Аймақтар • 11 Шілде, 2022

Павлодарда 6 млн теңгенің қаруы тапсырылды

147 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Павлодар облысының тұрғындары өз еріктерімен 6 млн теңгеге жуық сомаға қару тапсырды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Павлодарда 6 млн теңгенің қаруы тапсырылды

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, биылғы 8 шілдедегі жағдай бойынша қаруды өз еркімен тапсыру туралы ниет білдірген тұрғындардан 70 өтініш түскен, тіркелмеген 75 қару қабылданды. Тұрғындар 57 тегіс ұңғылы қару, 16 ойық ұңғылы қару және ойық ұңғылы қаруға 8 287 патрон тапсырған.

«Павлодар қаласының тұрғыны өз еркімен 16-калибрлі «ИЖ-К» маркалы бір ұңғылы мылтық, Павлодар ауданының тұрғыны марқұм әкесінен қалған 1 тегіс ұңғылы, «ИЖ-18», 16-калибрлі аңшылық мылтық әкелді. Төлемнің болжалды сомасы – 64 323 теңге. Бүгінгі таңда шамамен 5 млн 876 мың 389 теңге сомаға қару тапсырылды», деді аймақтағы ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Борис Әлімбаев.

Өңір полицейлері тіркелмеген атыс қаруын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды өз еріктерімен тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылатынын еске салады.

Аяна Тоғанбек