Аймақтар • 07 Маусым, 2022

Жаңа жүйеге көшу баяу жүріп жатыр

131 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Алдағы 1 шілдеден бастап бұрынғы пәтер иелерінің кооперативтері түгелдей жойылып, көпқабатты тұрғын үйдің бәрі мүлік иелері бірлестігі (МИБ) және жай серіктестік деп аталатын басқарудың жаңа жүйесіне өтуі керек. Алайда тұрғындар үйді басқарудың оңтайлы жүйесіне көшуге асығар емес. Қалалық тұрмыстық-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары тұрғындардың жаңа жүйеге көшуі өте баяу жүріп жатқанын жеткізді.

Жаңа жүйеге көшу баяу жүріп жатыр

Бүгінде облыс орталығында 1 300-ге таяу көпқабатты тұрғын үй бар. Осы айдың соңына дейін кем де­генде мыңға жуық үй басқаратын жаңа бірлестіктер құрылуы керек. Алайда қазір Қостанай қаласы бо­йын­ша небәрі 84 МИБ, 17 жай серік­тес­тік қана жұмыс істеп жатыр.

– МИБ-ке өтудің баяу жүруінің себебі бұрынғы пәтер иелері коопе­ративтерінің өкілдері тарапынан теріс насихат жүріп жатыр. Олар «бізден кетсеңдер ертең пәтер­ле­ріңде құбыр жарылып, су ағып жатса оны жөндейтін маман таппай қаласыңдар немесе 2-3 есе қымбат бағаға жөндететін бола­сың­дар» деп қорқытып, кедергі кел­­­тіріп отыр. Міне, Үкімет бел­гі­ле­­ген мерзімнің аяқталуына бір ақ ай қал­ды. Жұрт енді ғана қи­­мыл­дай бастады. Әл­бетте, біз көмектесеміз. Бұрынғы жүйенің өкілдері МИБ құруды бір жылға ке­йін шегереді деген жалған ақ­па­рат таратып жүр екен. Мұның бәрі бос сөз. Осы соңғы айдың ішін­де олар толық жойылып, орнына МИБ келуі керек. Олай болмаған жағдайда оларды заң күшімен мәжбүрлі түрде жоюға тура келеді. Таяу­да әкімдікте өткен жиынға пә­тер иелері кооперативтерінің тө­раға­ла­рын шақырып, бір ай­дың ішінде үй басқарудың жаңа тү­рі­не көшу міндет екенін тағы түсін­дірдік. Олар уәде берді. Қазір Қос­та­найдағы тұрғын үйлерде жаппай жиындар өтіп жатыр. Біз бәрін бақылауда ұстап отырмыз, – деді қалалық тұрмыстық-коммуналдық шаруашылық бөлімінің маманы Сайлау Асылбаев.

Гагарин көшесіндегі 144 пәтер­лі 14-ші тұрғын үй былтыр пәтер ие­­лерінің кооперативінен кетіп, қыр­­күйек айында өз алдына дербес меншік иелерінің бірлестігін құрған. Былтырға дейін «пәтер менікі, ал кіреберіс пен аулада, шатыр мен сырттағы қоқыста шаруам жоқ» деген ұстаныммен өмір сүріп келген бұл үйдің тұрғындары енді кіреберіс дәліз де, шатыр да, жертөле де, тіпті аула мен қоқыс алаңы да өздерінің ортақ меншігі екенін түсіне бастаған.

Бұл үйде бүгінде бір төраға, үш үй кеңесі, бір ревизиялық комиссия бар. Бірлестік жұмыс істей бастаған 8 айдың ішінде тұрғындардан түскен ортақ ақшаға бірсыпыра жұмыс атқарылды. МИБ төрайымы жарнаны көтерген жоқ. Тұрғындар, сол бұрынғыдай, әр пәтердің бір шаршы метрі үшін 47 теңгеден төлейді. Үйдің күтіміне осы қаржы да жетеді. 144 пәтерден жиналған ақшаның 30 пайызы МИБ әкімшілігі мен кеңсе тауарларына кетеді, қалғаны үй шаруашылығына жұмсалады. 144-ші үйдің МИБ-і бүгінге дейін жертөледегі бүкіл құбыр желісін жаңалап, шатырдың суағарларын толықтай ауыстырып алды. Аула­да­ғы ескі түнгі жарық көздерін алып тастап, орнына үнемді шамдар орнатты. Нәтижесінде, бұған дейін электр қуатына шығындап келген төлемнің 50 пайызы үнемделді. Қазір бұл үйдің бірлестігі ауланы көгалдандыру, есіктің алдын суару желісін жасау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

– Қостанайда «Қамқор» және «Наш дом» атты екі қауымдастық ашылған. Бұлар жаңа ашылып жатқан МИБ-терге құқықтық қол­дау көрсетеді. Біз 2021 жылдың 1 қа­занында құрылдық. Басында алаңдаушылық болды. Қазір бәрі реттелді. Жұмыс жүріп жатыр, қар­­жы жеткілікті. Бірақ кейбір мә­се­лелерде бұрынғы пәтер иелері кооперативі кедергі келтіріп, ке­зін­де өздері тұрғындардан жи­на­­ған ақша мен құжаттарды бермей әуреге са­лып жатыр. Үйді әлі де болса бұ­рын­ғыша өздері басқара бергісі келеді. Осыған қа­ра­мастан, МИБ бағдарламасын ілгерілете беру керек. Бұған қажет жағдайдың бәрі бар. Қазір тұрғын үйге қызмет көр­сететін компаниялар көп. Мен штат­та жалғыз өзім жұмыс істеймін. Жұ­мысшы алған жоқпын. Егер бір шаруаны істеу керек болса, қызмет көр­сететін фирмалардан кәсіби ма­­ман ша­қыр­тамын. Ол міндетін атқарып, жұмысын бітірген соң, қолына ке­лі­сімді ақшасын ұстатамын. Қа­зір «Каспий банкпен» жұмыс іс­теп жа­тырмыз, өте қолайлы. Кім­­­­­­нің ақша тапсырғанын күн са­йын көріп отырамын, – дейді «Га­га­рин-14» МИБ-інің төрайымы Наталья Медведева.

Оның айтуынша, МИБ-тің ең бас­ты артықшылығы – тұрғындар өз үйін өзі басқарып, өздері жинаған ортақ ақшаның қайда жұмсалып жатқанын бақылауда ұстап отырады. Үйдің тозыңқырап тұрған жерін жөндеуді де көп болып кеңесіп шешеді. Қысқасы, бір тиын артық ақша сырап болмайды.

Заң бойынша пәтер иелері коопе­ра­тиві өзінің орнына құ­рыл­ған жаңа бірлестікке бүкіл құ­жаттарды өткі­зіп, соңғы үш жыл­дың қаржысы қандай мақсатқа жұм­салғаны туралы есеп беруі керек. Бұлай болмаған жағдайда МИБ заңды тұлға ретінде сотқа шағымданады. Соңғы кездері мұндай даулар жиілеп кеткенімен, сотта қаралып жатқан істің бәрі МИБ-тердің пайдасына шешіліп жатыр.

 

Қостанай облысы