Саясат • 11 Шілде, 2022

Қала дамуының қарқынды қадамдары

3654 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында елорданың әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы ақпарат берді. Оның мәліметінше, биыл бірінші жартыжылдықта әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер оң нәтиже көрсетті. Тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Өткен жылы 3 млн 200 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылса, бірінші жартыжылдықта 1 млн 250 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылды.

Қала дамуының қарқынды қадамдары

«І жартыжылдықта құрылысқа салынған инвестициялар көлемі артып, 237 млрд теңгені құрады. Инвестиция көлемі былтыр 1,2 трлн болса, қазіргі уақытта 465 млрд-қа жетті. Өңдеу өнеркәсібінде де оң көрсеткіштер тіркелді. Пандемия салдарынан ШОБ қиындықтарды бастан кешті. Қазіргі уақытта жағдай реттеліп, тіркелген ШОБ өкілдерінің саны артты», деді әкім.

Сонымен қатар ол 2035 жылға қарай Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары 2 есеге ұлғаятынын жеткізді.

«Елорда көшірілгеннен кейінгі ең бірінші бекітілген бас жоспарға сәйкес, 2030 жылға қарай қаланың халық саны 800 мың адам болады деп жоспарланған. Одан кейін 2010 жылы бас жоспар қайтадан түзетіліп, 2030 жылға қарай болжам бо­йынша 1,2 млн адамға жетуге тиіс еді. Алайда қазірдің өзінде бұл көрсеткішке жеттік. Бүгінде бас жоспар түзетілді. Болжамға сәйкес, егер дәл қазіргі өсім динамикасы сақталатын болса, онда 2035 жылға қарай халық саны екі есеге артады», деді елорда әкімі.

А.Көлгінов Нұр-Сұлтан қаласының бас жоспары халықтың өсу динамикасын ескере отырып, тағы бір мәрте түзетілетінін, алдағы болатын жағдайларға қазірдің өзінде дайындық жүріп жатқанын, бас жоспардың құрылымына егжей-тегжей жос­парлау жобасы қосылып, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым қарас­ты­рылғанын атап өтті.

«Мысалы, Мыңжылдық аллеясындағы әлеуметтік нысандар бірден бас жос­парға енгізіледі. Полицентрлік жүйе қағидаларына сәйкес міндетті түрде жеке әлеуметтік нысандар – мектептер, ба­лабақшалар, медициналық орталықтар, спорт нысандары, сондай-ақ қоғамдық кеңістіктер, инженерлік инфрақұрылым болуы керек. Нұрлы жол бағытында әлеуметтік нысандар салынып жатыр. Хан Шатыр ауданында 15 мектептің құрылысы жоспарланған, оның 6-ы салынды. Сондай-ақ 8 балабақша қажет. Қала бойынша 148 мектеп жұмыс істеп тұр, негізінен олар оң жағалауда шоғырланған: Алматы, Сарыарқа және Байқоңыр аудандарында. Есіл ауданының кеңейіп келе жатқанын ескерсек, мұнда көп мектеп салу қажет. Болжам және есептеулеріміз бойынша жаңа бас жос­пар жобасында тағы 162 мектеп салу жоспарланған. Қалада 429 балабақша бар, әлі 150-ден аса балабақша қажет. Олар да бас жоспарда қарастырылып отыр. 211 денсаулық сақтау нысаны – емханалар, ауруханалар, стационарлар қарастырылған, тағы шамамен 80 қажет. Яғни қадамдық қолжетімділік қағидаты бойынша әлеуметтік объектілердің дұрыс орналасуы өте маңызды. Бұл өрт сөндіру деполарына да қатысты. Қазіргі уақытта олардың саны – 11, бізге тағы 21 депо салу керек», деп атап өтті қала басшысы.

Елордада қалған екі аудан – Байқоңыр мен Есіл ауданында газ құбырының құрылысы басталды. Мысалы, бұл Ильин­ка (Үркер), Өндіріс, Пригородный, Телман елді мекендері, сол сияқты Family Village, Garden Village шағын аудандары және т.б. Шұбар шағын ауданында жобалау жұмысы жүріп жатқанын жеткізді елорда әкімі.

«Есіл және Байқоңыр ауданында газ құбырының құрылысына кірісіп, келесі жылы орамішілік желілердің құрылысына кірісеміз. Қалада 2 аудан – Сарыарқа және Алматы толығымен газдандырылды. Ол үшін 680 км-ден астам газ тарату желісі салынды, орамішілік желілер тартылды. 14 мың абонент газға қол жеткізді, 6 мыңнан аса абонент техникалық шарттар алды, сонымен қатар 3,6 мыңнан аса үй газға қосылды (25%-дан аса). Осы қыста жеке секторда газға қосылған үйлердің арқасында ауа әлдеқайда таза болды. Бұл айтарлықтай байқалады. Мысалы бұған дәлел ретінде Оңтүстік-шығыс ауданын айтуға болады. Елорданы газдандыру қаланың экологиясына ғана емес, қала тұрғындарының өмір сүру сапасына да оң әсерін тигізеді. Сондай-ақ қала тұрғындарының өз үйін газға қосу үшін құжаттар жинау туралы өтініштерін ескере отырып, құжаттар тізімі екі есеге қысқартылды. Бұрын құжаттарды жинауға 6 айға дейін уақыт кететін. Бұл шара Мемлекет басшысының «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиясыздандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы аясында қабылданды», деді А.Көлгінов.

Сондай-ақ қала басшысы жаңбыр жауған сайын тұрғындарды мазалап жүрген көшелерді су басу мәселесіне де тоқталды.

«Нұр-Сұлтанда 146 проблемалы учаскеде су басу мәселесі шешілді. Оның ішінде қаланың ең проблемалы даңғылдарының бірі – Б.Момышұлы даңғылы. 130 км-ден астам нөсер кәрізі мен арық-науа жүйесі салынды, 1 мыңға жуық бақылау және жаңбыр қабылдағыш құдық, сондай-ақ 20 км коллектор тазартылды, 6,5 мың құбыр буландырылып, 350 тоннаға жуық тұнба қалдық шығарылды. Елордада нөсер кәрізі мен оның құрылысы бойынша жұмыстар тұрақты негізде жүріп жатыр. Қаланың ең проблемалы даңғылдарының бірі Б.Момышұлы даңғылы болды. Толассыз жауын жа­уып, көліктердің жартысына жуығы су астында қалғаны, енді бірінің үрлемелі қайықтармен жүзіп жүргені естеріңізде болар. Бұл даңғылда біз нөсер кәрізінің магистралды коллекторын салдық. Нөсер кәрізінің ұзындығы 500 метрді құрайды – Дауылпаз көшесінен басталып, Елім-ай көшесіне дейін (Б.Момышұлы даңғылынан өтеді) жалғасады. Жаңа құрылыс қолданыстағы нөсер кәрізі желілерінің өткізу қабілетін 1,5 есеге арттыруға мүмкіндік берді. Бұдан басқа, Жастар шағын ауданында (Тәшенов пен Амман көшелерінің қиылысы) жеткізуші коллекторларды қайта жаңғырту арқылы тазарту құрылысы салынды. Жаңа құрылыстардың қуаттылығы – тәулігіне 42 мың текше метрден астам. Аталған тазарту ғимараты Тәшенов, Бараев, Уәлиханов, Пушкин, Иманбаев көшелерінің, Республика, Тәуелсіздік даңғылдарының жоғарғы бөлігінде су басу мәселесін шешуге мүмкіндік берді. Бұл құрылыстың ерекшелігі – Есіл өзеніне құяр алдында жаңбыр мен еріген қар суын тазартып алады. Сондай-ақ Телман елді мекенінде тазарту қондырғысы мен магистралды коллектор, Пригородный елді мекенінде және Алаш тасжолы бойындағы логистикалық орталық ауданында тазарту қондырғысы салынды, осыған дейін Мыңжылдық аллеясы ауданындағы 2 учаскеде нөсер кәрізінің проблемасы шешілді. Алматы ауданында (Ш.Қалдаяқов көшесі), жаңа вокзал, Ұлы Дала даңғылы және т.б. нөсер кәрізінің құрылысы жүріп жатыр. Нөсер кәрізі мен тазарту құрылысын салу және қуатын кеңейту бойынша жұмыстарды қала әкімдігі жүйелі деңгейде жүргізуде», деді ол.

Елордада Кешенді көлік схемасының тұжырымдамасы бекітілді. Бұл халықтың жыл сайынғы өсуін және жолдардағы трафиктің ұлғаюын ескере отырып, қала­лық көліктің 10 және одан да көп жылға арналған бірыңғай техникалық па­йымын әзірлеуге мүмкіндік береді.

«Жаңа сын-тегеуріндер мен урбанизацияны ескере отырып, жол-көлік инфрақұрылымын дамыту қаланың бас жоспарында жеке жоспармен айқындалды. Кешенді көлік схемасы (ККС) жаңа автомобиль көпірлерінің, көлік айрықтарының санын ұлғайтуды, көшелерді кеңейтуді, жолдарды тесу, қоғамдық көлікті жаңғыртуды көздейді. Мысалы, Ұлы дала даңғылында екі автокөлік көпірінің құрылысын жүргізіп жатырмыз, оны биыл аяқтауды жоспарлап отырмыз. Ол Мәңгілік ел даңғылының, А.Байтұрсынов, Р.Қошқарбаев, Ж.Нәжімеденов кө­ше­лерінің, Nova city ауданының, «Мыңжылдық» аллеясының жүктемесін ішінара азайтуға мүмкіндік береді, жаңа «Нұрлы жол» вокзалының, Телман және Промышленный елді мекендерінің, Метро гипермаркеті ауданының, Жұмабаев даңғылы, Жүргенов көшесі және т.б. аумаққа оңай жетуді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Есіл өзені арқылы Тәуелсіздік даңғылындағы көпірдің құрылысын жүргізіп жатырмыз, оның құрылысы 2023 жылы аяқталады. Осы айда күрделі жөндеуден кейін Алаш тасжолы бойында көпір ашылды», деді А.Көлгінов.

Сонымен қатар ол қалада құрылысы ұзаққа созылған нысандардың жұмысын аяқтау бойынша жүйелі жұмыс жүріп жатқанын, соның негізінде 16 мың үлескер отбасының 13 мыңының мәселесі шешілгенін атап өтті.

«Үлескерлердің мәселесі де шешілуде. Бұл мәселе де – Мемлекет басшысының бақылауында. Президенттің тапсырмасы бойынша құрылысқа қаражат бөлінді. Бүгінгі таңда 16 мың үлескердің 13 мыңының проблемасын шештік, жалпы алғанда, біз бұл мәселені концептуалды түрде шештік деп айтуға болады. Бұл мемлекеттік қаржы және қайтарымды, біз оны мемлекетке қайтаруымыз керек. Қайтару кестесі бар. Бұл жерде инвесторларды да тартамыз. Мысалы, «Садовый квартал», «Аниса» ТК – мәселені тек жеке инвестициялар есебінен шешеміз», деп түйіндеді әкім.

Жиын барысында А.Көлгінов Нұр-Сұлтанда 2022 жылы тағы 20 мыңнан аса оқушы орны ашылатынын, тағы 11 мектеп салынатынын мәлім етті.

«Сол сияқты 3 жыл ішінде елордада 34 мектеп салынды. Оқу орындарының құрылысы қаланың барлық ауданында жүріп жатыр. Халықтың жыл сайынғы өсуін ескере отырып, әлеуметтік нысандарға, оның ішінде оқу орындарына деген сұраныс артып келеді. Жоспарлы түрде оқушыларды тиісті оқу орындарымен қамтамасыз ету және жұмыс істеп тұрған орындарға артылып жатқан артық жүктемені алып тастау үшін жыл сайын кемінде 10 мектеп салу қажет. Үш жыл ішінде 34 мектеп салынып, пайдалануға берілді. Аталған оқу орындары 70 мың оқушы орнын құруға мүмкіндік берді. Оқу орындары қаланың барлық ауданында салынып жатыр. Мысалы соңғы 2 жылдың өзінде халық тығыз қоныстанған Есіл ауданында – 12 мектеп, Алматы ауданында – 7, Байқоңыр ауданында – 4, Сарыарқа ауданында 2 мектеп салынды. Биыл қалада тағы 11 мектеп салынады. Аталған оқу орындары қосымша 20 мыңнан аса оқушы орнын ашуға мүмкіндік береді», деді елорда әкімі А.Көлгінов.