Спорт • 13 Шілде, 2022

Елена Рыбакина: Қазақстанға «дайын өнім» ретінде келгенім жоқ

135 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Теннистен Қазақстанның бірінші, әлемнің 23-ракеткасы Елена Рыбакина «Уимблдондағы» жеңісінен кейін елордаға келіп, қазақстандық БАҚ өкілдерімен кездескен болатын. Назарларыңызға қазақстандық теннисшінің баспасөз конференциясында журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға берген жауабын ұсынамыз.

Елена Рыбакина: Қазақстанға «дайын өнім» ретінде келгенім жоқ

– «Уимблдондағы» әр матчта бір-біріне ұқсай бермейтін ойын көрсеттіңіз. Жалпы тур­нир барысында сізге қай қар­сы­ласыңыз көп қиындық тудырды?

– Матчтардың бәрі бірдей қиын болды. Сол себепті нақты біреуін бөліп-жарып айта алмаймын. Бірақ мен үшін финалдық матч ауыр өтті. Себебі кейінгі екі күнде қатты қобалжыдым. Тур­нирдің басы қалыпты, тыныш­тау болды. Бірақ финалдың алғашқы сетінде жақсы ойын көрсете алмадым, бұл жерде эмоциям кері әсер етті ме екен деп ойлаймын. Ал екінші-үшінші сеттерде қарсыласыма қарағанда жақ­сырақ ойнай алғаныма қуаныш­тымын. Өйткені Онс Жабер оңай қарсылас емес, әйелдер арасында ол сияқты ойнай алатын спортшылар өте аз. Жаберге қарсылас болу кез келген теннисшіге қиын.

– Финалдағы соңғы, шешу­ші соқ­қыңыздан кейін қандай сезімде болдыңыз?

– Бұл соққымның шешуші болатынын өзім де күткен жоқ­пын. Видеодан көрсеңіздер, не істерімді білмей есеңгіреп қалдым. Турнирдегі алғашқы ойынымнан кейін жоғары нәтижеге қол жеткізуге болатынын сезе бастадым. Дегенмен, биылғы маусым мен үшін аса сәтті бастала қойған жоқ еді. Жыл басында жарақат алып, ол аздай сырқаттанып қалдым. Бірақ «Уимблдонға» өзімді жақсы сезініп келдім.

– Сіз бұған дейін «Уимбл­­дон­дағы» табы­сыңыз­дың бір бөлігін Қазақстандағы жас тен­нисшілерді қолдауға және қайырымдылыққа жұм­сай­­ты­ныңызды айтқан едіңіз. Қал­ған бөлігін қайда жаратасыз?

– Ең бірінші, соңымыздан еріп келе жатқан жас теннисшілерге көмектескім келеді. Сыйақының басым бөлігі жастарды қолдауға жұмсалады. Сонымен қатар табысымның бір бөлігін жануарларды қорғауға бағыттағым келеді.

– «Уимблдондағы» жеңі­сіңізден кейін Евгений Ка­фельников бұл жеңістің Қазақ­станға еш қатысы жоқ, олар «дайын өнімді сатып алды» деп мәлімдеді. Бұл туралы не айтасыз?

– Мен Қазақстанға келгенде жасөс­пірім болатынмын. Ал жасөс­пірімді дайын өнім деп айтуға болмайды, өйткені жасөспірімдерден ересектер дуына қосылу өте қиын. Ол үшін сенің жаныңда кәсіби мамандар болу керек. Кәсіби спортқа ауысып, одан әрі қарай сәтті өнер көрсету екінің бірінің қолынан келе бермейді. Санаулы адам ғана шыңға шыға алады. Бұл тұрғыда менің жолым болды. Сондықтан мені Қазақстанға «дайын өнім» ретінде келді деген пікірмен келіспеймін.

– Токио Олимпиадасындағы сәт­сіз­­дігіңізден кейін теннис мамандары сізді ол ойында пси­хологиялық тұр­ғыда жеңіліп қалды деген еді. Ал араға жыл салып «Уимблдонда» жеңіс тұ­ғырынан көріндіңіз. Осы уақыт ара­лығында психологпен жұмыс істе­діңіз бе?

– Мен ешқашан психологтің көмегіне жүгінген емеспін. Өзім­ді әлі де жас теннисші санаймын және енді-енді тәжі­рибе жинақтап жатырмын деп есептеймін. Олимпиададағы ойыныма келер болсақ, әрине жүлдеге қол созым қалған жерде сүрінгеніме әлі күнге дейін ішім ашиды. Дегенмен, Олимпиадада жинаған тәжірибемнің арқасында «Уимблдонда» жеңіске жеттім.

– Неліктен Қазақстанды таңда­дыңыз және басқа мемлекеттерден ұсыныс болды ма?

– Бұл – бес жыл бұрын болған оқиға. Сол кезде менің алдымда екі таңдау тұрды. Біріншісі – теннис ойнауды әрі қарай жалғастырып, кәсіби деңгейге көшу. Екіншісі – оқуға түсіп, білімімді жетілдіру. Өйткені мені АҚШ-тың алдыңғы қатарлы университеттері оқу­­ға шақырған болатын. Осы жерде көп­теген жас теннисші екінші жолды таң­­дап жатады. Мен «Үлкен дулыға» санатындағы жарыстарда жақсы нәтиже көрсетіп, жастар арасындағы рейтингте үшінші орында тұрған едім. Ересектер арасындағы WTA күнтізбесіне енетін алғашқы турнирімді де сәтті өткіздім. Содан кейін маған Қазақстаннан ұсыныс түсті. Меніңше, бұл өте сәтті ұсыныс болды және ол дер кезінде жасалды. Осылайша, спорттағы тағдырым Қазақстанмен байланысты жалғасып жатқанына қуаныштымын. Бүгінге дейін жеткен жетістігімнің бәрі Қазақ­станның арқасында екенін жасырмаймын. Қолдауларыңыз үшін көп рахмет.

– Қазақстан теннис федерациясы тарапынан берілетін сыйақыдан не үшін бас тарт­тыңыз?

– Федерация маған бұған дейін де көмектесті, әлі көмек­тесіп жатыр. Енді менің кезегім келді деп ойлаймын, яғни алғы­сымды сөзбен емес, іспен де дәлелдейтін уақыт жетті. Менің жеңісім баршаға ортақ. Алдағы уақытта бұл жеңісіммен тоқтап қалмаймын, әлі талай жеңісті сәттер күтіп тұр деп үміттенемін. Тиісінше қайырымдылық жасау да жалғасын табады.

– Өзіңізді іштей қай елдің азаматы сезінесіз және қай қалада тұрасыз?

– Әрине, мен Қазақстан азаматымын. Бұл сұраққа бұған дейін де бірнеше рет жауап бергенмін. Өкінішке қарай, теннис – өте қиын жұмыс. Кейінгі екі жылда тұрақты мекенім жоқ. Апта сайын бір қонақ үйден екіншісіне көшіп жүремін.

– Турнир алдында чемпион боламын деген сезім болды ма?

– Әрине, басыңнан өткен кез келген нәрсенің бәрі ұмытыл­майды, оны уақыт өте келе түсіне бастағандаймын. Қазір мен үшін бәрі жаңа, тың дүние, көптің назары менде болып жатыр. Журналистермен тілдескеннің өзіне қатты қобалжимын. Бірақ бәрі уақыт пен тәжірибенің арқа­сында келеді емес пе? Нәти­желерімді нашарлатып алмай, әрі қарай да жетістіктерге жетемін деп үміттенемін. «Уимблдонға» дейін турнирде жеңімпаз атанамын деген сезім болған жоқ. Психологиялық тұрғыда өзіме толық сенбеген тәріздімін. Оған жарақат пен сырқатыма байланысты дайындықтың дұрыс болмауы себеп секілді. Дегенмен жақсы дайындалып, жақсы формада болған кезде дұрыс бағытта екенімді, ірі турнирде жеңіске жетуге мүмкіндігім бар екенін түсіндім.

– Қоғам арасында сіздің аза­матты­ғыңыз қатты талқы­ланып жа­тыр. Осы дауға нүкте қою үшін төлқұ­жатыңыз бен жеке куәлігіңізді көрсете аласыз ба?

– Әрине, төлқұжатым бар. Міне, сіздерге дәлел (төлқұжаты мен жеке куәлігін көрсетіп жымиды).

– Жас теннисшілерге қандай кеңес бересіз?

– Ең бастысы – істеген ісіңнен ләззат алу. Мұнда ата-аналардың көмегі орасан. Ата-анамның қолдауынсыз мен ешқандай жетістікке жете алмас едім. Сондай-ақ денсаулық та маңызды, ал денсаулық дегеніміз – тәртіп. Бәрі қарапайым нәрселер болғанымен, жеңістің кілті осындай қарапайым нәрселерде жатқанын ұмытпау керек.

– Алдағы жоспарыңыз қан­дай?

– Енді аз уақыт тынығып, Америкада өтетін турнирлерге дайындықты бас­тау ке­рек. Бізде ойындар өте көп, апта
сайын өтіп жатады. Ұзақ уақыт демалуға мүм­­кіндік жоқ. Алдағы ең маңызды турнирдің бірі – «Үлкен дулыға» санатына енетін жылдың ең соңғы жарысы US Open болмақ.

 

Жазып алған

Әли БИТӨРЕ,

«Egemen Qazaqstan»