Аймақтар • 12 Қыркүйек, 2022

Торғай төріндегі аламан айтыс

743 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жангелдин ауданында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған ресми іс-шаралар үш күн бойы өтеді деп жоспарланған еді. Үшінші қыркүйекте Торғайда екі қатар етіп тізілген 50 шақты ақ шаңқан киіз үй бой көтеріп, алыс-жақыннан ағылып келіп жатқан жұрттың біразы Ақкөлге, біразы аудан орталығына тоқтап жатқан. Бесін ауа Торғайдағы «Топжарған» ­стадионында «Бабалар аманаты» республикалық айтысы басталды.

Торғай төріндегі аламан айтыс

Қалың көрерменнен қашықтау, стадионның қақ ортасына құрылған кең сахнаға көтерілген белгілі ақын, жүргізуші Жүрсін Ерман айтулы додада есімдері елге мәшһүр жыр жампоздарымен қатар, осы өңірге атағы жайылған Тобыл-Торғай ақындарының да өнер көрсететінін хабарлап, бұл жолғы айтыстың жөні бөлек, маңызы ерек екенін атап өтті.

– Тек қазақ халқының емес, күллі түркі жұртына ортақ ұлы тұлға, ұлт ұстазы, әліпби жасап берген реформатор Ахаңның 150 жылдығына арналған бұл айтыста 14 ақын алдарыңызға шықты. Осыдан 100 жыл бұрын Орынборда Ахмет атамыздың 50 жылдығы аталып өткенде, тағы бір заңғарымыз ұлы Мұхтар Әуезов: «Ахаңнан басқа жалпақ елдің сынына толып, мейірін қандырған кісілері санаулы. Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі ел­шіл­дік ұраны – «Қырық мысал», «Маса», «Қазақ» газетінің 1916 жылдағы қан жы­лаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажы­маған қайратын біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер», деген екен. Иә, бүгін – ұлт ұстазының рухына тағзым етіп, тағылымын дәріптейтін күн. Дәл қазір алдарыңызға шығатын айтулы ақындар осы үдеден шығып, жақсы айтыс жасайды деген сенімдемін, – деді Жүрсін Ерман.

Аламанға Серікбай Оспанов, Әсия Беркенова, Аманжол Әлтай, Серік Қалиев, Абылай Мауданов төрелік етті. Ақындар Ахаңның рухани мұрасын, елге сіңірген өлшеусіз еңбегін жырға қосып қана қоймай, талай алыпты дүниеге келтірген Торғайдың бүгінгі жағдайын да тілге тиек етті. Айтыс сүйер ағайынның делебесін қоздырған жыр додасының әбден қыза түскен шағында Әулиекөл ауданында орман өрті бой бермей жатқанын естіген ақындар елдің амандығын, іргенің бүтіндігін жырға қосты. Төтенше жағдайға байланысты айтысты да ерте аяқтауға тура келді.

Қазылар алқасы айтыстың бас бәйгесіне Айбек Қалиев лайық деген шешім шығарып, жеңімпазға Қостанайдағы «Сарыарқаавтопром» зауытынан шыққан су жаңа темір тұлпардың кілтін табыс етті.

г

Бірінші орынды Ұлытау облысынан келген Төлеген Жаманов жеңіп алды. Екінші орын елордалық Еркебұлан Қайназаров пен қызылордалық Мейірбек Сұлтанханның еншісіне тисе, үшінші орынды Қызылорда облысынан келген Нұрзат Қару мен Павлодар облысының ақыны Жігер Бөкен өз­ара бөлісті. Шараны ұйымдастырушы­­лар бірінші орынға 2 млн, екінші орынға 1 млн, ал үшінші орынға 500 мың теңге қаржылай сыйлық тіккен. Жалпы, айтыс­қа қатысқандардың ешқайсысы жүл­десіз қалған жоқ. Ақындардың әрқай­сысына ­300 мың теңге көлемінде ақшалай сый­лық табысталды.

Осылайша, дүрілдетіп бастаған той-думанды түн жарымда күңіреніп аяқтауға тура келді. Сахнаға көтерілген облыс әкімінің орынбасары Арман Әбенов: «Әулиекөл ауданындағы орман өртінің салдарынан туындаған төтенше жағдайға байланысты Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған барлық іс-шара кейінге шегерілді. Өткізетін уақыты қосымша хабарланады», деді.

Жангелдин аудандық мәслихатының хатшысы Серік Нұрғазин де ел алдына шығып, облыстың бір шетін алапат өрт жайпап жатқанда, мына жақта дүркіретіп той өткізу әбестік болатынын айтып, көпшілікті қысылтаяң шақта ауызбіршілік танытуға шақырды.

г

 

Қостанай облысы