Қоғам • 07 Қыркүйек, 2022

Қолдау мен жәрдем

95 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент Мәжілісіндегі Amanat партиясының депутаттары Динара Зәкиева, Аманжол Әлтай және партия хатшысы Ринат Кертаев Қостанай облысында өрттен зардап шеккен тұрғындардың жағдайын біліп, өрт сөндіруге жұмылдырылған қызметкерлермен кездесті.

Қолдау мен жәрдем

Партия мүшелері ауруханада жатқан Аманқарағай ауы­лы­ның тұрғыны Темір Жүсіповтің жағдайын сұрап барды. Өрт кезінде ауылдасын эвакуациялауға көмектесіп жүргенде оның екі қолын күйік шалған. «Бұл – нағыз ерлік. Ол өз ден­сау­лығына қауіп төніп тұрғанына қарамастан, жақынына кө­мек­тесті. Тезірек сауығып кетуін тілейміз», деді Аманжол Әлтай.

Бұдан соң, партиялықтар Лесное және Озерное ауылдарының тұрғындарымен жүздесіп, азық-түлік пен бірінші кезекте қажетті тауарларды тапсырды.

Лесное ауылының тұрғыны Фаруаз Әбдірахманов өрттен зардап шеккен жандардың барлығы отандастарымыздың, мемлекеттің қолдауын сезінетінін атап өтті. «Президент баспанасынан айырылған адамдардың барлығына жаңа үй салынып береді деп сендірді. Ең бастысы – осы. Сондай-ақ жиналған гуманитарлық көмек үшін халыққа айрықша алғыс айтамын», деді ол.

Өрт сөндірушілермен кездесуде осы саладағы қызмет­кер­лер­дің материалдық-техникалық базасын, еңбек жағдайын және әлеуметтік қамтамасыз етілуін жақсарту сынды өзекті мәсе­лелер талқыланды.

«Апаттың алғашқы сағатынан бастап тынымсыз еңбек ет­кен өрт сөндірушілерге, құтқарушыларға, әскерге, поли­ция­ға, дәрігерлерге, еріктілерге барлық азаматтардың атынан алғыс білдіреміз», деп атап өтті партия хатшысы Ринат Кертаев.

Партияның баспасөз қызметінің мәліметінше, аманат­тық­тар зардап шеккендерге 807 тонна гумантиарлық көмек жинады. «Жастар Рухы» жастар қанатының 300 волонтері төтенше жағдай орнында жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ 1200-ден астам ерікті гуманитарлық көмек жинау пункттеріне жұмылдырылды.