Пікір • 16 Қыркүйек, 2022

Ауылдағылар денсаулығына алаңдайды

289 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қасым-Жомарт Тоқаевтың маңызды тапсырмаларының бірі – ауылдық жерлердегі медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған денсаулық сақтау саласын жаңғырту.

Ауылдағылар денсаулығына алаңдайды

Президенттің айтуынша, 32 аудандық аурухананы көпсалалы медициналық мекемелер дең­гейіне дейін жаңғырту жоспарлануда. «Нәтижесінде жедел және орта технологиялық медициналық көмек алу мүмкіндігі 500-ден 200 шақырымға дейін қысқарады. Үкімет бюджеттік процестің бір бөлігі ретінде биыл қыркүйек айына дейін осы ұлттық жобаларды жүзеге асыру үшін барлық есептеуді жасап, қажетті шараларды қабылдауы керек», деп тапсырды Қ.Тоқаев. Денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі – ауыл тұрғындарына медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімдігін арттыру.

Ауыл тұрғындарының жалпы санының 60 пайызын құрайтын Жамбыл облысында «ауылдық аймақтың денсаулық сақтау саласын дамыту» – жергілікті атқарушы органдардың басты міндеттерінің бірі. Медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайту да маңызды мәселе ретінде қарастырылады.

Биыл 23 нысанның құрылысы басталды, оның 22-сі ауылдық жерлерде (Байзақ ауданының орталық аудандық ауруханасы, дәрігерлік амбулатория, Шу ауданындағы оңалту орталығы), Меркі, Жамбыл аудандарындағы озат тәжірибе орталықтары, сон­дай-ақ Талас ауданында 9 меди­циналық мекеме күрделі жөн­деуден өтті. Жамбыл облысында алдағы 3 жылда ауылдық жерлерде тағы 46 денсаулық сақтау нысанын салу жоспарлануда.

2023 жылы Талас, Мерке, Шу аудандарында ауданаралық ауруханалар ашу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Сонымен қатар Шу және Қордай аудандарында «Үздік тәжірибе» орталықтары ашылады.

Шалғайдағы елді мекендер­дің ауыл тұрғындарын қолже­тімді профилактикалық, диагнос­тикалық және консультативтік көмекпен қамтамасыз ету үшін 11 жылжымалы мобильді пункт жұмыс істейді. Олардың барлығы қажетті медициналық көмектің қолжетімділігі мен өз уақытында қамтамасыз етуге, халықтың қанағаттануына бағытталған. Бұл шараның барлығы түптеп келгенде, халықтың денсаулығының жақсаруына, өмір сүру ұзақтығы­ның артуына әкеледі.

Облысымыздың медицина қауымы Президенттің бағыт-бағ­дарын қолдап, халықтың денсау­­лығын жақсарту бағытын­дағы бастамаларын жалғас­тырады. Ауыл – халқымыздың бесігі. Ал ауыл тұрғындарының денсаулығын сақтау біз үшін кезек күттірмейтін басты міндет болып қала береді.

 

Әсет ҚАЛИЕВ,

Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы