Әдебиет • 27 Маусым, 2022

Падиша-жырға ғашық шайыр

345 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Есіл дүниенің есігін іңгәлап ашқан сәбидің бәрі өскеннен кейін өмірге емірене қарайтын адамға айналмайтыны өкінішті. Я тіршілік қалыбы, я өскен орта, көрген тәрбие, туған топыраққа байланысты адам баласы әр­түрлі қалыптасады. Тауға қа­рап тебірене алмайтын, жел гуілін, су сылдырын естімейтін, гүл сұлуын көрмейтін, адамдар қарым-қатынасындағы жүздеген, бәлкім, мыңдаған нәзік ағыстарды сезбейтін жүректер тым көбейіп кеткендей әсер қалдырады. Кейде өзге түгілі өзің де мына жарық әлемнен адасып қалғандай, бар сезу мүшеңнен айырылғандай, әйтеуір қозғалатын тасқа айна­лып бара жатқандай бола­­сың. Сырласуға жарамайтын, мұң­дасуға татымайтын, қуа­ныш-қай­ғыңды түсінбейтін ұрпаққа ұқсап барамыз. Кейде осындай жиілеп кет­кен құбылыстарды ойлағанда, жан дү­ниеңді жұмсартатын, сәулесін түсі­­­ретін, жүрегіңді қозғайтын себеп із­дей­сің. Біздіңше, екі нәрсе бар: Жа­­рат­­­қанның аяты, жаратылғанның өлеңі.

Падиша-жырға ғашық шайыр

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Жүрек ақын болса, осынау дүние дидарында баз кешкен сайын өлеңге, я қаламға жүгінеді. Өлеңге жүгінсе – тыңдаушыға, қаламға жүгінсе – айтушыға айналады. Осы күні нағыз тыңдаушы болу да, айтушы болу да – өнер. Бұл жолы тыңдаушы – мен, айтушым – Нұрлан Оразалин.

«Күні кеше...

Балғын ем, балаң едім,

Мен де өзгердім...

Өзгертті далам өңін.

Бір боз дәурен

ішімде қалтырайды,

Жалтырайды жел сызған

сана-көлім...»

Рас. Нұр-ағаң өзгерген. Балғын дәурені бір өткен, бір дәуірдің суын ішіп, бірге ысып-тонған Смағұл Елу­бай досы: «Бүгіндері, алыста қалған күндерді, сол күндердегі Нұрланды сағынамын...» деп жазатын еді ғой.

Мен Нұрлан деген жас жігітті көргем жоқ. Алматы көшесін жаң­ғыр­тып, бірге жүрмедім. Смағұл аға­ларымыз сағынып отырған «алыста қалған күндерінің» қандай болғанын жобамен елестетіп бағам:

Ол уақытта «атағы жоқ Есенин­дер» жатақхананы ғана емес, көшені де жаңғыртып өлең оқыған болар;

«Қаламгердің» барында шылымын иығына қаққан жазушының әлдекім туралы әлдебір сөзін аңыз қып, алдында жарыса өлең оқыған шығар;

Бұл күнгідей қайда шығам десең де еркің білген, қаптаған газет, сайт жоқ, әйтеуір арасында бірінің әңгі­месі я өлеңі сол уақыттағы «Қазақ әде­биеті» газетінің бетіне шығып, ол үлкен мейрамға ұласып, бірнеше күн қауқылдасқан шығар.

Сол көңіл аласы жоқ, жайбарақат, бірақ дулы кештердің қақ ортасында жігіт Нұрлан сол ұстамды қалпын жаз­бай «Хали-Галиін» оқығанына сенемін.

«Жатақхана...

«Хали-Гали»...

Мезi қылды-ау жанымды,

мезi қылды-ау байқұс

жырларымды.

Бiле алмаған

бұл ғасырда барымды,

шалғайдағы момын

қырларымды.

Ғажабымды,

Париждегi қалықтаған әнiмдi –

кеудемдегi ғажап үндi,

ей, Алматы!

«Хали-Гали»!

Танымайсың барымды,

танымайсың...

Ант атқан мынау уақытта

армандар қанша

«айқайыңда» тынып барады.

Тоқташы бiр сәт!

Кетсең де орап бақытқа,

жаңа бiр өлең...

Ұстап-ақ қалсам жарады;»

Ол өткен ғасырдың 60-жылдары. Нұрлан Оразалин одан бері өткен жарты ғасырға жуық уақытта өмір белестерін молынан бағындырды. Отқа да түсіпті, топқа да түсіпті. Аза­мат ретінде, ұлт алдындағы пер­зент­тік борышын өтеу жолындағы қыз­меттерін айтудың реті жоқ. Ол өз алдына бөлек әңгіме ғой. Біз өзгерген Нұрланды өлеңдерінен көрдік.

Осы ретте бір анық дүниені айтқым келеді. Нұрлан ақын қалай өзгерсе де, бір өзгермеген нәрсе бар. Ол – ақынның өлеңге деген көзқарасы, оны қадір тұтып, ардақтауы, өмірінің ажырамас бөлігі, жан жолдас, серік көруі. Алғашқы жинақтарынан бастап, кейінгі шыққан «Аспантаудан ауған күз», «Тәңірмен тілдесу», «Екі дүние» жинақтарында да, яғни осы жасына дейін «жаңа бір өлең», тағы бір жақсы өлең жазуға құлшынады да тұрады. Бұл аңсар – қай ақынның да жүрегін алқынтып, көңілін алаң қылған беймаза сезім. Бірақ бұл сезім жасы үлкен ақындардың көбінде жоғалып кетеді. Себебі бір белгісіз сенімділік пайда болады. Осы жалған сенімділік таланттың жауы болса керек. Былтыр «Қазақ әдебиеті» газетіне шыққан бір топтамасында ақын былай жырлайды:

«Құшағында ағынның

Өмір сүрдім…

Күйдім…

Жандым…

Сағындым…

Мәртебеңді биіктету үшін мен,

қара түнде ақ қағазға таңылдым.»

Ал өзгерген не? Ол – ақынның болмысы, өлеңі. Жастық шақта жырлаған махаббат, пафосқа бай пат­риотизмнен гөрі дүниені саралаған, әр нәрсеге байыппен қараған, сабырлы жырларға ұласқан. Ұраншыл, айғайға сүрең қосқан өлеңдерді Оразалин поэзиясынан таба алмайсыз. Оның махаббаты елдің махаббатына, алаңы қоғам үшін уайымдауға ұласқан. Бұл әрине бүгін емес, сонау қырыққа аяқ басқан сексенінші жылдардың соңында басталған ақынның ішкі өзгерісі болса керек.

«Жетінші құрлық» жинағы шық­қанда Фариза Оңғарсынова былай депті: «Нұрлан өмірдегі барлық болмысқа, құбылысқа ызасы бетіне теуіп, тепсініп қарамайды. Ыза – ақылдың жауы. Ақыл жұқарған жерде ақиқат та сылти басады. Ақын жақсылы-жаманды тіршілік болмысына биіктен, парасат биігінен байып­пен қарайды. Бұл – суреткерге аса қажет қасиет. Көбімізге қонбай, қолы­мызды жеткізе алмай жүрген қасиет».

Ағынан жарылған, өзін де, өзгені де мойындаған пікір. Осы жерде Фариза апамызбен келіспеске еш­қандай амалыңыз жоқ. Ақынның дүние құбылысына да, адамдардың құбылуына да аса сабырмен, сараппен, байыппен қарайтынының куәсі болып келеміз. Соңғы екі жыл пандемия уақытында басылым бетінде Нұр-ағаң өзінің рухани тәжірибесімен бөлісіп отырды. «Ана тілі» газетінің бірнеше санына қатар шыққан күнделік жазбалары қазақ баласын ойлануға шақырды. Өлеңдері де бір – Тәңір деген қазыққа байланып, құдайсыз қоғамның әлпетінен жиіркенді. Бұл ақынның тағы бір «өзгерген» болмысы болса керек.

Нұрлан Оразалин ұзақ уақыт Жа­зу­шылар одағын басқарды. Ша­­шы­лып кетудің аз-ақ алдында тұр­ған, әр секция бөлініп, қаламгер­лердің шығармашылық үйі бөлініп, одақтың басылымдары жан-жаққа ыды­рай бастағанда, солардың бә­рін бір ғимаратқа жинап, ақын-жазу­шылардың қара шаңырағын қалпына келтіріп, Алматының жоғары жағындағы шығармашылық үйді де сақтап қалды. Ол жолда қандай «ұлы» ұрыстар болғанын біз білмейміз. Оны бізге білудің де қажеті шамалы, керегі де жоқ. Бір ақиқат факті: одақ – бір қолда, үш басылымы – бір шаңырақ астында. Осы жолда қанша жау тапты, қанша дос­тан айырылды – тағы бізге беймәлім. Әйтеуір өлеңдерінен аңдап қаламыз. Оразалиннің одақтағы басшылық жолын осылай бір абзацпен де немесе өзінен сұрай отырып, бір кітап етіп те жазуға болатын шығар. Біздің мақсат басқа. Айтпағымыз осы жолдағы физикалық, психологиялық ауыртпалықтың бәрін ақын сабырмен көтерді. Өлеңіне өзек етті.

Біз одақтың екі-үш съезіне куә болдық. Сонда кей ағалардың орнында отырып-ақ мәдениет шекарасына сыймайтын сөздерді айтқанын естідік. Қанша сұхбат, пікір айтылды. Бірақ соның бәріне байыппен қарап, өте мәдениетті, Фариза апамыз айтпақшы, ызаға бой алдырмай жауап беріп отырғанын сол жиынға қатысқан қаламгерлердің бәрі көрді. Бұл ұстамдылық ақын Оразалиннің өлеңіне әсер етпей қоймады. «Бір мықтыға» деген сияқты өлеңдеріне іштегі сол сезімдер лықсып шығып жатты. Басқаша мүмкін емес еді. «Арбасу» атты жырында ақын бүй депті:

«Мен күлемін...

Азаптанып күлемін...

Жаратқанға жетер ме екен

 тілегім?

Адалдық пен Әзәзілдің майданын

Көре-көре ширығып сан, түледім.

Мінезінен шошып

талай пенденің,

Қаштым аулақ

сиқырынан теңгенің.

Күлмес жерде азаптанып

күлдім мен,

Басып тұрып тікенегін шөңгенің.

Жүрек үнсіз...

Тілегім – сыз...

Тістендім...

Жауабы жоқ сауал болып

ішке ендің.

Ібіліс-ой жеңген сәтте,

Ей, Өлең!

Іште туып, іште өлдің...»

Нұрлан ақын біреуге дүрсе қоя беретін, бетінен алып, шытынап сөйлейтін болмыс иесі емес. Бәл­кім, осы бір қызмет жолында кей мінездерін жоғалтқан шығар. Мүмкін осы өмір ағысында дос жоғалтып, дұшпанды молынан тапқан шығар. Смағұл Елубай ағамыз сол Нұрланды сағынса, жастығын, алғаусыз досты­ғын сағынған шығар. Сол күндерін сағынса, қызмет ойламайтын, мансап қумайтын, бақай есепсіз араласып, тек шығармашылық ой еркіндігінде пікір айтысып, керек болса әдебиет дейтін қастерлі ұғым үшін жанып-күйетін таза пейілдерін сағынған шығар. Кім біледі, осы сөзді айтып отырған біз де ертең осы ағалардың сезіміндей сезімдерді кешіп отырармыз.

Бірақ Нұрағаң өлеңін ұмытпады. Жоқ, ол аз жазған жоқ. Министрлікте, Парламентте, одақ басшылығында жүр­генде де оның қаламы суып көрген жоқ. Пьесалар жазды, сөзі тө­гі­­ліп қаншама мақала жазды. Бірақ өлең бәрінен биік тұрды. Пади­ша-өлеңнің алдында Оразалин еш­қа­­шан менменсініп көрген жоқ. Әрдайым оның алдында шарт жүгініп, қызметшісі, қажет болса, күзетшісі болды. Оның түнде ұйықтамайтыны, көңілі беймаза болатыны да – сол.

Жетпіс пен сексеннің тура ортасына келген ақын бүгін өміріне тағы бір бажайлай қарайды. Бір кездері өзі етене араласқан ағаларының бейнесі, күні кеше коронавирус індетінің «қанжығасында» кеткен замандастарының келбеті көз алдында тұрған болар. Бұл өмірдің қай заңдылығына да алаңдамай тұра алмайтын ақынның өзі де бүгін сол ағаларының жасына келіп жатыр. Үлкендер бізге – жастарға осындай бір өнегелері үшін, айтар ақыл, көрсетер жолдары үшін керек. Олардың аман-сау ортамызда жүргені – бізге мерей. Дәйім сезімтал ақын көңілден шуаққа толы жырлар ағыла берсін.

«Өзегің талған кезде егер

Шалғынды кешіп,

Шашаны шыққа малмасаң,

Аязда, қарда тоңбасаң;

Жаңғырып аспан,

Жауында ойға шомбасаң...

Сүймесең желді,

Мінбесең жүйрік,

Көрмесең тауды, даланы,

Бұрқылдап ізде жолда шаң...

Өмірге мынау

Өле бір ғашық болмасаң –

Өлең де, жыр да, болмас ән...»

 

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ