Қоғам • 07 Қыркүйек, 2022

Қайырымдылық – ортақ іс

222 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

PTC Holding Қостанай облысындағы алапат өрттен зардап шеккендерге 50 млн теңге қаржылай көмек көрсетті.

Қайырымдылық – ортақ іс

Жақында топ акционерлері жедел көмек көрсету туралы шешім қабылдап, қаржыны өрттен зардап шеккендерге қаражат жинақтау үшін арнайы құрылған «Қайырымдылық KZ» қоғамдық қорының шотына аударды.

«Біз тілсіз жаудың кесірінен бас­панасыз қалған халықтың жаңа үйлеріне тезірек оралғанын қа­лай­мыз. Қайырымдылықтан біздің компания шет қала алмады. Сон­дықтан ақшалай көмек көрсету туралы шешім қабылданды», деген компанияның басқарма төрағасы Тимур Қарабаев бірлескен күш-жігердің арқасында Қостанай облы­сындағы жағдайды қысқа мерзімде қалыпқа келтіруге болатынына сенім білдірді.

* * *

«Қазпошта» АҚ Amanat пар­тиясының астаналық филиа­лынан, яғни, Нұр-Сұлтаннан Қос­та­найға, жергілікті филиалы Қоста­найдан Әулиекөл ауданына гумани­тар­лық көмек жеткізуді қолға алды. Жүкті тасымалдау қызметі «Қаз­пош­­таның» өз қаражатына жүзеге асырылады.

«Қостанай облысы тұрғын­дарының басына түскен ауыртпалық ешкімді де бейжай қалдырмады. Соның ішінде «Қазпошта» да бар. Біз де көп ойланбастан көмекке қосылдық. Аймаққа қанша көмек қажет болса, сонша гуманитарлық жүкті жеткіземіз», деді АҚ басқарма төрағасы Серік Саудабаев.

«Қазпошта» АҚ Қостанай облыстық филиалының директоры Жәнібек Талтековтің айтуынша, ма­гис­тралды жүк көлігі арқылы елордадан Қостанайға жеткізі­летін шамамен 6 тонна жүк эвакуа­ция­ланған ауыл тұрғындарына беріледі.

Сонымен қатар өрттен зардап шеккендерге көмек көрсету бас­тамасына «Қазпошта» АҚ қыз­мет­керлері азық-түлік пен ең қажетті зат­тарды гуманитарлық көмек пунк­тіне жеткізіп, бірыңғай қор шотына ақша аудармақ.