Үкімет • 28 Қыркүйек, 2022

Ауыл шаруашылығы жерге қаратпайды

378 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, соның ішінде агроөнеркәсіп кешенін субсидиялаудың ұзақ мерзімді жаңа тәсілдерін әзірлеу, Жамбыл облысы ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі қанатқақты жобаны кеңінен тарату, кәсіпкерлерге жерді жедел әрі ашық бөлудің тиімді әдістерін тұжырымдау, 2023 жылдың соңына дейін пайдаланылмайтын немесе жер заңнамасын бұза отырып берілген жерлер бойынша шешімдер қабылдау жөнінде Үкімет алдына міндеттер қойған еді. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев осы тапсырмалардың орындалуы жайында әңгімеледі.

Ауыл шаруашылығы жерге қаратпайды

«Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін нақты шаралар әзірленіп, қабылдануда. Мысалы, саланы субсидиялаудың жаңа ұзақ мерзімді тәсілдерін дайындау жұмысын Мемлекет басшысының бұрын берген тапсырмасы аясында жүргізіп жатырмыз. Жаңа қағидаларды әзірлеу аяқталып қалды. Қазіргі уақытта оны арнайы құрылған жұмыс тобы аясында талқылау жүр­гізі­луде. Келесі жылдан бас­тап аталған жұмыстарды бас­тап кету үшін оны осы жылдың соңы­на дейін бекіту көзделген. Негіз­гі түйінді өзгерістер сыбайлас жем­қор­лыққа тәуекелдері жоғары субс­и­диялау бағыттары мен түрлері­не қатысты болады», деді министр.

Е.Қарашөкеевтің айтуынша, қаржы құралдары бойынша субсидиялаудың барлық бағыты қалады. Мәселен, қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау жұмыстарын субсидиялау бо­йынша екі нұсқа қарастырылуда. Біріншісі, жоғары сыбайлас жем­қорлықты ескере отырып, құры­лыс-монтаждау жұмыстарын субсидиялаудан бас тарту және оның орнына жабдықтарды субсидиялау нормативтерін арттыру. Екінші нұсқа, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтып, құрылыс-монтаждау жұмыстарын субсидиялауды қал­дыру. Бұл мәселелердің нақты жауабы жұмыс тобының соңғы отырыстарында анықталады.

«Өсімдік шаруашылығына келетін болсақ, мұнда бағыттар мен нормативтер қалады. Қосар­ланған субсидиялауды болдырмау мақсатында бірегей тұқымдарды субсидиялаудан бас тарту ұсынылады. Мал шаруашылығы бойынша жоғары сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бар субсидиялау түрлерін алып тастау, ал қалған түрлерін жүйе­леу және бірыңғай түрге – селек­циялық-асыл тұқымдық жұмысты субсидиялауға біріктіру және сол арқылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту ұсынылады», деді министр.

Сүт машиналық саууы бар субъек­тілер үшін сүт бойынша 1 кг сүтке 40 теңге деңгейінде бірыңғай норма­тивтерді белгілеу ұсынылады. Соны­мен қатар жаңа тауарлы-сүт фермаларын салу кезінде инвестициялық субсидиялар нормативтерін жергілікті атқарушы органдарға қолданыстағы инвестициялық субсидиялау норма­тивтеріне 25%-ға құқық беру жолымен арттыру, жергілікті бюджет есебінен тағы да 25%-ға дейін қосымша ақы төлеу ұсынылады.

Асыл тұқымды аналық мал басын сатып алу бойынша отандық және импорттық жануарлар үшін сүтті мал бойынша 1 басқа 300 мың теңге деңгейінде, етті мал бойынша 1 басқа 200 мың теңге деңгейін­де бірыңғай норматив белгілеу және сол арқылы асыл тұқымдық репродукторларға бәсекелестік үшін тең жағдай жасау ұсынылып отыр. Қазіргі кезде субсидия жүйесі бойынша импортталған малға ақша көбірек төленіп келді, енді бірыңғай деңгейге келтірілді. 

«Жұмыртқа құс шаруашылығы бойынша норматив барлығы үшін бірдей болады, ет шаруашылығы бойынша – 1 кг үшін бірыңғай нормативтер орнатылады, алайда ет құс шаруашылығын ынталандыру үшін сүт саласында жасалғандай, жергілікті бюджет есебінен 25-тен 50%-ға дейін инвестициялық субсидиялау нормативтері ұсынылады.

Бұдан басқа, қосарланған субсидиялауды болдырмауда сиыр етін өңдеу кәсіпорындарына сиыр етін дайындау құнын субсидиялауды алып тастау ұсынылады (175 теңге).

Бұқашықтар мен қошқар­лар­ды бордақылауға және ет комбинаттарына тапсыру бойынша субсидиялау нормативтері өзгеріссіз қалады. Азықты субсидиялау бойынша төтенше жағ­дай­ларда немесе Қазгидромет рас­таған ауа райының қолайсыз жағдайларында тек пішен мен кебекті субсидиялау ұсынылады», деді ведомство басшысы.

Министрдің мәлімдеуінше, субсидия алушылар үшін мін­деттемелер енгізіледі. Яғни ендігі кезекте субсидиялау ісі­нің нәтижесі болуға тиіс. Атап айт­қанда, өз өндірісінің өнімдерін өткізу көлемін жыл сайын кемінде 3%-ға ұлғайтуды қамтамасыз ету, еңбек өнімділігін жыл сайын арттыру, негізгі капиталға 5 жылда кемінде 1 рет инвестициялардың салынуын қамтамасыз ету мін­деттері енгізіледі.

Жаңа субсидиялау қағида­ларының негізгі тұстары – субсидияларды алушылары мін­деттемелердің орындалуын бақы­лаудың және оларды баға­лау­дың пәрменді құралдарын енгізу тетіктері арқылы бөлінген субсидиялардың тиімділігі мен нәтижелілігін арттыру, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша болдырмау және цифрландыру есебінен субсидиялар алу рәсімін оңайлату.

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

 

«Осы жылдың 1 шілдесінен бастап цифрландыру есебінен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту мақсатында жаңа бірыңғай мемлекеттік ақпараттық субсидиялау жүйесі іске қосылды, бұл фермерлер үшін тегін және барлық мемлекеттік ақпараттық жүйелермен біріктіріледі. Ол қазіргі «Қолдау» жүйесін толығымен алмастырады. Сонымен қатар тауар өндірушілердің ғылыми-техникалық қызмет нәтиже­лерін өндіріске енгізу бойынша шығындарын, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-құрастырым­дық жұмыстарын субсидиялау және кооперативтердің өз мүшелері­не көрсеткен қызметтерінің құ­нын субсидиялау сияқты мем­ле­кеттік қолдаудың жаңа бағыт­т­ары енгізілуде. Олар өндіріс­ті технологиялық қайта жарақтан­дыру процестерін жеделдетуге және ауылдық жерлерде коопе­ративтік қозғалысты ынталандыру мен дамытуға бағытталған», деді ведомство басшысы.

Министр Жамбыл облысы­ның мысалында ауыл халқы­ның табысын арттыру бойын­ша пилоттық жобаны кеңінен тарату шеңберінде бірқатар жұмыс жүргізілгенін айтты. Аталған іс-шара 2025 жылға дейінгі агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі Ұлттық жобада көрініс тапты.

«Ұлттық жоба шеңберінде бөлінген лимиттерге сәйкес 2023 жылдан бастап ауыл халқына микрокредит беруді іске асыру үшін жыл сайын жалпы жиыны 30 млрд теңге сомасында 7,5 мың микрокредит беру көзделген. Осылайша, аталған Ұлттық жоба бойынша ауыл халқының табысын арттыруға негізделген пи­лоттық жобаның ауқымын кеңейтуге 90 млрд теңге бағытталмақ. Дегенмен облыс әкімдіктерінің ақпараттары Ұлттық жобадағы аталған қаржыландырудың бел­гіленген көлемі жеткіліксіз екенін көрсетуде. Осыған байланысты, ми­нистр­­лік әкімдіктер мәлімдеген қажет­ті қаржыны бөлуге бюджеттік өтінім да­­йын­дады. Республикалық бюджет ко­мис­сиясының шешімімен бұл көлем 2023 жылға толық, яғни 30 млрд тең­геден 52,4 млрд теңгеге дейін көтері­­ле­ді, 2024 және 2025 жылдарға ішінара қолдау тапты. Соңғы екі жыл бойын­­ша қажеттілікті ескеру 2023 жылы бюд­­жетті қалыптастыру кезінде анық­та­лады. Сондай-ақ пилоттық жобаны ел көлемінде таратудың 2023-2025 жылд­арға арналған жол картасы бекіті­лді. Биыл шілдеде Еңбек және халық­ты әлеуметтік қорғау министрі­нің бұй­ры­ғы­мен Кәсіпкерлік баста­машы­лық­қа жәрдемдесу жөніндегі шара­лар­ды ұйым­дастыру және қаржы­лан­ды­ру қағи­далары бекітілді», деді Е.Қарашөкеев.

Қанатқақты жобаның ауқымын кеңейтуді іске асыру жұмыссыздарға, жастарға, халық­тың аз қамтылған топтарына және т.б. кредит беруге мүмкіндік береді. Бұл ауыл халқын тұрақты қосымша табыспен қамтамасыз етуге, өзін-өзі жұмыспен қамтыған ауыл халқының кәсіпкерлік бел­сенділігін айтарлықтай ұл­ғайту­ға, атаулы әлеуметтік көмек алу­шылар санын азайтуға алып келеді және олардың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді.

Е.Қарашөкеев келтірген деректер бойынша Ауыл шаруа­шылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің республика бойынша аумақтық бөлімшелері 2,7 млн гектар алаңда жер пайдаланушыларға қатысты 1 077 жоспардан тыс тексеруді тіркеді, соның нәтижесінде 1,9 млн гектар бойынша 732 ұйғарым енгізілсе, 306,2 мың гектар бо­йынша қалыптасқан 107 мате­риал сот органдарының қарауында жатыр.

Тиісті шаралар қабылдан­ғаннан кейін 1,3 млн гектар ауыл шаруашылығы жерлері игеріле бастады. Сонымен қатар қабылданған шешімдердің заңдылығына 140 жоспардан тыс тексеру жүргізілді, нәтижесінде жер заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы 101 нұсқама берілді.

«Жалпы, бүгінгі таңда мемлекетке 3,84 млн гектар пайдаланылмайтын жер қайтарылды, 2023 жылдың соңына дейін 10 млн гектардың пайдаланылмайтын жерлері қайтарылады. Алайда осы көлемді жұмысты орындау үшін қосымша 200 штат бірлігін бөле отырып, жер инс­пекциясын нығайту, сондай-ақ пайдаланылмайтын жерлер­ді анықтау бойынша мониторингті жүзеге асыру функцияларын олар тиісінше орындамаған жағ­дай­да, аудан әкімдерінің және облыс әкімдерінің жер қаты­нас­тарына жетекшілік ететін орынбасарларының жауап­кер­шілігін күшейту ұсынылып отыр», деді бұл жайында министр.