Қазақстан • 27 Маусым, 2022

Желтоқсандық журналист

229 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Байырғы журналист Құттыбек Аймаханмен «Алматы ақшамына» қызметке келгенде таныстым. Алғашқы кезде газет тіршілігіне кірігіп кету үшін: «Қай журналист қандай тақырыпты көтеріп жүр екен?» деген оймен тігіндіні ақтарғанда Құттыбектің аты-жөні жиі кезікті. Газеттің күрмеуі қиын жетекші - экономика және құрылыс саласына қалам тербеген көлемді мақалаларын шолып шықтым. Күрделі тақырыптың өзін тігісін жатқызып, қазақтың шұрайлы тілімен ұғынықты етіп жазады. Қаламы ұшқыр, айтар ойы айқын, оңды-солды көсілтіп жазатын Құттыбектің еңбекқорлығына тәнті болған едім.

Желтоқсандық журналист

Мықты журналиспен қызметтес болған­ның пайдасы көп. Түскі асқа бірге барып жүріп, Құттыбекпен жақын араласа бастадым. Мінезі біртоға, салмақты, шешіліп сөйлей бермейтін жігіттің көп уақыты шұқ­шиып, мақала жазумен өтеді. Демалыс күндерін де жазумен өткі­зетін болса керек, дүйсенбі күні таңертең терім­ші қыздардың алдында Құттыбектің мақа­ласы жататын. Біз білетін Құттыбек осы жазу қарқынынан айныған емес. Бір жаз­ғаны екіншісіне ұқсамайды, түрлендіріп, құл­пыртып жазады. Газет-журналды көп оқып, қажетті деректерді қиып алып, сақтап қояды. Аударма жұмысына да төселген, сөйлем құ­рауға, тақырып табуға өте шебер, төзімі темір­дей мұндай жігіттер редакцияның қара жұмы­сын қара нардай қайыспай көтереді. Әңгімелесе келе Құттыбектің аты шулы сексен алты­ның Жел­тоқсан оқиғасына қатысқанын, белсенді мүшесі ретінде сотты болып, түрмеге отыр­ға­нын білдім. Сол қанды оқиғаның бел ортасында болған Құттыбек сияқты жігіттер жусан­нан аласа, бетегеден биік болып, күнделікті ша­руа­сын адал атқарып, тым-тырыс жүріп жатты.

Созаққа қарай сапар шегіп келе жатып Құттыбектің туып-өскен ауылының тұсынан өткен сайын оны еске алатынмын. Үлкен қасқа жол бойындағы Жамбыл ақынның атымен ата­латын ауылдың қысы-жазы азынаған желі соғып тұрады. Оңтүстікте «Арыстанды-Қарабас желі» атымен белгілі апталап-айлап соғатын, өңменнен өтетін суырсын желдің өтіндегі шағын «Қырықкепе» ауылы өз тіршілігімен ты­ныстап жатады. Жол бойында Құттыбек айтқан әңгімелер еске түседі. «Түрмеден босап, ауылыма қарай автобуспен алып-ұшып келе жатқанымда қасымда отырған қария тақырлап алдырған шашымды, жұпыны киімімді көріп, көңіліне сезік алып: «Өзің қайдан келесің?» деп сұрады. Алма­тыдағы Желтоқсан көтерілісіне қаты­сып, жазалы болғанымды, содан түрмеден шығып келе жатқан бетім екенін айтқанда қарттың жүзі жылып сала берді. «Ұнжырғаң түспесін, балам! Ер жігіттің басына не келіп, не кет­пейді? «Жас жігітті намысы қашайды, қарт адамды ақылы ұстайды» деген сөз бар. Сендер қылмыс жасаған жоқсыңдар, қазақтың намысын жырттыңдар!» деп үлкендік сөзін айтып, жігерімді қайрады. Автобус тере­зесінен көзге ыстық басылған туған жер­дің көктемгі жасыл желек көмкерген бел-белесіне құмартып қарап келемін. Ауылдағы­лармен аман-есен қауышатынымды ойлап, көңілім алып-ұшады. Ауыл тұсына жеткенде автобус аялдап, жерге түскенім сол еді, ышқына соққан долы жел ұшырып әкете жаздады. Иен далада әдеттегі «Арыстанды-Қарабастың желі» ұйтқып соғып тұр. Туған жерді сағынғаннан болар, бала кезден ығырымды шығарған желге қарсы құшағымды жайып, кеудемді тоса бердім». Сол ысты­ғымен аптап, суығымен қақ­таған «Арыстанды-Қарабастың желіндей» қатал тағдыр Құтты­бекті де талай қақпақылға салып, ширықтырып алған еді. Адам баласы тағдырын өзі жасамайды. Тосыннан соққан тағдыр желі қақ­пақылға салып, сан-саққа алып кетеді. Ар­маны мен үмітін келешекке жалғап, өмірге құштар жалындаған жиырма бес жасында Желтоқсан оқиғасы тағдырын басқа арнаға бұрып жібереді. 1986 жылдың ызғырық күндері Алматыда құрылыста істеп жүргенде намысшыл қазақ жастарымен бірге алаңнан табылды. Күннің суығы мен машина шашқан судан үсті-басы малмандай болып, жатақханаға келеді. Келесі күні де алаңға шыққанда милиция қызметкерлері түсірген суретпен жұмысқа іздеп келіп, Құттыбекті алып кетеді. Осылайша, Қазақ КСР Қылмыс­тық кодексінің 60-65-баптары бойынша бес жылға сотталып, түрменің темір торынан бір-ақ шығады. «Сөйтіп, бұрындары кең дүниеге сыймай жүрген аңғал басым, енді тар қапаста тыпырлады да қалды. Ондайда жалмауыз ойлардың жаныңды жүндей түтетіні бар. Өзімді қайда қоярымды білмеген соң сананы шабақтаған ойлардан құтылайын деп, қолыма қалам алдым. Бұрындары шимай-шатпақ күнделіктен басқа ештеме жазып көрмеген басым, енді бұрқыратып, «өлең», іштегі шер-мұңды басар естелік жазатын болдым. Бірақ онымен де жан дүниемнің жабыққан жарасы жазылмады» деп жазыпты Құттыбек сол күндер туралы. Түрмедегі өмір мүлде бөлек. Сырттан келетін хаттарды сарыла күтіп жатып, 1988 жылдың шілде айында Алматыда тұратын дос­тары Тұрсын мен Нұрланнан хат алады. Анау айтқан көңіл алдарқатар жаңалықтары болмаса да, хатты құмарта оқып шығады. Адам баласы еркін өмірдің қадір-қасиетін темір торға түскенде жақсы сезінеді екен. Құттыбекке де достары жазған хаттың әрбір әріпі мен сөзі шөлден қаталағанда ішкен судың тамшысындай болып көрінеді. Достары хаттың соңында: «Жақында Алматыдан қазақша бір газет шықты. Оның аты – «Алматы ақшамы». Бірінші сандағы оның атауын саған қиып салып отырмыз» деген жолдарды оқиды. Қуанған Құттыбек конверттің ішін ақтарып, «Алматы ақшамы» деген газет атауының қиындысын тауып алады. Бұл Құттыбек үшін үлкен қуаныш әрі жаңалық еді. Өйткені ол кезде Алматыдан тек «Социалистік Қазақ­стан», «Лениншіл жас», «Қазақ әдебие­ті» мен «Жетісу» газеттері ғана шығатын. Дәл сол кезде «Ақшамның» алғашқы нөмірінің жарыққа шығуы Желтоқсанның жеңісіндей әсер етеді. Сол күннен бастап «Ақшамның» қиындысын дәптерінің арасына қастерлеп салып қояды. Күнде кешкісін ауыр жұмыстан оралғанда дәптердің арасын ашып, әріпті енді үйренген бірінші кластың оқушысындай «Алматы ақшамы» деген жазуды ежіктеп оқи береді. Неге екенін өзі де сезбейді, сол сәттен бас­тап, көңілі жайланып сала береді. Алғашқы кезде қазақ тілінде газет шыққанына бірге қуанған желтоқсандықтар Құттыбектің бұл қылығына таңырқай қарайтын болған. Осылайша, Құттыбек газет атауын киелі заттай қастерлеп ұстап жүреді. «Алматы ақшамы» көз алдымда тұрсын» деген оймен темір кереуеттің бас жағына жапсырып қояды. Қандай құдіретті күштің тартқаны беймәлім, темір торда жатқан қамкөңіл жігітті газет қиындысы жұбатып, қолтығынан демейді. Содан бастап өзін Алматының көшесінде жүргендей сезінді. «Алматы ақшамы» газеті Құттыбек қашан бостандыққа шыққанша бас жағында жапсырулы тұрады. Түрмеден босарда «Алматы ақшамын» өзімен бірге алып кетпек болғанда, жапсырылған газет қиындысы оңайлықпен ажырамайды. Енді ойлап отырса, Құттыбектің өмірі Желтоқсан көтерілісі арқылы бүр жарып, «Ақшам» арқылы өрілген екен. Өйткені түрменің кермек дәмін татып келген соң «Мен қалайда журналист боламын!» деген берік байламға келеді. Осылайша, қолына қалам алып, журналист болуына «Ақшамның» ықпалы зор болған еді. Өйткені бұрынғы бодан елді емес, азат Отанының жетістігі мен қарышты қада­мын елге насихаттаудан асқан қасиетті шару­а жоқ болып көрінеді. Қазақ университеті журналистика факультетінің сырттай бөліміне түсіп, екінші курсқа өткенде өзінің түрмеде жатып танысқан «Алматы ақшамы» газетінің редакциясына журналист болып қызметке қабылданады. Құттыбек газетте ұзақ жыл тер төгіп, еңбек етсе, «Ақшам» да тағдыр тауқы­метін тартқан желтоқсандық журналиске көп қуаныш сыйлады. Редакцияда менеджер болып қызмет істеп жүрген Қарлығаштай аруға көңілі құлап, Құттыбектің сөзімен айтсақ «ақыры жүріп-жүріп» 2006 жылы отау құрады. Бәріміз болып: «Редакциядағы бойдақтардың қатары кеміді» деп қуандық. Құттыбек пен Қарлығаштың үйленуі газет редакциясының үлкен тойы болды. Бізбен бірге Құттыбектің сексендегі анасы, желтоқ­сандық қыз-жігіттерді қорғап жүрген Мұхтар Шаханов ағамыз, алаңға бірге шыққан жора-жолдастары мен қаламдас достары болып қуанды. Қырықтың қырқасына шыққанша «жалғыздық деген жезтырнақтың қармағына мықтап іліккен» Құттыбектің Желтоқсан салған жараның дертінен арылуына Қарлығаш қана­тымен су сепкендей көмек қолын соз­ғанына қуандық. Жалғыз өмір сүрудің азабын тартып жүріп, көңілі жабырқау кезінде «Тақиялы періште» көркем фильмін жиі көреді екен. Басында тақиясы болмаса да өзін үйлене алмай жүрген «періште» санады. «Ұлым қашан үйленер екен?» деп сарыла күтіп жүрген Құттыбектің анасы да «Тана жеңгейге» ұқсайды. Оны айтасыз, келіншегі Қарлығаштың мінез-құлқы мен жүріс-тұрысы да сол Тана жеңгейге айнымай тартып келеді. Сол дауылды күндердің санадағы жаңғыры­ғындай журналист Құттыбек Аймахан «Жел­тоқсан айы келгенде» атты естелік кітабын жазып, баспадан шығарды.

Құттыбек газет редакциясында ұзақ жыл қызмет атқарып жүріп, 2005 жылы «Қа­зақ­стан Конституциясына 10 жыл» мере­келік медалімен марапатталды, Қазақстан Жур­на­листер одағының сыйлығына ие болды. Елінің желтоқсандықтарға жасаған шапағатының арқасында Алматыдан екі бөлмелі пәтер алды. Қызметі де өсіп, бас редактордың орынбасары болды. Осылайша, өзі арман еткен газеті Құттыбектің жанына жақын басылым болып қалды. Газет редакциясында ұзақ жыл қызмет істеп жүріп Құттыбек бұл басылымға деген адалдығынан айныған емес. Білім-қабілеті мен журналистік шеберлігін аямай жұмсап жүріп, зейнет жасына таянғанда 2021 жылы айналдырған ауру ақыры алып тынды. Газет журналистері әр жылғы баспасөз мерекесі күні кешегі ардагер журналистерді, оның ішінде Желтоқсан қаһарманы Құттыбек Аймаханды да еске алып отырады.

 

Өтеш ҚЫРҒЫЗБАЕВ,

Қазақстанның құрметті журналисі