Коронавирус • 28 Шілде, 2022

Екпе алғандар елу пайыздан асты

209 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әлем жұртшылығын әуреге салған белгісіз індеттің беті қайтты деп, бетпердемізді шешіп қуанғанымыз кеше ғана еді. Бірақ қаншама адамның өмірін жалмаған, қаншама азаматты дертке ұшыратқан сол бір індет іргемізге қайта із сала бастады. Оны күнделікті ақпарат ағынынан аңғару қиын емес. Көптеген елдер сақтық шараларына сақ қарап, аурудан қорғану жолдарын қолға алуда. Еліміздің бас қаласы «сары» аймаққа енуіне байланысты шектеу шаралары енгізілгенін жазған болатынбыз. Осының өзі науқастар санының артқанын аңғартады. Осыған орай Денсаулық сақтау министрлігі өкілдерінің қатысумен коронавирус инфекциясымен сырқаттанушылық бо­йынша эпидемиологиялық жағдайға қатысты баспасөз мәслихаты өтті.

Екпе алғандар елу пайыздан асты

Жиын барысында Денсаулық сақтау ми­ни­стр­лігінің өкілдері COVID-19 ауруы­ның өсуі және инфекцияны таратпау және емдеу бойынша қабылданып жат­қан шаралар туралы хабарлады.

«Қазақстанда 20 маусымнан бастап КВИ аурушаңдығының өсуі бай­қа­ла­ды, соңғы аптада алдыңғы аптамен са­лыс­тыр­ғанда аурушаңдық 1,9 есеге, яғни, 8 156-дан 15 503 жағдайға дейін өсті. Тәулігіне 2 700-ге дейін КВИ+ және 20-ға дейін КВИ- жағдайлары тіркеледі», деп атап өтті Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова.

Бұл ретте соңғы аптада ауырғандардың 70%-ы 3 өңірге – Алматы, Нұр-Сұлтан және Қарағанды облыстарына тән. Айта ке­те­тін жайт, сырқаттанушылықтың көте­рілуіне қарамастан, науқастарды ауру­ха­на­ға жатқызу деңгейі әлі де төмен болып қалуда.

Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник COVID-19-бен сыр­қат пациенттердің 93%-дан астамы амбулато­рия­лық деңгейде емделіп жатқанын айтты.

«Коронавирус инфекциясы аурушаң­дығының артуына байланысты меди­ци­налық-санитарлық алғашқы көмек ұйымдары кабинеттердің сүзгі жұмысын қамтамасыз іете отырып, санитарлық-дезинфекциялық және эпидемиологиялық режімді сақтай отырып, штаттық режімде жұмыс істейді. Коронавирус инфекциясы диагнозы бар пациенттердің 93%-дан ас­та­мы амбулаториялық деңгейде ем алуда», деді В.Дудник.

Сонымен қатар, ол бүгінгі таңда КВИ-мен ауыратындардың арасында аурудың жеңіл, асимптоматикалық ағымы байқа­ла­тынын, қысқа инкубациялық курс 2-ден 14 күнге дейін, орташа есеппен 2-4 күнге дейін созылатынын жеткізді.

«Науқастар көбіне жоғары қызба, жалпы әлсіздік, қатты бас ауруы симптомдарына шағымданады. Аурудың ауыр ағы­мында нейротоксикоз, электролит балансының бұзылуы, гиповолемиялық шок байқалады», деді вице-министр.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, амбулаториялық деңгейде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде коро­­навирус инфекциясы бар пациент­тер­ді 5 препаратпен қамтамасыз ету ұйым­дастырылды. Бұл – қызу түсір­гіш дәрілер және антикоагулянттар. Бұлар жеткілікті мөлшерде бар. Корона­вирус инфекциясы бар пациенттерге меди­ци­налық-санитарлық алғашқы көмек деңгейінде уақтылы медициналық көмек көрсету үшін КВИ бар науқастарды бақылау бойынша 2 380 мобильді бригада ұйымдастырылды, оның 1 мыңы ауылда. Бұл ретте резервте 1 600-ден астам мобильді бригада бар.

«Естеріңізге сала кетейік, мобиль­ді бригадалар 5 мың және одан да көп ха­лыққа 1 бригада есебінен ұйым­дас­ты­рылады. Ауыл деңгейінде дәрігерлік амбулаторияның және медициналық-санитарлық алғашқы көмек орталығының жанынан кемінде бір мобильді бригада құрылады. Жіті респираторлық ауру белгілері бар және коронавирус инфекциясына күдікті немесе науқас пациенттерге үйге шығу кезінде ПТР әдісімен коронавирус инфекциясына биологиялық материалдар үлгілерін алу жүргізіледі. «COVID-19 коронавирус инфекциясы» диагностикасы мен емдеудің клиникалық хаттамасына сәйкес дәрі-дәрмектер тағайындалады, қажет болған жағдайда дәрі-дәрмектер науқасқа жеткізіледі. 2022 жылдың І жартыжылдығында мобильді бригадалар 815 мың шығуды жүзеге асырды. Ең көп шығу Қарағанды облысында, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында жүзеге асырылды», делінген министрлік таратқан мәліметте.

Медициналық қызметтерді стацио­на­р­лық көрсетуге қатысты республикада КВИ бойынша стационарлық кө­мек­ті қуаттылығы 4 505 төсектік 180 меди­ци­на­лық ұйым көрсетеді, 1 342 пациент емдеуге жатқызылды.

«Стационарлық емдеудегі пациент­тер­дің талдауына сәйкес балалар саны 36 %-ды құрайды. Ересек пациенттер 64 %-ды құрады, оның ішінде жасы 60 жастан жоғары адамдар – 22 %. 50 %-дан астамы қатар жүретін аурулары барлар, оның ішінде қан айналымы жүйесінің аурулары – 19%, тыныс алу органдарының аурулары, қант диабеті және семіздік – 5 %. Бүгінгі таңда науқастардың арасында 18 %-бен 249 жүкті әйел бар», деді В.Дудник.

Сонымен қатар резервте 138 меди­ци­на­лық ұйымда 20 мыңнан астам инфек­ция­лық төсек бар.

«Тағы да еске салғым келетіні, бізге инфек­цияның ауыр түрлерінен және ауруханаға жатқызудан нақты алдын алу шарасы қолжетімді. Бұл КВИ-ге қарсы вакциналау. Вакциналау және ревак­циналау инфекциядан жалғыз қорғаныс болып қала береді. Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларының мысалында біз ауырғандардың 80 %-ы вакци­на­ланбаған адамдар немесе 6 ай бұрын вакциналанғандар екенін көреміз, бұл КВИ-ге қарсы вакциналау қажеттілігін тағы да растайды», деп атап өтті Бас мем­ле­кет­тік санитариялық дәрігер.

Бүгінгі таңда КВИ-ға қарсы вакцинамен ересек тұрғындардың 80%-дан астамы немесе елдің барлық халқының 56%-дан астамы қам­тыл­ған.

«COVID-19-ға қарсы ревакцина алдыңғы вакциналардың көмегімен пайда болған вакцинадан кейінгі иммунитетті сақтауға және ағзаны аурудан қорғауды күшейтуге бағытталғанын атап өткен жөн. Өкінішке қарай, вакци­на­ланған адамдарда, сондай-ақ КВИ-мен ауырған адамдарда уақыт өте келе дененің инфекциядан қорғалу деңгейі төмендейді, нә­тижесінде адам қайтадан ин­фек­­цияға сезімтал болады. Осы­ған байланысты, вакцинаның алғаш­­қы курсын алғаннан кейін 6 айдан кейін КВИ-ға қарсы ревак­цина алу ұсынылады», деді А.Есмағамбетова.