Қазақстан • 31 Тамыз, 2022

Жаңа кезеңнің тың талабы

2754 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Белгілі бір елдің конституциялық дамуы нәтижесінде түпкілікті және біркелкі құжат қалыптасатын бірізді процесс емес. Бұл – мемлекеттік даму басымдықтарын, қоғамдық мүдделерді, сондай-ақ жалпы әлемдік трендтерді көрсететін және тиісінше өзгерістер мен толықтыруларды талап ететін маңызды құжат. Дәл осы қағидаға сүйене отырып, АҚШ, Франция, Германия сияқты дамыған елдер конституцияларына өзгерістер мен түзетулер енгізуді жалғастырып келеді.

Жаңа кезеңнің тың талабы

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Жаңа кезеңнің талабы да Қазақстан халқы үшін қажетті жалпы мемлекеттік құндылықтарды саяси процестің тұрақтылығы ретінде айқындап берді. Тиі­сінше, Конституцияға белгілі бір түзе­тулер енгізу қажет болды. Ата Заң өзінің конституциялық дамуы барысында өзгерістерге ұшырағанымен бұл түзе­тулер эволюциялық сипатқа ие болды.

Конституцияға енгізілген кезекті өзгерістер мен толықтырулар Негізгі Заңның қазіргі күрделене түскен геосаяси жағдайлар мен сын-қатерлерге бейімділігін, сондай-ақ жаңғырту мен прог­рессивтілікке қабілеттілігін көрсетеді деп батыл айтуға болады. Бұл ретте конс­титуциялық даму барысында адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары өзгеріссіз конституциялық құндылықтар болып қала береді. Дәл осы құнды ережелер – Қазақстанның конституциялық дамуының тірегі және қозғаушы күші. Мемлекет басшысы ұсынған «Ха­лық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы маңызды бағдар­ла­малық және стратегиялық құжаттардың қабылдануына ықпал етті. Бүгінгі таңда бұл тұжырымдама Конституцияда көрініс тапқан демократиялық бастау­ларды, қағидаттар мен тәсілдерді конституцияландыруға бағытталған жаңа маңызды міндеттер қойып отыр.

Конституция еліміздің негізгі құжаты бола отырып, мемлекеттік саясатты іске асырудың аса маңызды қағидаттарын, қоғамдық қатынастарды дамытудың құнды бағдарларын, сондай-ақ мемлекет пен қоғамның үйлесімді өзара іс-қимыл тетігін көрсетті. Мұның барлығы мемлекеттілігіміздің бірегей қасиеттерін айшықтап береді. Сол арқылы еліміз жаһандық бәсекелестікте ар­тық­шы­лықтарға ие болуға мүмкіндік алады. Қазірдің өзінде Қазақстан Респуб­лика­сының конституциялық дамуының нақты нәтижелерін айтуға болады. Өйткені Конституцияға өзгерістер енгізу – Қазақстан тарихындағы жаңа тарау.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев суперпрезиденттіктен күшті Парламенті мен есеп беретін Үкіметі бар президенттік модельге көшу арқылы қоғамды одан әрі демократияландыра отырып, тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесінің жаңа моделін жариялады. Бұл тұжырымдамалық өзгерістер қоғамды одан әрі демократия­ландырумен қатар мемлекеттік билікті ұйымдастыру архитектурасындағы Конституцияға өзгерістер енгізуді талап етті. Осылайша 2022 жылғы түзетулер аясында Конституцияның 33 бабына 56 түзету енгізілді.

Конституцияға сәйкес «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайыр­лы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп жазылған. Сондай-ақ Негізгі Заң бо­йынша Қазақстан – президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет, ал халық – мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы болып табылады және оны тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асырады.

Биыл 5 маусымда өткен референдум кезінде Конституцияға түбегейлі өзгерістер енгізілу қарастырылды. Мә­селен, Президент Конституцияның 6-ба­бының 3-тармағына сәйкес жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстарға халыққа тиесілі екендігін енгізуді ұсынды. Әрине, мұндай мә­селе жалпыхалықтық референдумда қаралуы керек. Себебі референдум – тікелей демократияның маңызды инс­титуттарының бірі. Ең маңызды мәсе­лелер бойынша азаматтардың еркін білдіру нысаны ретінде осы сая­си ба­ғытты таңдау халықтың тікелей қатысуын қамтамасыз етеді.

Әлемнің кез келген демократиялық елінде референдум әрқашан құпталады және жүргізіліп жатқан конституциялық реформалардың демократиялық сипатын тағы бір мәрте айқын көрсетеді. Себебі реформа кезінде мемлекеттік, әлеуметтік маңызы бар мәселелерді қабылдауға қатысу құқығы тек халыққа беріледі.

Конституцияға ұсынылған түзе­ту­лерді шартты түрде үш топқа бөлуге болады. Түзетулердің біріншісі – Пре­зиденттің өкілеттіктерін шектеуге, екіншісі –Парламенттің күшеюі, Пар­ламенттің жұмыс істеу тәртібінің өзгеруі, заңдарды қабылдау тәртібінің және есеп беретін Үкіметтің өзгеруімен, ал үшінші топ демократиялық институттарды енгізу, қоғамды демократияландыру және адамның негізгі құқықтарын қорғаумен байланысты.

Тұтастай алғанда, бұл саяси өзгерістер мен реформалар мемлекеттік басқарудың жаңа моделін құруға бағытталған. Түзетулердің бірінші тобына келетін болсақ, Президент атап өткендей, пар­тия­лық құрылымдарды мемлекеттік аппаратпен біріктіру қажет емес. Саясаттағы монополия сөзсіз әртүрлі әлеуметтік аурулар мен мемлекеттің деградациясына алып келеді. Осыған байланысты билік тармақтарын қайта форматтау және заң­намаға өзгерістер енгізу ұсыныла-
ды.

Атап айтқанда, Президенттің өз өкі­леттіктерін жүзеге асыру кезеңінде саяси партиялар мүшелігіне заңнамалық тыйым салу белгіленіп, Президенттің облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкімдері акті­ле­рінің күшін жою немесе тоқтата тұру жөніндегі құқығын көздейтін ережелер алынып тасталды. Сондай-ақ Пре­зиденттің аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың, қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерін қызметінен босату құқығын көздейтін нормалар да қыс­қартылды. Президенттің жақын туыс­тары үшін мемлекеттік органдарда және квазимемлекеттік сектор субъек­тілерінде басшы лауазымдарды атқа­руға заңнамалық тыйым салу белгі­ленді. Орталық сайлау комиссиясы, Рес­пуб­ликалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті, Конституциялық кеңес төрағалары мен мүшелерінің партиядан міндетті түрде шығуы туралы нормалар көзделді.

Тұжырымдамалық өзгерістердің тағы бір көздегені – Парламенттің күшеюі және есеп беретін Үкімет құру. Жалпы, еліміздің территориялық-аумақтық ерекшелігін ескере отырып, біз үшін қос палаталы Парламент қағидатын сақ­тап қалу маңызды. Бұл тұста облыс орталықтарының елді мекендерден, тіпті бір-бірінен тым қашықта орналасқанын айтсақ та жеткілікті. Сондықтан мемле­кеттік басқарудың тиімділігін арттыру үшін әр өңірдің мүддесін ескеру маңызды. Парламентті күшейту мақ­сатында Мемлекет басшысы еліміздің жоғары өкілді және заң шығарушы органын аралас сайлау жүйесін енгізу және Мәжілістің өкілеттігін күшейту, депутаттардың президенттік квотасын қысқарту және Сенаттың заң қабылдау жөніндегі өкілеттігін қайта қарау арқылы жетілдіру қажет екенін атап өтті. Жұмыс тобы шеңберінде Конституцияға аралас сайлау жүйесін көздейтін түзетулер ұсынылды.

Кез келген демократиялық елде халықтың саяси билік өкілдеріне деген сенімі саяси реформалардың кепілі болып саналады. Сондықтан Президенттің сайлау жүйесінің аралас моделін енгізу қажеттілігі туралы ұсынысы уақыт талабынан туындап отырған шешім. Бұл жөнінде Президент халыққа Жол­дауында: «Осындай жағымсыз жайттарды ескере отырып, мен аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынамын. Сол кезде барлық азаматтардың құқығы толық ескеріледі. Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы пропорционалды, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жасақталатын болады. Бұдан былай мажоритарлық жүйе бойынша әрбір аймақ Парламенттің төменгі палатасына өзінің кемінде бір депутатын сай­лай алады. Жаңа үлгі көзқарасы әртүр­лі азаматтардың Мәжіліске келуіне мүм­кін­дік береді», деді.

Мәжіліс конституциялық заңда белгіленген тәртіппен аралас сайлау жүйесі, біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша пропорционалды өкілдік ету жүйесі, сондай-ақ бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын тоқсан сегіз депутаттан тұрады. Жаңа аралас сайлау моделі «ешкімге жасанды артықшылықтар бермей» саяси саналуандықтың кеңдігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әрине, Жолдауда көрсетілген көптеген реформалау тетіктері конституциялық заңдарды сәйкес келтіріп, қабылдауды талап етеді. Мәселен, 70% пропорцио­налды жүйе әртүрлі бағыттағы саяси партияларды кеңейту мүмкіндігін және олардың өкілдігін арттырады, яғни, Парламентте саяси партиялардың саны артуы мүмкін. Пропорционалды жүйе саяси саналуандықтың кең есепке алынуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ол ұлтаралық келісімнің тұрақтылығын сақтауға ықпал етеді. Себебі партиялық тізімдерге этностық азшылықтардың өкілдері де қосылады.

Пропорционалды жүйе Парламентте барлық: үлкен де, шағын да саяси партиялардың пропорционалды өкілдігін сақтауға мүмкіндік бере отырып, сол арқылы көппартиялықтың қалыптасуына және плюрализмнің дамуына ықпал етеді. Жаңа жүйе талабына сәйкес, егер әйелдер мен азшылықтардың кандидаттары партиялық тізімге қосылатын болса, олардың сайлану мүмкіндігін арттырады. Өйткені мұндай адамдарға округ бойынша өту қиынырақ. Сонымен қатар пропорционалды жүйе кезінде сайлаушылар округтер бойынша бөлінбейді.

Ал 30 пайыз мажоритарлық жүйе әрбір сайлау округінен кандидатты таңдауға мүмкіндік береді, өйткені, еліміз әрқайсысынан кандидаттар ұсыны­латын, халқының саны бойынша ша­мамен тең округтерге бөлінеді. Бұл халықтың өкілдігін арттырады. Қарапа­йымдылық, сайлаушылардың канди­да­тураларды ұсынуға қатысу мүм­кін­дігі, барлық үміткерлерді аты-жөні бойынша санамалау – мұның барлығы сөзсіз мажоритарлық сайлаудың артық­шы­лықтары. Өйткені, бұл сайлау жүйесінде ең көп дауыс жинай алған кандидат ғана жеңіске жетеді.

Мемлекет басшысы ұсынған мажо­ритарлық сайлау жүйесі канди­даттың өз сайлаушыларымен тығыз қарым-қатынас қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ал қазіргі таңда электоратпен диалог орнату – Жаңа Қазақстан үшін өте уақтылы әрі өзекті мәселе. Сон­дай-ақ мажоритарлық сайлау жүйесі әртүрлі саяси партияларға тиімді жұмыс істей алатын орнықты билік органдарын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мұндай тәжірибе АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Аустралия елдерінде жақсы дамыған. Бұл – халық қалаулыларына ықпал етудің қосымша тетігі. Себебі сайлауалды уәделерін тиісінше орындамаған жағдайда оларды кері қайтарып алу мүмкіндігі пайда болады.

Депутаттарды кері қайтарып алу рәсіміне толығырақ тоқталар болсақ, заңда белгіленген рәсімді қолдану нәти­жесінде сайлау мандатын алған адам одан айырылады. Кері қайтарып алынған депутатты ауыстыру мақсатында аталған сайлау округі бойынша жаңа сайлау өткізіледі. Кері қайтарып алу – депутаттың өз округімен тығыз байланысының көрінісі. Кері қайтарып алу бастамашылары, көбінесе, саны заңда белгіленген сайлаушылар топтары болады.

Мемлекет басшысы ұсынған аралас модель әмбебап әрі үздік әлемдік тәжірибені біріктіретін модель. Бұл модель сайлаушылардың да, партиялардың да мүдделерін ескеруге мүмкіндік береді және жеңген кандидаттың сайлаушылар алдындағы тікелей жауапкершілігін қалыптастырады әрі Мәжіліс рөлінің күшейгенін куәландырады.

Конституцияға енгізілетін түзетулер азаматтардың құқықтары мен бостан­дық­тарының конституциялық кепілдіктерін күшейтуге бағытталғанын да атап өткен жөн. Осыған орай Конституциялық соттың құрылғанына ерекше тоқталуға болады. Бүгінгі таңда Конституциялық кеңес заңдардың конституциялығын қарайды. Яғни, күшіне енген заңдар мен нормативтік актілерді соттардың өтініштері бойынша тексереді. Алайда, қолданыстағы модельде барлық рәсімдерді қолдана отырып, жеке шағымдарды қарау қарастырылмаған. Атап айтқанда, бұл Конституциялық сотқа тән. Бұл тұрғыда Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мен прокуратураның күшеюін атап өту маңызды. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің конституциялық мәртебесін бекіту – елеулі демократиялық қадам. Осылайша Конституциялық сот инсти­тутын қайта жаңғырту, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мен прокуратураны күшейту, Қазақстанды ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып табылатын демократиялық, зайырлы, әлеуметтік және құқықтық мемлекет ретінде орнықтыруда оң рөл атқарады. Ал конс­титуциялық реформалар халық игілі­гіне бағытталған мемлекеттік басқару жүйесінде жаңа, ел тарихында елеулі қадам жасауға мүмкіндік берері сөзсіз.

 

Балаим КЕСЕБАЕВА,

Мәжіліс Төрағасының орынбасары