның қасиетті Қарқаралының төрінде ұйымдастырылуы өңірдегі дін саласының өміріндегі айтулы оқиғаның бірі болды.