Білім • 25 Тамыз, 2022

Жас мұғалімдерге шабыт сыйлады

440 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымында «Жас ұстаз: Табысқа апарар жол» атты бірінші республикалық жас мұғалімдер форумы өтті.

Жас мұғалімдерге шабыт сыйлады

Республикалық форум жас мұғалімдердің біліктілігін арт­тыруға арналған NIS-тің ауқымды жобасын жалғастырып, елорда, Өскемен, Қарағанды, Алматы, Павлодар және Қостанайда бір­қатар кейс-сессия ұйым­дас­тырды.

– Технология мен экономи­каның қарқынды дамуы білім саласына қуатты серпін береді. Бүгінгі таңда мұғалімдердің заман талабына сай болуы маңыз­ды. Мұғалім – сұранысқа ие ма­мандық, сондықтан оның даму траек­ториясы жеке, бірақ әрқа­шан әлемдік білім беру үрдісіне сай болуы керек, – деді ұйымның басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова.

TEDTalk-те өз кәсібінде та­быс­­қа жеткен азаматтар тәжіри­белерімен бөлісті. Мәселен, Bilim Media Group электронды білім беру компаниясының директоры Рауан Кенжеханұлы білім беру жүйесінде жұмыс істеу – өмірлік таңдауы, мұғалім – әр адам үшін ата-анадан кейінгі тұлға, ал мектеп – елдегі ең маңызды институт екенін жеткізді. Белгілі телерадио жүргізушісі, актриса Майра Төлепберген, танымал актер Асқар Ілиясов өздерінің мұғалімдер отбасында өскенін мақтанышпен әңгімелесе, «Ассамблея жастары» республикалық ұйымы­ның төрағасы Тимур Жұмырбаев жас педагогтер қауымдастығы олардың әлеуетін кеңейтуге кәсі­би алаң болатынын атап өтті. Өйт­кені елімізде жас педагогтермен тікелей жұмыс істейтін, озық тәжірибелермен алмасуға көмектесетін ұйым жоқтың қа­сы. Жас оқытушылар қатарын­дағы ұлыбританиялық әріптес, Кембридж университетінің білім беру факультетінің өкілі Элейн Уилсон білімді ұдайы жетіл­діру­дің маңызына тоқталды.

Форум аясында қатысушы­лар Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовпен кездесті. Жас ұстаздар электронды білім беру жүйе­леріндегі ақпараттық интег­рацияға, ауылдағы интернет жыл­дамдығының төмендігіне, мектептерге арналған серверлер мен платформалардағы мәселелерге ведомство басшысының назарын аударды.

Жеке шеберлік сабақтар өткіз­ген жас мамандар сабақты ұйым­дастыру және жеке кәсіби дамуда өте өзекті саналатын цифр­лы мұғалім, сабақ форсайты, педа­гогикалық ангажемент, дифференция және оқытудағы лайфхактар сияқты креативті кейстерімен таңғалдырды. Айталық, Қостанай облысынан келген тарих пәнінің мұғалімі Дамир Сұлтанов сабақты жоспарлауда YouTube пен Google-дағы білім жеткіліксіз болған соң гидтерді дайындау және цифрландыру бойынша түрлі курсқа қатысу арқылы Меңдіқара ауданы бойынша авторлық туристік бағдарламаны құрастырғанын әң­гімеледі. Ал Рудный қаласы­ның №1 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлдана Бұхарбаева педагогикалық ангажемент шеберлік сабағында білім ордасында құрылған театр жайында баяндап, креативті тәсілдер қазақ тілінде сөйлеу дағдыларын дамытып, пәнге деген қызығушылықты арттыратынын айтты. Алматылық математика пәнінің мұғалімі Темірбек Сағындықовтың сө­зіне қарағанда, бүгінгі таңда әр мұға­лімнің цифрлы болуы қа­жет­тілікке айналды. Тik-Тоk-та 14 мың жазылушыны есептерді тез шешуге үйреткен және бала­лардың математикаға деген қызы­ғушылығына қолдау көрсетіп жүрген Темірбектің үлгісі жас мұға­лімдердің шабытына қозғау салғаны анық. Форумға Қостанай облысынан келген Ботагөз Мақа­това биология сабағына цифрлы технологияны енгізу үшін сабақты STEAM зертханасында өткізуді қолға алғанын, оған Mozaik Web бағдарламасын таң­дап, ROQET интерактивті пане­лін қолданғанын жеткізді. Ал павлодарлық Әсет Серікбаев бір­неше жыл бұрын қолына АҚШ Конституциясы түске­нін, сол кезден бастап мемлекеттік құры­лыс­қа қызығушылық таныта бастағанын, кейін Қазақстан Конституциясына қосымша жасауды ұйғарғанын әңгімеледі. Биыл маусым айында Әсет қа­зір сұранысқа ие «PRO100 Кон­ституция» жобасына патент ал­ды. Қарағандылық Олег Тё мен Ержан Акижанов оқушылардың сабаққа қызығушылығын ояту тәжірибелерімен бөліс­ті. Ержан жеке білім беру бағыттарын әзір­леп, қосымшаларды іл­кім­ді пайдалануды алға тартты. Wooclap ауқымды аудиториямен жұмыс істеу кезінде тиімді болса, Formative бағдарламасы қалыптастырушы және жиын­тық бағалауды жүргізуге көмектеседі. Олег «төң­керілген сыныптың» негізгі қағидаларын түсіндіріп, сандық әдістердің, атап айтқанда, ISpiring Learn, Anchor fm қосымшаларының оқушылармен сәтті ынтымақтастық құрудағы маңызын жеткізді. Өскемендік Алена Рахимова топтық жұмыста оқушыны бағалау әрдайым қиын екенін, объективтілік баланың оқуға деген қызығушылығын сақтайтынын ерекше атап өтті. Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Әділ Анарбеков бағалау кезінде баланың психологиялық жай-күйі шешуші мәнге ие екенін, шәкірт пен ұстаз арасындағы алтын көпір – сенім, сүйіспеншілік пен үміттен құралатынын айтты.

Педагогикалық шеберлік орта­лығының директоры Жанбота Қабдықәрімова online.cpm.kz платформасында жұмыс істейтін «Жас мұғалім мектебі» ашық онлайн курсы әзірленгенін, жаңа ресурс түрлі бағыттағы оқу материалдарын біріктіргенін атап өтті. Сондай-ақ әр өңірде «Жасампаз жас ұстаз» жас мұғалімдер клубы құрылды, «Шамшырақ» онлайн платформасы ауыл мектептерінен келген үздік жас мұғалімдердің тәжірибесі туралы бейне­материалдар жариялауды бастады.

Жаһандық білім беру комис­сиясының Азия хаб комиссары, «Назарбаев зияткерлік мек­тептері» ДББҰ Басқарма төр­айымы Күләш Шәмшидинова әр де­ле­гатқа үміт артатынын және отан­дық білімнің бәсекеге қабі­летті әрі табысты болатынына сенім білдірді.