Аймақтар • 01 Қыркүйек, 2022

Маман тапшылығын болдырмау үшін жұмыс істейміз

307 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда су тапшылығы барын екпін түсіре айтты. Әсіресе, сырттан келетін судың азайып бара жатқандығына алаңдаушылық білдірді. Оған себеп, мамандардың жоқтығы деді. Мемлекет басшысы атап өткен мәселе Шығыс Қазақстанға және біздің оқу орнына қатысты болған соң зер сала тыңдадық.

Маман тапшылығын болдырмау үшін жұмыс істейміз

Шығыс Қазақстан облысының аумағы гидрографиялық қатынаста Ертіс бассейні және ішінара Балқаш-Алакөл ойысындағы көлдер бассейні бар.

Негізгісі, Ертіс өзені. Ол Зайсан көлімен бірге ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектілері болып табылады. Ертіс ағынының бір бөлігі Қытайдан жылыстап, Қазақстанды кесіп өтіп, Ресей аумағына түседі. Яғни, трансшекаралық өзен.

Сонымен қатар, Ертіс өзенінің су ресурстарын пайдалану үшін су өзен алқабында Бұқтырма, Өскемен және Шүлбі гидроэлектр стансалары жұмыс істейді. Біздің міндет, осы кәсіпорындарды жұмысшы күшімен қамтамасыз ету.

Біз осы уақытқа дейін су саласына қатысты халықаралық, республикалық бірнеше дөңгелек үстелдер өткізіп, Қазақстанда сумен жабдықтау және су бұру мамандарының біліктілігін арттыру жүйесі тиісті деңгейде емес екендігіне көз жеткізген едік. Бұл пікірді бүгін Президент те растап отыр. Сумен қамту саласы мамандарын дайындау үшін жоспарлы түрде жұмыс істеуіміз керек.

Алдағы уақытта оқу орнымызда су шаруашылығы және су пайдалану саласындағы құзыреттер және технологиялар трансфері орталығының базасында білім беру алаңын құру туралы шешімдер қабылданады. Президент атап өткендей, «Су ресурстары және суды пайдалану» мамандарын дайындауды назарға алып, бакалаврларды және «Сумен жабдықтау және кәріз» мамандығы бойынша магистранттарды дайындау үшін күш салатын боламыз. Әрине, бұған дейін де аталған сала мамандары оқытылып келген еді.

Мәселен, университетіміз «Ағарту» Ғылыми-білім беру Консорциумы мамандарымен бірлесіп, мамандарды оқытып қана қоймаймыз, қайта дайындаудан өткіземіз, елдегі инновациялық дамуға, цифрландыру жүйесіне қарай білімдерін жетілдіреміз, шыңдаймыз.  

Айта кетерлігі, бізде су саласы мамандарын дайындау үшін оқыту базасы толық жеткілікті. Арнайы орталықтың құрамына 5 зертхана кіреді: «Гидравлика», «Су ресурстарын біріктірілген басқару», «сорғылар, желілер және су дайындау», «Гидрохимия», «Жылыту және желдету». Профессорлық-оқытушылық құрам да жүйелі түрде жұмыс істеп келеді.

Алайда, Президент айтқандай, Республикада мамандардың жеткіліксіздігі анық байқалады. Біз өз тарапымыздан білімді кадрларды дайындау үшін жоғары қарқынмен жұмыс істейтін боламыз. 

 

Сәуле Рахметуллина,

Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ Басқарма Төрағасы-ректор