Қазақстан • 01 Тамыз, 2022

Әлеуметтік әмиян жобасы енгізіледі

232 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың төрағалығымен Сауда және интеграция министрлігінің алқа отырысы өтті. Алқа отырысында ведомствоның І жартыжылдықтағы жұмысы қорытындыланып, алдағы кезеңге арналған міндеттер айқындалды.

Әлеуметтік әмиян жобасы енгізіледі

Вице-министр Жанель Кушукованың айтуынша, 2022 жылдың 5 айында Қазақстанның сыртқы саудасының оң динамикасы байқалады. Биыл қаңтар-мамырда сыртқы сауда айналымы 51,3 млрд долларды құрады. Экспорт өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 59%-ға өсіп, 34,2 млрд доллар болды. Сондай-ақ Қазақстанның ЕАЭО елдерімен саудасы оң динамиканы көрсетуді жалғастыруда.

«Қазақстанның ЕАЭО бо­йынша әріптестерімен тауар айналымы 2022 жылдың 5 айында 10 млрд долларды құрады, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5%-ға жоғары. ЕАЭО елдерінің нарықтарындағы қа­зақ­стандық тауарлар үшін ке­дер­гі­лерді жою бойынша жұмыс жал­ғасып жатыр», деді Ж.Кушу­кова.

Сауда және интеграция вице-министрі Әсел Жанасова бүгінгі таңда министрлік 9 цифрлы жобаны іске асырып жатқанын хабарлады. Олардың арасында төлем жүйесі бар әлеуметтік әмиянды енгізу де бар.

«Бүгінгі таңда «әлеуметтік әмиян» бойынша қанатқақты жо­баны жүргізу жұмыстары мүд­делі мемлекеттік органдардың, ұйым­дардың және ЕДБ-ның қаты­суымен жалғасып жатыр», деді Ә.Жанасова.

Сонымен қатар Б.Сұлтанов жыл соңына дейін мүдделі орган­дармен, ұйымдармен және ЕДБ-мен бірлесіп «Әлеуметтік әмиян­ды» енгізу қажеттігін атап өтті.

«Жобаны іске асыру оларды пайдалану тиімділігінің мони­торингін қамтамасыз ете отырып, халықты әлеуметтік қолдау қаражатын бөлудің цифр­лы құралын жылдам құруды қам­та­масыз етеді», деді Б.Сұлтанов.

Алқа отырысы барысында Сауда комитетінің төрағасы Ержан Қазанбаев та баяндама жасады. Оның айтуынша, ішкі тауар айналымы өсті. Осы жылдың қаңтар-маусым айларында тауар айналымының көлемі 20,6 трлн теңгені құрады. Оның ішінде бөлшек саудада 6,1 трлн теңге, көтерме саудада 14,5 трлн теңге болды.

Қазіргі уақытта комитет 3 не­гіз­гі бағыт бойынша жұмыс жүр­гізіп жатыр:

– сауда саласын дамыту мәсе­лелері бойынша мемлекеттік саясатты жетілдіру;

– сауда инфрақұрылымын дамыту;

– азық-түлік тауарларына ба­ғаларды тұрақтандыру мәселелері бойынша бірыңғай мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз ету.

Сонымен қатар Б.Сұлтанов Сауда комитетінің төрағасына Ауыл шаруашылығы министр­лігі­нің қант саласын дамыту бойынша кешенді жоспар әзірлеу жұ­мы­сына белсенді қатысуды тапсырды. Ол импортқа тәуелділікті едәуір азай­туға және өзін-өзі қамта­масыз етуге біртіндеп көшуге бағытталуы керек екенін атап өтті. Сондай-ақ мүдделі инвестор­ларды тарта отырып, КТО желісі бар Ұлттық тауар өткізу жүйесін іске қосуды жеделдету қажет.

Алқа отырысы барысында ТРМК төрағасы Арман Әбенов, ТҚҚК төрағасының орынбасары Алмас Әбжаппаров және СИМ аппарат басшысы Жәнібек Нөпіров министрлік қызметінің мәселелері бойынша баяндама жасады.

Сауда және интеграция министрі отырысты қорытындылай келе, вице-министрлер мен комитет төрағаларына барлық қабылданған міндеттемелерді, оның ішінде Мемлекет басшысының жаңа тапсырмаларын уақтылы және сапалы орындауды қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ ел Үкіметінің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысының сынына байланысты Сауда комитеті басшылығының жауапкершілігін қарау тапсырылды.