Аймақтар • 27 Маусым, 2022

Өңдеу өнеркәсібінде өсім жоғары

121 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Орталық коммуникация­лар қызметінде өткен бас­пасөз конференциясында Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Мемлекет басшысының хал­ықтың әл-ауқатын арт­тыру жөніндегі тапсыр­маларының орындалу бары­сы мен аймақтың әлеу­мет­тік-экономикалық даму барысы туралы баяндады.

Өңдеу өнеркәсібінде өсім жоғары

Қостанай облысы әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі бағыттары бойынша жоғарғы көр­сет­кіштерге қол жеткізіп отыр. Мә­селен, соңғы бес айдың қоры­тындысы бойынша өңірде өнер­кәсіп өндірісі 13,8%, құрылыс саласы 12,9%, көтерме сауда 8,6%-ға өскен.

– Жыл басынан бері өнер­кә­сіп кәсіпорындары 1,0 трлн тең­­генің өнімін өндірді. Өсімді негі­зінен елді индустрияландыру жылдары іске қосылған  кәсіпорындар қамтамасыз етіп отыр. Қостанай облысында өнер­кәсіп саласындағы жобалар пу­лы құрылды. Оған бюджеттік шы­ғындары 1,8 трлн теңгені құрай­тын 52 жоба кіреді. Осының нәти­жесінде, өңірде 8 мыңға жуық жаңа жұмыс орны пайда болады. Пул бүгінде өнеркәсіп өндірісі көлемінің айтарлықтай артуы есебінен өңірдің экономикалық өсімінің резервіне айналып отыр, – деді Архимед Мұхамбетов.

Машина жасау саласында жүзеге асырылып жатқан ірі жобалар жөнінде кеңірек сөз еткен облыс әкімі Тобыл өңірінде автомобиль өндірісінің қарқынды дамуының нәтижесінде, өңдеу секторының жалпы өнеркәсіптегі үлесі 55,7%-ға жеткенін атап өтті.

Архимед Мұхамбетов азық-түлік қауіпсіздігіне де ерек­ше тоқталып, жергілікті кәсіп­орын­дар өңір тұрғындарын ұлт­тық нор­­маларға сәйкес азық-түлік­тің не­гізгі түрлерімен толық қамта­ма­­сыз етіп отырғанын айтты. Өңір­де азық-түлік қауіпсіздігін қам­тамасыз ету бағытында қайта өң­деу­мен айналысатын 210  кәсіп­орын жемісті жұмыс істеп жатыр. 

Биыл қостанайлық диқандар көктемгі егіс науқанын мерзімі­мен аяқтап, 4,8 млн гектар жер­ге дән сіңірді. Оның ішінде бидай алқабының көлемі 3,5 млн гектар болады. Мұның сыртында, облыс тұрғындарының әлеумет­тік маңызы бар азық-түлікке деген қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында  жарма дақылдары, картоп және көкөніс алқаптары едәуір ұлғайтылып отыр.

Өңірде инфляцияны тежеуге және дағдарысқа қарсы іс-шара­ларды жүзеге асыруға 6,6 млрд теңге қарастырылған. Қомақ­ты қар­жының 2,8 млрд теңге көле­мін­дегі бір бөлігі тұрақтандыру қоры­на, ал 3,8 млрд теңгесі кәсіп­кер­лерді қаржылай қолдауға бөлінді.

Мамыр айының қорытындысы бойынша, облыста жұмыс істеп жатқан шағын және орта бизнес нысандарының саны 5,8%-ға, өнім өндірісі 1,1%-ға ұлғайды.

Аймақ басшысы, сондай-ақ биыл өңірде 500 шақырымнан астам автожолға және елді ме­кен­­дердегі 220 көшеге жөн­деу жүргізілетіні туралы мәлім­деді. Қазір облыстық және аудан­дық маңызы бар автомобиль жол­дары­ның 78%-ы жақсы және қанағат­танар­лық жағдайда. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 85%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Биыл Қостанай облысында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдар­ла­масы аясында 450,5 мың шаршы метр тұрғын үй тұрғызып, 4 мың­нан астам пәтерді ел игілігіне тап­сыру жоспарланған. Жыл басы­нан бері 169 мың шаршы метр­ден астам тұрғын үй пайдалануға берілді.

Облыс тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар да жанданып келеді. 2022 жылы «Нұрлы жер» және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары аясында халықты ауыз сумен қамтамасыз ету және елді мекендерге су құбырын тарту бойынша 48 жобаны іске асыруға 20 млрд теңге бөлініп отыр.  

Әлеуметтік саладағы міндет­тер­­дің де оң шешім тауып жат­қанын баяндай келе, Архимед Мұ­хам­бетов биыл облыста 11 ем­деу мекемесіне жөндеу жүр­гізі­леті­нін айтты. Бұл орайда денсау­лық сақтау нысандарына қажетті медициналық жабдықтар сатып алуға 4,4 млрд теңге бөлінген. Осы­ның нәтижесінде, ауруханалар мен емханаларды медициналық техникамен қамтамасыз  ету деңгейі 86%-дан 90%-ға дейін ұлғаятын болады.

Биыл облыстың білім беру саласын қаржыландыруға 149,1 млрд теңге бөлініп отыр. Бүгінде өңірде 2 200 орындық 3 мектеп салынып жатыр. Әкім облыста апатты және үш ауысымды мектептер жоқ екенін атап өтті. Қазір аймақта 78 білім беру нысанына күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

– Халықты жұмыспен қамту­дың ең маңызды факторы – жаңа жұмыс орындарын құру болып табылады. 2022 жылы облыста 27 мың адам жұмыспен қамтылды. Алдағы уақытта шамамен 18 мың жұмыс орнын құруды жоспарлап отырмыз. Оның 10 мыңы – тұрақты жұмыс орындары, –деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі өңірде жыл басынан бері 8,4 мың жаңа жұмыс орны құрылғанын мәлімдеді. Оның тең жартысынан астамы  тұрақты жұмыс орындары болып табылады. Өңір басшысы халықты жұмыспен қамту шаралары мен жаңадан пайда болып жатқан бос жұмыс орындарының нәтижесінде, аймақтағы жұмыссыздық деңгейі 4,8%-дан әріге бармайтын болады деген болжам айтты.

Әкім ұлт ұстазы Ахмет Байтұр­сынұлының 150 жылдығы аясында атқарылып жатқан іс-шараларға арнайы тоқталып өтті.

– Атап айтсақ, Ахмет Байтұр­сынұлының туған ауылына апаратын күре жол күрделі жөндеуден өтеді. Таяуда ғана жергілікті халық­тың өтініші бойынша Ақкөл мен А.Байтұрсынов ауылдарына жыл­­дамдығы жоғары мобильді ин­тер­нет желісі қосылды. Бүгін­гі таңда А.Байтұрсынұлының ауылын­да жаңа медициналық пункт­тің құрылысы басталып, ауыл­дық амбулатория­ға жөндеу жүргі­зіліп жатыр. Соны­мен қатар  Торғай­дағы А.Байтұр­сын­ұлы мен М.Ду­лат­ұлының музейін жөндеу жұ­мыстары жүріп жатыр, – деді Архимед Мұхамбетов.

 

Қостанай облысы