Экономика • 22 Қыркүйек, 2022

Кәсіпкерлер өнімдерін экспорттай алады

690 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің БАӘ-ге сапары аясында еліміздің Сауда және интегра­­ция министрлігінің «Техникалық реттеу және мет­ро­­логия комитеті ҚазСтандарт» РМК өнімнің Парсы шығанағы елдерінің талаптарына сәйкестігін бағалау саласындағы Gulf TEC Certification кәсіпорнымен келісімге қол қойды.

Кәсіпкерлер өнімдерін экспорттай алады

Бұл келісім БАӘ, Сауд Арабиясы, Қатар, Кувейт, Оман жеткізушілерінің тізіліміне қосу рәсімін айтарлықтай жеделдетуге, саудадағы техникалық кедергілерді алып тастауға және отандық өнім экспортын ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Осылайша, 30-дан астам қазақстандық өндірушілер БАӘ-ге экспортты жүзеге асырады, олардың 9-ы – ресми тізілімге енгізілген тамақ және ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізушілер. Өндірушілер бүгінде елден шықпай-ақ Халал сертификатын ала алады.

Бұдан басқа, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің БАӘ-ге сапары аясында Қазақстан БАӘ халықаралық аккредиттеу орталығынан Халал өнімдерін сертификаттауды жүргізуге «ҚазСтандартты» аккредиттеу туралы ресми құжат алды.