Қоғам • 02 Қыркүйек, 2022

Әлеуетті көтеретін әлеуметтік бастамалар

144 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова вице-министрлер, министрліктің құрылымдық бөлімшелері, еншілес ұйымдары мен аумақтық департа­менттерінің басшылары, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің қатысуымен кеңес өткізді.

Әлеуетті көтеретін әлеуметтік бастамалар

Кеңес барысында Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырма­ларын іске асыру бойынша нақ­ты міндеттер жүк­телді. Министр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың Қазақстан халқы­на Жол­дауында айтылған бастама­лары­ның әлеуметтік маңызды­лығын атап өтті.

«Мемлекет басшысы ең төменгі жалақы деңгейін 60 мыңнан 70 мың теңгеге дейін арттыру туралы шешім қабылдады. Бұл 1,8 млн азаматтың табысына тікелей әсер етеді. Сонымен қатар ол ең төменгі жалақыны анықтаудың жаңа әдістемесін енгізуді тапсырды. Бұл оның мөлшерін кезең-кезеңімен арттыруға мүмкіндік береді. ЕТЖ-нің ұлғаюы қазақ­стан­дық­тардың әл-ауқатын арт­тыруға оң әсер етеді. Өйткені бұл көрсет­кіш Мемлекеттік әлеу­меттік сақтан­дыру қорынан төлене­тін әлеумет­тік төлемдердің мөл­шеріне де әсер етеді. Тиісті құры­лымдық бөлім­ше­лерге динами­калық тәсілдемеге негіз­делген және негізгі экономикалық көрсет­кіштерді ескеретін ЕТЖ айқындау әдістемесін әзірлеуге кірісуді тапсырамын», деді Т.Дүйсенова.

Министр зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыруға, балалы отбасылар мен жұмысынан айырылған азаматтарды әлеуметтік қолдау шараларын жақсартуға байланысты тапсырмалардың, сондай-ақ жастардың кәсіпкерлік бастамаларының маңыздылығын атап өтті. Атап айтқанда, Мем­лекет басшысы ең төменгі базалық зей­нетақы мөлшерін ең төменгі күн­көріс деңгейінің 70%-ына дейін, ал ең жоғары зейнетақы мөл­шерін 120%-ға дейін жеткізуді тапсырды. Бұған дейін қабыл­данған шешімдермен бірге бұл 2025 жылға қарай жиынтық зей­нетақыны орта есеппен 27%-ға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Кең ауқымды әлеуметтік сұранысты ескере отырып, Президент 2028 жылға дейін әйелдердің зейнетке шығу жасын 61 жас деңгейінде белгілеуді тапсырды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі бойынша төлемдер кезеңін бір жарым жасқа дейін ұлғайтуды, ал әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар үшін жұмысынан айырылу бойынша төлемдер мөлшерін орташа айлық табыстың 45%-ына дейін арттыруды тапсырды. Президент сондай-ақ келесі жы­лы түрлі жұмыспен қамту шара­ларымен 100 мыңға жуық жас қамтылатынын айтты. Жастар кәсіп­керлігін қолдау үшін жылдық 2,5%-бен жеңілдетілген шағын несие берудің жеке тетігі іске қосылады.

«Мемлекет басшысының бұл тапсырмалары 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап іске асырылуы тиіс. Сондықтан министрліктің тиісті құрылымдық бөлімшелеріне, мемлекеттік әлеуметтік сақтан­дыру қоры мен Еңбек ресурстарын дамыту орталығына қысқа мерзімде барлық қажетті есептерді жүргізіп, НҚА мен заңнамаға тиісті өзгерістер енгізуді тапсырамын. Жергілікті атқарушы органдардан Президенттің тапсырмаларын іске асыру барысы туралы ақпараттық-түсіндіру жұмысына белсенді қосылуды сұраймын», деп атап өтті Т.Дүйсенова.

Кеңес соңында министр Мем­лекет басшысының тапсырмаларын ескере отырып, Әлеуметтік ко­декс жобасын пысықтауды жә­не жа­қын арада оны ашық НҚА пор­та­лында орналастыруды тапсырды.