Аймақтар • 21 Тамыз, 2022

Атырау облысында 41 көлік өртеніп кеткен

187 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырау облысында биылғы 7 айда 41 көлік өртеніп кетті. Оның басым бөлігі электр жабдығының бұзылуынан өртенген, деп хабарлайды Egemen.kz.

Атырау облысында 41 көлік өртеніп кеткен

Облыстық ТЖД мәліметінше, жыл басынан бері 41 көліктің өртену дерегі тіркелген.

«Автокөліктің түрлі бөлшегін үнемі тексерістен өткізіп, әсіресе, өрт қауіпсіздігін бақылауда ұстау қажет. Алайда, жүргізушілер бұл талапты ескере бермейді. Соның салдарынан Атырау облысында биылғы 7 айда 41 автокөлікте өрт оқиғасы тіркелді. Оның ішінде 17 жүк, 23 жеңіл көлікті жалын шарпыды», делінген департамент хабарламасында.

2208211459382862g.jpg

Автокөліктегі өрттің шығуына бірнеше себеп бар. Мәселен, электр жабдықтарының бұзылуынан 28, жанар-жағар май жүйесінің ақауынан 6, көлік салонында шылым шегудің салдарынан 7 көлік өртенген.

Осыған байланысты ТЖД жүргізушілерден авкөліктің техникалық қауіпсіздігіне баса көңіл бөлуді ұсынып отыр. Әсіресе, өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау қажет.

«Автокөлікті дер кезінде техникалық байқаудан өткізіп, әсіресе, электр желісінің сымдарына назар аударылуы тиіс. Көлікте өрт сөндіргіш құрал болғаны жөн. Автокөлікте жалын шарпыған жағдайда қозғалысты тежеп, өрт сөндіргіш құралын пайдалану керек. Жалынды сөндіруге топырақ пен құмды пайдалануға болады. Жанармай төгілген жағдайда, лапылдап жанып кетпес үшін оған су мен көбік немесе топырақ сеуіп тастаған дұрыс», делінген хабарламада.