Пікір • 22 Қыркүйек, 2022

Жаңару Президент сайлауынан басталады

1766 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мерзімінен бұрын өтетін Президент сайлауының тарихи ерек­ше­лігі көп. Өйткені, біріншіден, Қазақстанның жаңа тарихында алғаш рет сайлаудың өтетін мерзімі алдын ала жарияланды.

Жаңару Президент сайлауынан басталады

Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы өтетінін Мемлекет басшысы 1 қыркүйектегі Жолдауында мәлімдеген еді.  Кеше  Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үндеуін жариялады. Онда  «Осы бастама жарияланғаннан бері бір айға жуық уақыт өтті. Бұл – барлық мәселені байыппен талқылап, жағдайды бағамдауға жеткілікті мерзім.

Халық біздің саяси жүйені өзгерту туралы жоспарымыздың мән-маңызын жақсы түсініп отыр. Сондықтан мен бүгін бұған дейін айтылған сайлаудың мерзіміне және Конституцияның талаптарына сәйкес кезектен тыс Қазақстан Республикасы Президенті сайла­уын 2022 жылғы 20 қарашада өткізу туралы Жарлыққа қол қой­дым.

Бұл науқан елдің бүкіл саяси жүйесін түбегейлі өзгертетін сайлау кезеңін бастап береді. Сол арқылы экономиканы тұрақты дамытуды, халықтың әл-ауқа­тын арттырып, тұрмыс сапасын жақсартуды көздейтін ұзақ­мерзімді міндеттерді жүзеге асы­руға мүмкіндік туады», деп мә­лімдеді.

Шынында да, жалпы ал­ғанда қоғамдық талқылау өткізуге және алдын ала да­йын­дық жасауға бұл уақыт жет­кі­лікті. Ал бұған дейінгі саяси дәстүр бойынша кезектен тыс сай­лаудың уақытын жариялау мен Жарлыққа қол қою бір күн­де болатын. Сонымен қатар Пре­зидент алдағы Парламент сай­лауының уа­қытын кем дегенде алты ай бұ­рын жариялады. Бұл барлық саяси күштің алдағы Пар­ламент пен мәслихат сайлау­ла­рына да­йын­далуға жеткілікті уақыты бар дегенді білдіреді.

Саяси тұрғыдан сараптап қара­сақ, бұл сайлаудың болатыны анық еді. Дәл 20 қарашаға дөп келуі президенттік сайлау заң­ды­лықтарының уақыт шең­бе­ріне байланысты деп есеп­теймін. Саяси партиялар, басқа да белсенділер сайлауалды бағ­дарламаларын пысықтауына, үміт­кер­лерді өзара іріктеуге бір ай уақыт берілді деп түсінсе болады. Енді нақты үміткерлер ұсынылады. Мемлекетіміздің тұрақты, әлемдік шиеленістерге дайын болу мақ­са­тында осындай қарқынды жүйе керек.

Қарашадағы сайлау әлем құбы­лып, геосаяси қауіпсіздік маңызды мәселелердің біріне ай­налған кезеңде өтеді. Бұл сайлаудың тарихи маңызы – ең көп дауыс жинаған үміткер Президент лауазымында бір мәрте ғана отыра алатынында. Ал жетіжылдық мерзім тұрақтылықтың арқасында реформаны іске асыруға мүмкіндік береді.

 

Әділ САЙЛАУБЕК,

қоғам қайраткері